Ақпараттық портал

күш – бірлікте

Кошали Гусейнов Шу ауданына кәсіпкер, меценат, қайырымдылық жасаушы және қоғам қайраткері ретінде белгілі. Ол 1992 жылы ауданымызда алғаш болып жеке кәсібін ашқан азаматтардың бірі. Оның көпқырлылығын жан-жақты баяндау үшін өмір жолы жайлы тілге тиек етуге тура келеді.
К.Гусейнов 1960 жыылы 20 маусымда ауданымыздың бұрынғы Ленинскі (қазіргі Қонаев) ауылында көп балалы, қарапайым отбасында дүниеге келген. Гусейновтер отбасының тарихы бұрынғы бір астарлы әңгімені еске түсіреді. Бір қария өз өлімінің алдында ұлдарын өзіне шақырып, олардан сыпырғыштан оның бұтақтарын біртіндеп суырып, бір-бірден сындыруды сұрайды. Ұлдары бұл тапсырманы оңай орындады. Алайда, әкесі сыпырғышты бүтіндей сындыру талабын қойған кезде мұны ешқайсысы орындай алмайды. Сол кезде ұлдары әкесінің ақылдылығын байқап, «Күш бірлікте» екенін ұғынады. Мұндай күш барлығы бірдей адал, еңбексүйгіш және тәрбиелі жандардың қатарынан өскен Гусейновтер әулетіне тән деп айта аламыз. Олар өз араларында кімге болса да қандай да бір көмек қажет болса, басқалары ойланбастан қол ұшын созуға даяр тұрады. Алайда, тек бір-біріне қолдау көрсетуді үйреніп қана қоймай, олар көмек пен қолдауды қажет еткен өзге жандарға да қарайласуды дағдыға айналдырған. Бұл азаматтардың осындай мейірбан болып өсуі ата-аналарынан берілген тәрбиенің жемісі деп түсінген жөн.
Ағайынды Гусейновтердің ата-бабалары Түркия мемлекетінің шекарасынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Грузин КСР-ның Ахалцикскі ауданы, Хаки ауылын мекен еткен. Атасының аты Хасан, әкесі Алляз. Олар сол заманның кәсібі болған мал шаруашылығы және жер иеленумен айналысқан. Алляз екі жасқа толғанда оның әкесі қайтыс болады. Ал, Алляз 1928 жылы дүниеге келген. Қазақстанға депортациялану кезеңінен кейін оның отбасы Тараз қаласына қоныс тебеді. Бұл уақытта Алляз 16 жаста болады. Әкеден жетім қалғандықтан, ол туыстарының қолында тәрбиеленеді.
Бір күні оған туысқандары Шу ауданында оның бір ауылда өскен жерлесі тұратындығын айтады. Мұны естіген Алляз оны іздеп табу жөнінде шешім қабылдайды. Әкесінің айтуынша, олардың фамилиясы Алиев болады. Шу ауданына келген кезде өзінің алыс ағайындары болып келетін Гусейновтерді табады. Туысқандары Аллязды қабылдап, паналатып, Алляз сол кісілердің тегін (фамилиясын) алады. Сол кезеңдердегі жұртшылық өкілдерінің басым бөлігі секілді Аллязда да арнайы білім болмағандықтан, қолдан келген түрлі жұмыстарды атқарады. Осылайша, совхозда қырық жылдан астам уақыт еңбек етеді. 1949 жылы тәрбиелі отбасынан шыққан Симизар Айдынқызы есімді жарымен отау құрады. Жары сыйлы отбасының қызы болады. Олар Садрия, Фахрия, Нияз, Кошали, Наврия, Фатали және Рамазан есімді үш қыз бен төрт ұлды тәрбиелеп, өсіреді.
Кошали екінші сынып оқып жүрген кезінен еңбекке бейімделіп, жұмыс жасап, кез келген істі үлкен жауапкершілікпен атқаруға дағдыланады. Үлкен отбасы өз аулаларына бау-бақша егіп, жылына екі-үш рет өнім алып отырады. Алляздың әкесі өз балаларына еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетіп, сол тұстардағы қиын-қыстау кезеңде тиімді еңбек етудің маңыздылығын ұғындырады. Кошали төртінші сынып оқып жүрген кезінде әкесі оны егістік алқабына алып кетіп жүреді. Осылайша, он жыл бойы еңбекқор жан Қазақстан мен Ресей елі арасында әкесінің көмекшісі болып, үнемі жанында жүреді. Ал, үйде мал шаруашылығына қолқабыс етеді.
