Табиғи парктің жаңа ғимараты ашылды
Жамбыл облысы Меркі ауданында «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы Данияр Тұрғамбаев, ҚР Құрылтай депутаттары және жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Жамбыл облысының мемлекеттік орман қоры 4 млн 416 мың гектар аумақты алып жатыр. Өңірде 10 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Солардың бірі – 2025 жылы құрылған «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі. Оның жалпы аумағы 83 мың 713 гектарды құрайды. Мұнда 59 қызметкер еңбек етеді.
Парктің негізгі міндеті – табиғи кешендер мен экожүйелердің тұтастығын сақтау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау, экологиялық туризмді дамыту. Сондай-ақ табиғи және тарихи-мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына басымдық беріледі.
Салтанатты жиында облыс әкімі Меркі өңірінің табиғи әлеуетіне тоқталып, қоршаған ортаны қорғау келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
– Табиғат – ата-бабадан қалған аманат, келер ұрпаққа табыстайтын асыл мұра. Алатаудың етегіндегі Меркі – табиғаты ерекше, тарихы терең өлке. Асқар таулары, мөлдір бұлақтары, қалың орманы мен шалғынды жайлаулары – Жамбыл жерінің көркі. Осы байлықты көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі буынның басты парызы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Таза табиғат – Таза Қазақстанның негізі. Қоршаған ортаға құрмет – әр азаматтың туған жерге деген сүйіспеншілігінің көрінісі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Қазіргі таңда парк инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың қолдауымен кіреберіс бекеті, көру алаңшалары, стрит-воркаут алаңы, балалар мен демалушыларға арналған орындар жабдықталған.
Табиғи парктің жануарлар дүниесі де ерекше қорғауға алынған. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қар барысы, арқар, үнді жайрасы, қызыл қасқыр, Түркістан сілеусіні және басқа да сирек кездесетін жануарлар мекендейді. Соңғы санақ қорытындысы бойынша, парк аумағында 10 қар барысы, 158 арқар және 26 сілеусін тіркелген.
Жаңа нысанның ашылуында өңір басшысы орман шаруашылығы қызметкерлеріне 15 «КамАЗ» жүк көлігі мен 15 трактордың кілтін табыстады. Сондай-ақ ол табиғат қорғау саласының мамандарына және ғимарат құрылысына үлес қосқан мердігер ұйым өкілдеріне алғыс білдірді.
– Бүгінгі қуаныш – ең алдымен парк қызметкерлерінің жетістігі. Табиғатты қорғау – төзімділік пен адалдықты, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті талап ететін жауапты еңбек. Тау мен орманды, бұлақ пен жайлауды күн-түн демей күзетіп жүрген әрбір маманға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа ғимарат – сіздердің еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Ұжымдарыңызға ынтымақ, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Меркінің көркем табиғаты сіздердің қамқорлықтарыңызбен келер ұрпаққа сол қалпында жететініне сенемін, – деді облыс әкімі.
Шара соңында қатысушылар парк инфрақұрылымымен танысып, бірлескен ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.