Ақпараттық портал

Ырысы тасыған ауыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» дегені жұрттың жадында. Көптің көкейінде жүрген сөзді дөп басып айтқандықтан, бұл лебізді жұртшылық жылы қабылдаған болатын.
Жаңа жол ауылы – ежелден жақсылар мен жайсаңдардың алтын бесігі болған мекен. Сонымен қатар, түрі басқа тілеуі ортақ бірнеше этнос өкілдерінің құтты шаңырағы. Қазіргі таңда қараорман халықтың ордасы саналатын ауылдарды түлету, тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені ақиқат.

Бүгінде бұл ауылдағы 590 аулада барлығы 2900-ден астам адам тұрады. Жаңа жолды мекен ететін орыс, әзірбайжан, ұйғыр, қырғыз, шешен, түрік, дүнген және басқа ұлт ұрпақтары қазақ халқымен тату-тәтті тірлік кешіп келеді. Сондықтан бұл ауылды «кіші ассамблея» деп атаса әбден болады. Дархан Әліпбаев сынды білікті әкімі бар жаңажолдықтар негізінен кәсіпкерлікпен, ауыл шаруашылығымен күн кешеді. Осындағы 36 жеке кәсіпкер мен 254 шаруа қожалық иелерінің ертелі-кеш еңбектің базарында жүретінін байқаймыз.
Халқымыз үшін жер ырыстың кіндігіне баланады. Себебі тұтынып отырған ас-ауқатымыздың нәрлі болуы тікелей қара жерге байланысты. Ауыл әкімі Дархан Бұхарбайұлының айтуынша, округте жердің жалпы көлемі 24 669,4 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік 7491 га болса, суармалысы 2421 га. Шабындыққа тиесілі 450 га болса, 15270 га жайылым жер бар. Сондай-ақ мал басы да 27048 –ге жеткен.
-Біз былтыр ауылдағы Тәңірберген көшесінің 2,680 шақырымына құм және қиыршық тас қоспасын төседік. Сонымен қатар, ауылдық дәрігерлік амбулатория ғимаратына газбен жабдықтаудың ішкі желілерін төсеу және жылу жүйесін көгілдір отынға қосу жұмыстарын жүргіздік, – дейді Д.Әліпбаев.
Бұған дейін басылым беттерінде мәлім болғандай, Жаңа жол ауылының биылғы жетістігі жетерлік. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Н.Секеұлы көшесінің 1,5 шқ мен Т.Тәжіұлы көшесінің 3,535 шқ және Н.Секеұлы көшесінің бірінші, екінші және үшінші бұрылыстарының 1,070 шқ мен Т.Тәжіұлы бұрылысының 2,680 шқ жол жабындысына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ел үкіметінен бөлінетін қомақты қаржыға Н.Секеұлы көшесіндегі 2,145 шқ жаяу жүргіншілер жолына орташа жөндеу жүргізіліп, заманауи үлгідегі түнгі жарықпен қамтылды.
Ауылдағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің және «Бәйшешек» бөбекжай бақшасының қазандықтарын табиғи газға қосу көзделіп отыр. Одан бөлек, облыстық және аудандық қазынадан бөлінген ауқымды қаражатқа Жаңа жол ауылының кіреберіс жолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда әкім-қаралардың тәтті ұйқысын қаржыны игермеу уайымы бұзатыны белгілі. 800 млн теңгеден аса қаржыға 9 жобасын жүзеге асыруға бел буған Дархан Бұхарбайұлының мұнысын ерлікке, нақтырақ айтқанда іскерлікке баладық. Дархан Әліпбаевтың алдағы 3 жылға жоспарлап қойған жұмыстары да жетерлік. Мысалы, келер жылы ауылда 100 орындық Мәдениет үйінің құрылысын бастау және ветеринариялық пунктке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Ал арғы жылы сәтін салса, ауылдағы білім ошағын күрделі жөндеуден өткізіп, сәнді саябақ салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Жаңа жол ауылынан спорттық-сауықтыру кешені бой көтереді деген болжам бар.
Әлбетте, ауылдық округте бірқатар мәселелер де кездеседі. Оларды шешу тағы да қаржы мәселесіне тірелетіндіктен, тиісті жобалық-сметалық құжаттарды даярлау қажет. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, су жүйелерін жаңалау, электр желілері мен бағаналарды жаңарту, ауылды интернет желісімен толық қамту сынды мәселелер. Бұлардың түйінін тарқатуға ауыл әкімі қазірдің өзінде қызу кірісіп кеткен.