Уақыт өте келе, үнемі тынымсыз тірліктен үзіліс болмайтыны байқалады. Ал, сол уақыттарда жоғары білім алу оңай іс емес еді. Алайда, Алляздың әкесі балаларының қандай да бір мамандық иеленгенін қалады. Мектеп бітірген соң Кошали Шу аудандық тұтынушылар одағы жанынан сатушы курсын оқиды. Оқуын аяқтаған соң, өзінің туған ауылы – Ленинскіде газдалған су сатады. Бүгінде ол сол кезеңдерді қызықпен еске алады. Ол осы орында 1982 жылға дейін жұмыс жасайды. Уақыт ағымында балалары да үйлі-жайлы болып, туған ауылдарынан жырақтай бастайды. Үлкен қыздары тұрмыс құрып кеткен соң, барлық жауапкершілік Кошалидің мойнына жүктеледі. Бауырлары мен ата-анасына қолдау көрсету қажет болғандықтан, әскерге де бірден бара қоймады.
Әскери қызметі 1982 жылы басталды. Мәскеу мен Калуга қаласында әскери борышын өтеді. Азаматтық борышын өтеп келген соң, 1984 жылы «Совхозрабкооп» ұйымында еңбек етті. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, кәсіпорын жабылған сәтте Кошали жұмыссыз қалады. Бірнеше уақыт қолдан келген істі кәсіп қылады.
1992 жылы Кошали өзінің достарымен Бішкек қаласына көлік қарауға барады. Сол кезде радиорубтан «Жаңа наубайхана сатылады» деген хабарландыруды құлағы шалып қалады. Осы кезде оған жаңа ой келіп, бір сәтті істің басталайын деп тұрғанын іштей сезініп, айтылған мекенжайға барып, наубайхананы сатып алып, оны туған ауылына әкеліп, іске қосады. Бұл сәт Кошали мен оның бауырларының өмірін түбегейлі өзгерткен, жарқын сәт болып қалады.
-Неліктен наубайхана?-дегенде бірден балалық шағым еске түседі. Бала кезімде нан сатып алу үшін әрдайым ұзын сонар кезекте тұратынмын. Бойым кішкентай болғандықтан, қалың кезектегі адамдармен қақтығыс маған үлкен сынақ болды. Сондықтан, мен нан пісірумен айналысу жөнінде шешім қабылдадым және сол уақыттарда мен Шу ауданындағы нан пісіруді қолға алған алғашқы кәсіпкер болдым. Алғашқыда электр қуатына қатысты біраз қиындықтар туындап, ол жиі қайталанып отырды. Үлкен ағам мектепте мұғалім болатын, ал екі інім Фатали мен Рамазан жұмыстан қысқартылғандықтан, сол уақыттарда жұмыссыз болып жүрді.
Бір күні кеште мен бауырларыма барып, бірігіп жұмыс жасау жөнінде ұсыныс тастадым. Яғни, Шу қаласында электр қуатынан аса қолайсыз жағдайлар жиі туындамайтындықтан, наубайхананы қалаға көшіріп, бірігіп қызмет етуге шақырдым. Олар бірден келісті. Менің ағайынды ағам сол кезде қалалық тұтынушылар қоғамында жұмыс жасайтын. Мен оған жалға қандай да бір ғимарат тауып беруді өтіндім. Биналы өзінің басшылық өкілдерімен келісіп, базар аумағынан қойма орнын тауып берді. Біз оның ішіне наубайхананы орналастырып, кәсібімізді бастап кеттік. Алғашында жұмыс ойдағыдай жүре қоймады. Осы тұста ақша ауысып, үлкен девальвацияға ұшырадық. Барлығымыз қолдағы қаражатты өндіріс ісіне салдық. Иленген қамырдың ойдағыдай шықпайтын сәттері жиі туындағандықтан, кей кезде түн ортасында Бішкек қаласына барып, ондағы мамандарды бізбен жұмыс жасауға келістіріп, оларға екі есе жалақы төлеуге тура келген сәттер болды. Өйткені, нанмен ойнауға болмайды. Олар бес-алты сағат бізбен жұмыс жасайды, мұнан кейін қайтадан Бішкекке жеткізіп саламыз. Бұл жағдай ұзаққа созылып, наубайхананы ашқан сәттен үш ай осындай қиын күндерді өткердік. Шу қаласында наубайхананың жұмысын бастаған кезде мен он жеті күн үйде түнемеген екенмін. Креслода ұйықтап, жуынып, жұмыс қа кірісіп кетіп жүрдім. Шамамен жарты жыл бойы біз тыныш ұйқы мен демалыс көрмедік. Бірнеше өзге де қиын сәттер артта қалды. Осы жылдың мамыр айында бірлескен кәсіпті бастағанымызға отыз екі жыл толды,-дейді Кошали Гусейнов.
