«Әсия-Әлемінің» бүгіні нұрлы, болашағы жарқын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы педагогтердің Тамыз конференциясында «Бүгінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз. Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады» деген болатын. Өзгермелі қоғамда өзгерістерге бейім болуға бағыт бұрған педагогтер қауымы өзінің іс-тәжірибесіне ақпараттық технологияның озық элементтерін қосуға бар ынтасын салуда.
Соның жарқын дәлелі, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес, «Әсия-Әлемі» жекеменшік бөбекжай-бақшасы базасында озат тәжірибені жинақтау және тарату мақсатында «Жаңартылған білім беру аясында «STEM» инновациялық технологиясын оқу үрдісіне енгізу»тақырыбында аудандық семинар-практикум өтті. Тәжірибелік алаң барысында тәрбиешілер ойын арқылы оқытудың тиімді жолдарын, инновациялық әдістерді, балалардың қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыс түрлерін көрсетіп, аталған балабақша педагогтері озат тәжірибесімен бөлісті.
Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина, аудандық білім бөлімінің әдіскері Перизат Сабырхан, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері, балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары, Ләйла Жүнісәлиева жетекшілік ететін балабақша бүлдіршіндері мен ұжымы қатысты.
Аудандық семинарда «Балдырған» ересек тобының тәрбиешісі А.Т.Чимбаева «Марблс әлемі» тақырыбында, мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Э.Д.Жомартова «Сиқырлы Робот» тақырыбында іс-тәжірибесімен бөліссе, ал «Еркемай» кіші тобының тәрбиешісі Н.Сағынбек шебер сабақ көрсетті. Сондай-ақ, балабақшаның педагог-психологі Талант Лаппаева қазіргі таңда елдің қызығушылығын тудырып жүрген нумерология саласы бойынша қызықты мағұлматтар беріп, әр қатысушының туған күні арқылы мінезін, қабілетін, энергиясын, өмірлік таңдауын, жалпы артықшылықтары мен кемшіліктерін талдап берді. Аталған іс-шарада талабына нұр жауған бүлдіршіндер мың бұрала би билеп, әсем әнді де айтып, көрерменнің ықыласына бөленді.
Әр бала қадам басқан сайын дүниені танып, жан-жағындағы жаңашылдықтармен танысып, дами бастайтынын барлығы жақсы біледі. Ал, Ләйла Маханбетқызы жетекшілік ететін балабақша бүгінгі күннің талабына сай, кірсең шыққысыз, баланың дамуына жан-жақты жағдай жасап отқан мекеме. Кез келген ата-ана баласын сыртқы және ішкі келбеті келіскен, тәрбиешілері жанашыр, берілетін асы дәмді, барлық жағдайы жасалған балабақшаға бергісі келетінін ескерсек, атап өткен балабақша сол талаптарға сай, әрі сұранысқа ие. Бұл жекеменшік балабақша Шу қаласында орналасса да аудандағы алыс-жақын ауылдан да келетін бүлдіршіндер бар екен. Тіпті кейбір ата-аналар алдын ала кезекке де тұрып қоятын көрінеді. Өйткені, сұранысқа ие балабақшада орын жоқ.
Баршаға белгілі, балабақшалардың барлығын мемлекет меншігінен салу мүмкін емес. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бірнеше балабақшалар бой көтерді. Солардың барлығы дерлік стандартқа сай келеді деп айту қиын. Осы тұрғыда аудандық мәслихат депутаты Ләйла Жүнісәлиева жетекшілік етіп отырған Әсия-Әлемі бөбекжай-бақшасының бала болашағы үшін жасап жатқан ілкімді істері ілгеріге бастап, көпшілікке үлгі бола алатындай мекеме екенін айтсақ, артық айтқандық емес. Жылдан-жылға жаңарып, жасарып келе жатқан балабақшаға алдағы 2026 жылы 10 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде қаншама бүлдіршіндердің қанатын қатайтып ұшырып, қаншама ата-ананың алғысына бөленіп келе жатқан «Әсия-Әлемі» бөбекжай-бақшасының бағындырар белесі, алар асуы көп болсын!
Айғаным Асқарбек.