Ақпараттық портал

Ерлігін үлгі етейік!

1920 жылы 15 мамырда Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген Сәрсенбай Бақтымбетұлының әке-шешесін өткен ғасырдың отызыншы жылдары шаш ал десе, бас алатын әпербақан-жандайшаптар байлар қатарына қосып, малдарын тәркілегеннен кейін көпбалалы отбасының балалары жан-жаққа тентіреп кетеді. Тағдырдың тауқыметімен бір топ баламен Новотроицкідегі (қазіргі Төле би ауылы) жетім балалар үйіне тап болды. Сәрсенбайдың бес ағасы интернатта қолдан жасалған ашаршылықтың құрбаны болады. Балалар үйінде тәрбиеленген С.Бақтымбетов 1938 жылы Новотроицкідегі қазақ орта мектебін тәмамдап, аудандық атқару комитетіне жұмысқа орналасады. Көп кешікпей Ұлы Отан соғысы басталып, қатарларынан қалмай қан майданға аттанғысы келген Сәрсенбайға аудандық НКВД-ның бастығы: «Ауданда халыққа қызмет етуге сендей азаматтар да керек, ішкі істер бөліміне жұмысқа аламыз. Облыс орталығындағы сараптамадан өтіп кел»–деп Жамбыл қаласына жібереді.
Алматы қаласындағы екіжылдық милиция мектебін аяқтап, 1942 жылы 6 мамырда Шу аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспектор қызметіне тағайындалады. Аласапыран соғыс кезеңі болғандықтан, Сәкеңе қызмет бабында жүріп-тұруға мініс аты ғана беріледі. Сол кездегі 5 ауылдық кеңеске қарайтын 20 шақты ауыл қазіргі Бәйдібек, Балуан Шолақтан бастап, Оразалы батыр, Ақсу ауылдарына дейінгі елді мекендердің тыныштығын қысы-жазы аттан түспей қадағалаған Сәрсенбай Бақтымбетұлының жанкешті еңбегі кім-кімге болсын үлгі-өнеге!
Сондай–ақ, соғыстан және түрмеден қашқан қылмыскер-бандылар да халықтың үрейін туғызатын. Қырғызстанның Шабырына таяу Диханбереке ауылы маңында Шу өзені өткелінде паром қатынайтын. Сол маңда бірде түн жамылып, кемемен өткен 5-6 қарақшымен атыс орын алып, бандылардың екі-үш адамы оққа ұшқанымен, қалғандары қашып құтылып, соғыстан жаңадан оралған татар жігіті мерт болыпты. 1947 жылға дейін күндіз-түні ат үстінде жүрген Сәрсенбайдың өзін алдап қолға түсірмекші болған алаяқ-қашқындарды ақыл-айламен тұтқындаған ерлігі де есінде.
Үкімет тарапынан Сәрсенбай Бақтымбетовтың қиын-қыстау аласапыран кезеңдегі еңбектері жоғары бағаланып, «Жуков», «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «Соғыс кезіндегі ерен еңбегі үшін», «Жеңістің 30, 40, 50, 60 жылдық мерекелік» медальдарымен ұлықталды. Сәрсенбай ақсақалдың Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі халықтың тыныштығын қорғау жолындағы ерен еңбектері «Шу өңірі» газетінде 2010 жылы 7 сәуірде «Бандыны қуған Сәрсенбай» және «Шуская долина» газетінде «Отважный Сәрсенбай» атты М.Уақтегінің, 2011 жылы 14 мамырда Ахметжан Қосақовтың «Шу өңірі» газетінде «Бәйтерек биікке бітеді», 22 сәуірде «Шу өңірі» газетінде «Ерлігін үлгі етейік» және осы аттас М.Уақтегінің мақаласы «Ақ жол» газетінің 2020 жылғы 20 мамырдағы санында жарық көрген.
Біз Сәрсенбай ақсақалдың еліміздің басына күн туған шақтағы ат үстінен түспей еткен ерен еңбек үлгісін жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беру мақсатында насихаттауымыз қажет. Ол үшін аудан орталығы – Төле би ауылындағы бір көше Сәрсенбай Бақтымбетұлының атымен аталса дейміз. Бұл игі шара, әсіресе, ауданымыздағы ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне де айтарлықтай тәлім-тәрбиелі өнеге болатыны анық.
Жуырда Ерғали Қартайған «Шу өңірі» газетінің 9 тамыздағы санында жарық көрген «Көнерген көше атаулары қашан ауысады?» мақаласында өзекті мәселені қозғап отыр. Аудан орталығының өзінде атауы ескірген бірнеше көше бар. Дәлірек атқанда, Панфилов, Макаренко, Гагарин, 30 лет Победы сынды кеңестік кезеңнен қалған көшелердің атауын өзгерту қажет–ақ деп, ашып айтады. Ашығын айтқанда, біз, Төле би ауылдық ардагерлер кеңесі атынан ауылдық округтің әкімі Азамат Ошановқа өткен жылдан бері аудан орталығындағы бір көшеге Сәрсенбай Бақтымбетұлының есімінің берілуін сұрап келеміз. Өтінішіміз сұраусыз қалмаса екен деп тілейміз.
Мәкен Уақтегі,
бір топ ардагерлер атынан.
Төле би ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.