1997 жылы іс оңала бастады, қаржылық жағдай да тұрақталып, жұмыс ойдағыдай жүріп отырды. Өйткені, бұл күнге жету үшін де көп еңбек сарқылды. Бауырлар алдағы күнде істі қалай өрбіту қажеттігін де жоспарлап, нәтижесінде елдің Солтүстік өңірінен жақсы диірмен табады. Одан бидай тартып, ауданға сапалы ұн жеткізеді. Осылайша, біртіндеп кәсіп аясы кеңейе түседі. Кейінірек ұн өңдеуді қолға алып, осы ғимаратта шағын макарон цехын ашып, өндіріске қажетті жабдықты Қырғызстаннан жеткізеді. Төрт бауыр бірлесіп, макарон өндіріп, нан пісіреді. Бүгін де «Рамазан» наубайханасы (кіші інісінің есімімен аталған) тәулік бойы жұмыс істеп, аудан тұрғындарын нанмен қамтамасыз етуде.
Уақыт ағымында кәсіп иелерінің санасында жаңа ой пайда болады. 1998 жылы небары сегіз ай ішінде Гусейновтер әулеті наубайханаға жақын маңдағы аумақтан шағын маркет, нан пісіру орнын, қойма, кеңсе, балмұздақ цехын салады. Сондай-ақ, осы маңнан құрылыс заттарын сататын дүкен ашады. Құрылыс заттары дүкенін ашудың да өзіндік сыры бар. Бір кездердегі құрылыс материалдарының тапшылығы да осы іске себепкер болады.
Жалпы, Гусейновтердің ықпалымен іске қосылған әрбір нысанның Кошалидің өткен және қазіргі өмір тәжірибесімен тығыз байланысты екендігін айтуға болады. Мысалы, 1978 жылы әкесі көлік сатып алса, оған қажетті бөлшектер үшін Фрунзе қаласына баруға тура келетін. Осыдан келіп, Кошалидің ойында ТЖО-ын ашу идеясы пайда болады.
2008 жылы Кошали несие алуға бел байлады. Өйткені, ол уақыттар өндіріс аяққа тұрып, табыс та молайып, оны бауырлар теңдей бөлісіп жүрген уақыт болатын.
-Біз еш уақытта ақша үшін кикілжіңге келген емеспіз. Өйткені, бізді ата-анамыз бірлікке, өзара қомқорлық көрсетуге тәрбиеледі. Сол себептен болса керек, біз бірнеше сынақты бірлесіп өткеріп келеміз,-деп мақтанышпен ойын жеткізді Кошали.
Тіпті, қазіргі таңда да олардың кәсіпкерлігі «НКФР» деп аталады. Бұл Нияз, Кошали, Фатали, Рамазан есімді төрт бауырдың есімдерінің алғашқы әріптері.
2004-2005 жылдары кешеннің жалғасы ретінде бауырлар сұлулық салонын, дәріхана, жиһаз дүкенін ашты. Кейіннен республикалық күре жолдың бойынан екі гектар жер алып, кәсібін кеңейте түсті. Бұл тұста Гусейновтер әулеті үнемі қолдау көрсетіп отырғандары үшін жергілікті атқарушы орган өкілдеріне де зор ризашылығын білдіреді. 2005 жылы басталған құрылыс нысанында облыс әкімі Б.Жексембин болып, кәсіпкердің ісіне оң бағасын береді. Кошалидің бизнес жоспарымен таныса келіп, салынып жатқан спорт кешеніне қазақ батыры, жерлесіміз Балуан Шолақтың есімін беру жөнінде ұсынысын білдіреді және ол ұсыныс қабылданады. Бұл аумақта да тез арада ТЖО, көлік жуу орны, май құю стансасы, шаруашылық заттары, құрылыс заттары дүкені, мейрамхана және спорт кешені іске қосылады. Бұл аумақта «Нұрсұлтан» сауда дүкені жарқырап тұр. 2005 жылы қайта жабдықталған негізгі корпустың салтанатты ашылуы өтті. Оған сұлулық салоны, жиһаз дүкені, тұрмыстық заттар мен трикотаж өнімдері дүкені кіреді.
