Жөн сөздің жөні бөлек
Жуырда қу тірліктің қамымен, ұсақ-түйек шаруалардың шешімін табу мақсатында Шу ауданы бойынша кірістер басқармасының ғимаратына бет түзедік. Кіреберістегі «Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы» деген афишасы бар терезелі есіктің ұзына бойынан «Пара берсең, жазаланасың. Таза қол – таза ар» деген сөздер жазылып, ілінген плакатты көріп, ырза болдық.
Дөп айтылған сөзге қарсы айтылар еш уәжіміз жоқ. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла», «Адам болам десеңіз….» деп басталатын философиялық ой түйіні иіріміне үңілсеңіз, «Таза ниетпен істеген іс таза қолмен атқарылса, жан-жағына шарапаты тиеді»-деген тәрбиелік мәні зор хадис сөздерінің мәнін тереңірек ұғынуға болатындай. Соңғы кезде «Пара беріп жазаланғаннан гөрі, арыз беріп тазалаған жөн» деген де заманауи мақал айтылып жүр. Басынан кешкен соң айтты ма, жоқ пара беріп шешкен соң айтты ма, күліп айтса да, бір нәрсені біліп айтқаны шындық. Демек, есікке ілінген ескерту хабарлама заман ыңғайының таразысынан өтіп, өзгелерді игі іске шақырып тұр деп түсіндік. Мекеме қызметкерлерінің кішкентай болса да, байқала бермейтін үлкен істерге мұрындық болып, мемлекет экономикасына қырағы қарап, әр тиынның өз орны барын ескертіп, азаматтарымыздың таза қолмен жүруіне айтқан бір қағидаты деп білдік.
«Жөн сөздің жөні бөлек» демекші, бар өмірінің отыз жылын ішкі істер саласына арнаған ардагер ағамыз есіктегі ескертулерді оқып: «Енді, осылардың жанына пара бергендердің емес, пара алғандардың суреттерін іліп қойса, құба-құп болар еді» деген еді. Бұл сөзде де астарлы ақиқат бар-ау деген ойға қалдық.
Н.Қоңырбаев