Ақпараттық портал

Ұлтымыздың ұлылығын айшықтаған мазмұнды іс-шара

Халқымызда аталы сөзге тоқтаған деген тағылымы мол сөз бар. Шын мәнінде, өмірден түйгені мол, кейінгіге айтар өсиеті бар, елдің алғысына бөленген алдыңғы толқын қарияларымыздың ақыл-кеңесіне жүгіну арқылы бағытымызды айқындап, тура жолға бет бұрамыз. «Жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» демекші, жалын атқан жастық шағын босқа өткізбей, қоғамның өркендеуіне үлес қосқан, бақытын бейнеттен тапқан, өмірге ұл-қыз әкеліп, бағып-қағып, ұясы мен қиясына қондырып, зейнет шаққа жеткенде немере-шөбере сүйіп, бар білгенін ұрпағына айтудан жалықпайтын қазыналы қарттарымыздың ақылы бізге дәрия. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген өнегелі сөзге иек артып, ұрпағын аталық мейіріміне бөлеп, ақылын айтудан аянбай, елдің азаматы болуға тәрбиелейтін де сол аталарымыз.

Соны жақсы ұғынған мемлекетіміз «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын ұсынып, «Даналық жобасын» жүзеге асырып, сол арқылы аталар, әжелер, аналар, әкелер мектептерін жандандыруда. Соның жарқын дәлелі, «Жангүлім» бөбекжай-бақшасында аталармен өткен тағылымы мол іс-шара. Бүгінде құрылтайшы Ермекова Гульмира Диханбекқызы жетекшілік ететін бөбекжай-балабақшасы заманауи жағынан түрленіп, кішкентай бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалып, жапсарлас құрылыс та жүргізіліп, мән-маңызы зор іс-шаралар өткізуден ауданда алдыңғы қатарда.
Балабақша ұжымы, әсіресе ұлттық құндылыққа бағытталған іс-шаралар өткізуде алдына жан салмайды. Себебі, мұнда бойында қазақилық қалып тереңдеп бекіген жандар қызмет етеді. Оған дәлел, тек аудандық көлемде емес, облыстық көлемде іс-тәжірибе таратып жүрген әдіскер Кайшибекова Лейла Владимировна, тәрбиеші Чарыпқан Алтынай Нұрғалықызы секілді жұмысына берілген қызметкерлер. Бұл істің басы-қасында құрылтайшы Гульмира Диханбекқызымен бірге меңгеруші Далабаева Индира Толкынбекқызы да бірге жүріп, елдің баласының саналы тәрбие алуына қоян-қолтық жұмыс жасап жүргенін атап өтпеске болмайды.
Ұлттық құндылыққа бағытталған іс-шараны жоғары деңгейде өтті деп баға бергеннен кейін, сол игі іс-шараның өту барысын баяндап берудің сәті түскендей. Сәні мен салтанаты келіскен балабақшаға аталар аттап кіргеннен-ақ бір мейірімділік ұшқыны жылт етіп, шабыттың ортасы өзгеше түрленіп кеткендей әсер сыйлады. Қазақылықтан ажырамаған аталар қолын кеудесіне тосып, табалдырық сәлемін беріп, босағадан «біссіміллә» деп аттап, «Ассалаумағалейкүм» деп бүлдіршіндермен амандасты. Сондағы бүлдіршіндердің жүзіне үйірілген қуанышты, олардың бойындағы мақтаныш сезімін көрсеңіздер. Үлкен адам иіліп, ишарат жасап жатқанда азамат екенмін деген ой қалыптасатыны анық.
Мұнан кейін киіз үйдің элементтерімен безендірілген төрдегі дастархан басына аталарымыз жағалай малдас құра жайғасты. Дастарханның үстінде ұлттық тағамдарымыз бауырсақтан бастап құрт-ірімшік, тары-талқан, саба толы қымыз қойылған. Одан бөлек, ұлттық нақышта безендірілген бөлменің ішінде ер-тұрман, қамшы, домбыра сынды жәдігерлеріміз де тұр. Қабырғаларына да ұлттық құндылықтарымыз жабыстырылып, жоғары жағында көк туымыз ілінген, түс ажыратудың өзін ұлттық нақышқа негіздеп, асықтарымызды да түрлі-түсті етіп көмкеріп қойған.
Ең алдымен аталарымызға түрлі тапсырмалар берілді. Қонақ кәде сұрау салтымен Қаржаубай атамыз жырдан шашу шашса деп қолқа салды. Ақындық әрі суырыпсалмалық қасиеті бар атамыз өзінің шығарған өлеңін нақышына келтіріп оқып, «Бүгін болған мерекең болсын тағы ертең-ай» деп халық әні «Еркем-айды» әуелете шырқап кетті. Мұнан кейін Асқар атаға «Домбыраның үні-ұлттың рухы» деген тапсырма аясында ұлттық аспабымыз туралы ақпарат беріп, бір ән айтып беруін сұрады. Әншілік таланты бар, асабалық өнерді де мансұқ еткен атамыз ұлттық аспап – домбыра туралы кеңінен мағлұмат беріп, «Айым болып тудың ба, күнім болып тудың ба?» деп басталатын әнін айтып, «Сендей бала ешкімде болмаған деп санаймыз» дегенде немересі атасына қарай тұра ұмтылды. Елдің баласын да бауырына баса білетін қазақы қалыппен Асқар атамыз барлық балаларға бауырсақтан үлестірді.