Бірлік пен келісімді сақтау дәстүрін ағайынды Гусейновтер өз балаларына дарытты. Кошали әсіресе дінге берік. Бұл сенімді ол өзінің отбасында, туыстары арасында және өзі жетекшілік етіп отырған түрік этномәдени орталығында да берік сақтайды. Ол үшін рухани байлық, білім, спорт әрдайым маңызды. Спорт кешенінде жаттығып жүрген балалар түрлі жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Түрік этномәдени орталығының ұжымы да аудандағы кез келген мәдени іс шараның ортасынан табылады.
Ағайынды Гусейновтер қайырымдылық ісімен де белсенді шұғылданады. Жыл сайынғы Құрбан айт кезінде, Рамазан айында өңірдегі аз қамтылған отбасыларға азық-түліктен демеушілік жасайды. Кошалидің өзінің қол жеткізген жетістіктеріне қарамастан, алдағы арманы да асқақ. Өйткені, келешекке деген жоспар болса, бұл табыстың бастамасы деп санайды. Кошали айналасындағы барлық жандарға, әсіресе сын сағатта қолдау білдірген мемлекет басшылығына да ризашылығын білдіруде.
2008 жылы Кошали Гусейнов «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне қабылданып, еңбек ұжымында өндіріс ісіндегі қол жеткізген мол табыстары үшін «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2009 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Даму» – кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ ұйымдастырған кәсіпкерлік курсының сертификатын иеленді.
2011 жылдың 11 қарашасы мен 2014 жыл аралығында «ТЭКЦ» ҚБ-нің жетекшісі болып, осы уақыт аралығында көптеген тәрбиелік мәні зор іс шаралар ұйымдастырып, өскелең ұрпақты түрік халқының салт-дәстүріне баулып, халық билерін үйретті, ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптарға қол жеткізді.
Өз өмірін ғана әспеттеп қоймай, жалпы аудан тынысының өркендеуіне үлес қосқан бұл азамат билік өкілдері тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хат, диплом, медаль сынды түрлі деңгейдегі марапатқа ие болып келеді. Солардың қатарынан ел бірлігін нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін 2014 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қолы қойылған «Алтын бірлік» алтын медалімен марапатталғандығын атап айтуға болады. 2012 жылы «Жыл меценаты» деп танылды. Сондай-ақ, осы жылы К.Гусейнов өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеп, оқытуға үлес қосқаны үшін «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі басқармасының дипломын иеленген.
2014 жылы К.Гусейнов ауданымыздың Төле би ауылдық округінде қазақ жерінде түрік халқының мекен етіп келе жатқанына 70 жыл толуына орай, Ататүрік ескерткішін дайындап, орнатуға қаражат аударады. Әр жыл сайын өзінің ағасы Рамазанның жетекшілігімен және Қонаев ауылында тұратын кәсіпкерлердің қолдауымен «Тельман» шағын ауданынан Қонаев ауылына дейінгі автожол ретке келтіріліп отырады.
Бүгінгі таңда оның компаниясында тұрақты жалақы алып, отбасын қамтамасыз етіп отырған 100-ден астам адам еңбек етеді.
Жуырда ғана Кошали Гусейновтің тағы да түрік этномәдени орталығының жетекшісі болып таңдалғандығын айта кеткіміз келеді және бұл азаматтың аталмыш орталық жұмысын одан әрі жарқын және мазмұнды ете түсетініне сенім мол.
Кейіпкеріміз жұбайы Асиямен бірге үш ұл тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы жоғары білімді, бүгінде аяқтарына нық тұрған азаматтар. Олар да әкесінің адал жолын жалғап, үлгілі, саналы азаматтар қатарынан көрінеді деп сенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.