Қала тұрғындары түрлі кофелерден дәм тата алады
Соңғы жылдары қоғамда кәсіпкерлердің саны артып, түрлі кәсіпкерлік нысандары халыққа қызмет көрсетуде. Әсіресе, қалалық жерлердегі кәсіп иелерінің жұмысы біртіндеп даму үстінде. Өз кәсібін жолға қойған сондай кәсіпкерлердің бірі – Мақсат Айтходжаев.
Бұл азамат ағымдағы жылы бизнес грантын ұтып алып, Шу қаласында «AiMaks Coffee» деп аталатын жаңа кофехана ашты. Кәсіпкер бұл істі бастамас бұрын арнайы қосымша білім алып, кәсіптің қыр-сырын толығырақ зерттеп, бірнеше курстар мен тұрақты тәжірибелерден өткен. Бастапқыда кофеханада 1 ай бойы жөндеу, реттеу жұмыстары жүргізілгендіктен, тұтынушылар тапсырысты өздерімен алып кетіп жүрген. Қала тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие болған кофехана қазір жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Қазіргі таңда кофехана мәзірінде кофенің американо, латте, капуччино сынды бірнеше түрі бар. Сонымен қатар, мұнда кофеден бөлек, салқын сусындардың да сан түрі кездеседі. Бағалары да қолжетімді.
Кофехана өз тұтынушыларына тек кофе түрлерін ғана емес, дәмді торттар, шоколадтар ұсынады. Кәсіпкердің айтуынша, қаламызда баристалар, яғни кофе әзірлеуші мамандар жоқтың қасы. Дегенмен, бұл кофеханада аталмыш мәселе толық шешімін тапқан. Тұтынушылар саны айтарлықтай, сұраныс жоғары.
Жалпы, халық арасында кофе өзінің бірнеше түрімен танымал. Пайдасы да жоқ емес. Кофе денеңізді сергітеді, күйзелістен құтқарады, бауыр, асқазан ауруларының алдын алады. Диабет, альцгеймер мен паркинсон ауруларынан, қанқұрттан қорғайды.
«Осы жоба бойынша өткен жылы да грант ұтып алуға тырысқан едім. Алайда, жолым болмады. Сол себептен, биылғы жылы кәсіпкерлік бағытындағы курстардан дәріс алып, білім-біліктілігімді шыңдадым. Нәтижесінде жолым болып, грант иеленіп, осындай істі қолға алып отырмын»- дейді Мақсат Абдымуталипұлы.
Жоғарыда айтып өткендей, биылғы жылы ауданымызда өз кәсібін жаңадан қолға алған 100 азаматқа грант беру жоспарланып, әрқайсысына 1380000 мың теңге бөлініп отыр. Бүгінгі күнге 50 азаматқа 1380000 мың теңгеден қайтарымсыз грант берілген. Алайда, ескеретін жайт 3 ай көлемінде кәсіпкер өз кәсібін бастамаса, бөлінген қаражат мемлекетке қайтарылатын болады. Қазіргі таңда ірі және шағын кәсіпкерлік иелеріне грантты бөлу жұмыстары аудандық «Мансап орталығы» арқылы жүзеге асырылуда.
Үкімет тарапынан жасалып отырған осындай игі бастамалардың нәтижесінде кәсіпкерлер өз кәсіптерін өрге домалата беретініне сенім мол.
Айгерім Боранбай.