Бұған қоса, Мейірхан ата «Асығың алшысынан түссін!» деп ұрпағына тілек айтатын халқымызда асықтың алар орнын ерекше түсіндіріп берді. Төрт түлікпен тұрмысы түлеп келе жатқан халқымыздың қойдың асығынан түрлі ойындар ойлап тапқан көрегендігін атап өтті. Сондай-ақ, иіріп түсіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталатынын, одан да өзге асықтың түрлері мен атауларынан аз-кем ақпарат ұсынған Мейірхан атамыздың жанына ұл балалар жүгіріп келіп қызықтап қарап тұрды. Өздері де атасының үйретуі бойынша асық ойынын ойнай кетті.
Сонымен қатар, Ержан ата аттың жалында, түйенің қомында өмір сүрген халқымыздың ат әбзелдерінің ішіндегі ертоқым туралы үзік ой айтып өтті. Көшпелі салтта ғұмыр кешкен текті ұлтымыз жылқыны жайдаққа үйретіп, жайлы болу үшін ертоқымды да ойлап тапқанына тоқталды. Ертоқымның құрамына терлік, киіз тоқым, қайыстан өрілген айыл-тартпа, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік және көрпеше мен қанжыға кіретінін, соның бәрі ағаштан ойылып жасалған қаңқаны толықтырып ертоқым атауына ие болғанын айтты.
Жалпы тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыр салты дәстүрмен өрілген халқымызда әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тұсаукесер рәсімі де жасалды. Бұл киелі дәстүрімізді тың деректерімен толықтырған Шүкірәлі ата әр баланы тұлға деп қарау керектігін, ағы мен қарасы алмасқан шырғалаң өмірде ешкімнің ала жібін аттамай, адал азамат болуы үшін жасалатын бұл рәсімнің маңыздылығын атап өтті. Сол балабақшадағы бір жасқа енді ғана толған бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ батасын беріп, ізгі тілегін айтты. Баланы тәрбиелеумен емес, ең алдымен өзіңді тәрбиелеу қажеттігін ұстаным етуді алға тартты. Бала бойынан табылатын жат қылық, жаман мінез ата-ананың бойынан жұғатынын, сондықтанда өзімізді тәрбиелеу басты қағида екенін жеткізді.
Мырзахан атамыз «Ас – адамның арқауы» деген даналықты ұстанған халқымыздың ұлттық тағамдары туралы көптеген деректерді атап өтті. Жер емген халқымызда ақтың, яғни төрт түліктің сүтінің алар орнын да айрықша айтып берді. Ұзақбай, Аязбай, Шүкірәлі аталарымызға төрт түліктің, соның ішінде түйенің шұбатын, жылқының қымызын, сиырдың айранын ажырата білуге арналған жұмбақ ойынын өткізді. Көреген аталарымыз төрт түліктің сүтінен дайындалатын сусындарды жазбай танып, өз кезегінде киелі сусындарымыздың денсаулыққа пайдасын, алыс-жақын шетелдіктер біздің сусындарымызды өздеріне патенттеп алып жатқанын тілге тиек етіп, өз құндылықтарымыздың құнын білуге шақырды.
Аталған тағылымы мол іс-шарада түсті ажырату мақсатында түрлі түспен боялған асықтарды өз түсімен сәйкестендіруге арналған ойын да өтті. Әр бала алма-кезек шығып, қызыл асықты қызыл бағанға, сары түсті асықты сары бағанға, жасыл түсті асықты жасыл бағанға тауып қойып жатты. Әрі бүгінгі күні білім беру саласындағы жаңашылдық – қаржылық сауаттылықты меңгерту мақсатында да тәжірибе ойыны өткізілді. Кішкентай ғана балақай аталап жүгіріп шығып, «Ата, зейнетақыңыз түсті, жүріңізші банкоматтан шығарып келейік» деп атасын жетектеп қораптан жасалған банкомат құрылғысына барып, картаны қойып, пин кодты басып, ақшаны алды. Ол ақшаны атасына ұсынды, ал, атасы сонда отырған бүлдіршіндердің барлығына таратып берді.
Бұл игі іс-шарада бүлдіршіндеріміз өз өнерлерін көрсетіп бақты. Бірі әке, ата туралы тақпақтарын айтса, бірі ата мен әже туралы әндерін айтып, барлығы ұлттық биіміз – «Қаражорға» биін биледі. Ұлттығымыздың ұлылығын көрсеткен мағыналы іс-шарадан шабыт алған білім бөлімінің әдіскері Перизат Сабырхан аталарға алғысын білдіріп, балабақша ұжымына мәнді, мағыналы іс-шара өткізгеніне, тәрбиеге үлкен үлес қосқанына ықыласын білдірді. Осылайша, ауыз толтыра айтарлық іс-шара мәресіне жетіп, құрылтайшы Гульмира Диханбекқызы қонақжайлылығын танытып, аталарымызға еті мен қымызын ұсынып, мол дастарханынан дәм татқызды. Өз кезегінде аталарымыз баталарын беріп, балабақшаның болашағының жарқын боларына сенімін білдірді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.