Ақпараттық портал

Ынтымағы ұйыған еңбек ұжымы

Кәсіподақ ұжымы жұмысының ең негізгі мақсаты – атқарушы органдармен тығыз қатынаста болып, еңбек берушімен қолайлы келісімшартқа отыру және оның орындалуын қадағалау екені белгілі.
Бүгінгі таңда аудандық орталық аурухананың кәсіподақ ұйымына барлық медицина қызметкерлері кіреді. Біз 825 кәсіподақ мүшесімен бірлесіп, жұмыс жасаймыз.
Бұл салада ең бірінші еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Біздің мекемеде аталған мәселелер өз шешімін тапқан және бас дәрігер тарапынан да ұжымдық шарттағы пунктер толығымен орындалуда.
Облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен жылына бірнеше рет семинар сабақтар өткізіліп тұрады. Онда еңбек кодексі, кәсіподақта болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар талқыланады. Осындай жиындарға кадр бөлімдері қызметкерлерімен бірге қатысып отырамыз. Ұжымдық келісімшарт 2023-2025 жыл аралығына жасалынып, ондағы шарттардың барлығы орындалуда. Оның ішінде осы жылы 16 қызметкер Сарыағаш, Меркі, Көктем , Жаңақорған шипажайларына жіберілсе, аурухана қызметкерлерінің балалары жаздық лагерде сауықтырылды.
Егер бір жолдамаға бірнеше адам үміткер болған жағдайда бірінші оның денсаулығы мен еңбек өтілі ескеріліп, жолдама беріледі. Облыстан жолдама бөлу шартына сәйкес қазір 50 адамға бір жолдама беріледі. 2023 жылы шілде айында Шу АОА-ның 50 қызметкері Ыстықкөлге демалуға кәсіподақ ұйымының қолдауымен жіберілді (суретте).
Біз әр мереке, соның ішінде кәсіби мереке қарсаңында қайырымдылық пен мерекелік шараларды өткізіп тұрамыз. Әрбірінде әріптестермен бірге бас қосып, ынталандыру жұмысын ұйымдастыруды ұмытпаймыз.Одан бөлек, әртүрлі байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болудамыз.
Мәселен, бір мейірбикеміз «Үздік мейірбике» жарысына қатысып, 3-орынға ие болса, екі дәрігер облыстық «Үздік ПМСП дәрігері» және «Үздік ауыл дәрігері» жарысына қатысып, 2 және 3-ші орыннан көрінді. Сондай-ақ облыстық спартакиадаға қатысып, Шу АОА-сы жүзуден 3-ші орын алғанын атап өткен жөн. Өз кезегінде кәсіподақ ұйымы да жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беруді дәстүрге айналдырған.
Айдын Чимкентбаева,
Шу аудандық орталық ауруханасы кәсіподақ ұйымының төрайымы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.