Дархан Бұхарбайұлының айтуынша, 2022 жылы жаңажолдықтар 15 ауыл шаруашылығы техникасына қол жеткізген. Олардың қатарында жаңа комбайндар мен тракторлар, шөп нығыздағыш жабдықтары, құдық қазғыш және тамшылатып, жаңбырлатып суғару жабдықтары бар. Шаруалар жаңа техниканы лизинг арқылы алғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ биыл «Акиф» ШҚ «Шу-несие серіктестігі» ЖШС арқылы лизингке «Беларусь-89.2.2» тракторын алған.
Бүгінде қанатын кеңге жайып, ауылдық ағайынға мол мүмкіндік сыйлаған «Ауыл аманаты» жобасы екені ақиқат. Аталмыш жоба аясында Жаңа жол ауылдық округі тұрғындарының табысы арта түскен.
– Біздің округ бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 147 ауланың қатысуы жоспарлануда. Бүгінге дейін 533 238 380 теңгеге 93 құжат өткізіліп, 167 550 000 теңге көлеміндегі қаражат 36 азаматқа төмендетілген пайызбен несие ретінде берілді. Бірқатар азамат белгілі себептерге байланысты несиеден бас тартса, 10 құжат иесі несие алу үшін қойылатын мүлікті бағалауға өтінім берді. Қазіргі уақытта 8 азамат, 96 бас мүйізді ірі қара, 25 бас жылқы, 128 бас уақ мал сатып алды,-дейді Д.Әліпбаев.
Көзі қарақты оқырман бұл жоба бес бағытты қамтитынын жақсы біледі. Жобаның алғашқы бағыты бойынша жаңажолдықтардың 95 пайызы немесе 440 аула иесі үй іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланбақ. Ал екінші бағыты бойынша 136 аула иесі бақ сынап, 4382 мал басын сатып алмақ. Одан бөлек, үшінші бағыт бойынша берекелі шаруалар қолға алынбақ. Жаңа жол ауылдық округінде «Шу-2021» кооперативі құрылған. Аталмыш ауыл шаруашылық кооперативіне 100,0 млн. теңге болатын 11 дана техника лизинг жүйесімен сатып алу жоспарлануда. Ол үшін бизнес жоспар да әзірленген.
Берекелі жобаның бесінші бағыты бойынша да қажетті қаржыға қол жеткізіп, тиісті құжаттарды тапсырып қойған жаңажолдықтар жетерлік. Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 27,3 млн теңгеге 4 жоба ұсынылып отыр. Солардың бірі өз жұмысын бастап кеткен құм блогын шығаратын цех. Жеке кәсіпкер Жақсылық Болатұлы 2,5 пайызбен 5,1 млн теңге несие алып, бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Құм блогының 2 түрін өндіретін цехте күніне 1000 дана блок дайындалады. Жеке кәсіпкердің айтуынша, бұл кәсіпті бастау үшін керемет мүмкіндік әрі әл-ауқатты арттыратын құтты қадам. Қазірдің өзінде кәсіпкер өз тұтынушыларын тауып, оларды құм блогымен үздіксіз қамтамасыз етуде.
Бұдан бөлек, жергілікті бірқатар тұрғындар гидропоника өсіру үшін 8,6 млн теңгеге, дәл осындай сомада балық шаруашылығын қолға алу үшін несиеге өтінім жолдаған. Одан бөлек, Дархан Бұхарбайұлы құны 5 млн болатын жылыжай жобасының құжаттары жинақталу үстінде екенін мәлімдеді.
Жуырда ғана осы ауылға арнайы сапармен келген Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «МИР» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі шағын наубайхананың тірлігімен танысқан болатын. Шағын наубайхана жетекшісі Мирмахбуб Алиакперов «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 6 пайызбен 5,0 млн теңгеге несие алған. Бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отырған наубайхана күніне 500 нан және 450 таңдыр нан пісіреді екен.
-Біз бұл наубайхананы былтыр аштық. Бұл іске бел буудағы басты себебіміз – жерлестерімізге ыстық нанды жеделдетіп ұсыну. Өйткені, бұған дейін нан алыс ауылдардан тасымалданатын. Ал, жаңа пісірілген нанды тұтыну тұрғындардың тілегі болатын,-дейді М.Юсупұлы.
Қорыта келгенде, Жаңа жол ауылдық округінде жүзеге асқан жұмыстар баршылық. Мұнда ауыл тұрғындарымен мейлінше көп көтерілген мәселелер ескерілген. Ауызбіршілік барда бағынбайтын белес болмайтыны белгілі. Сондықтан бұл ауылдың тотыдай түрленетініне кәміл сенеміз. Бейімбет Майлин айтқан «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген сөз ешқашан өз мағынасын жоймайтынын жадымыздан шығармайық.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.