«Құрметті азамат» атағы бойынша тиісті шешім қабылданды
Бейсенбі күні «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық мәслихаттың тоғызыншы шақырылған кезектен тыс тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Б.О.Жәнібеков қатысты.
Күн тәртібіне «Т.Ш.Жанабаев, А.Т.Ержанова, Ш.О.Рысалиева, С.К.Қалтаев, Ә.Ә.Балқыбеков, Н.Ж.Матышев, С.Мәлібеков сынды азаматтарға «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын беру» туралы мәселе қойылды.
Сессия жұмысын жүргізген аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов көпшілікті күн тәртібі және жұмыс регламентімен таныстырды. Мұнан кейін күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша хабарлама жасау үшін сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары, «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын беруде аудан әкіміне келіп түскен ұсыныстарды зерделеу жөніндегі комиссия төрағасы С.Ж.Сәрсенбековке берді.
Ол өз хабарламасында құрметті атақтың мәні мен маңызы, оны берудегі мақсат туралы айта келіп, бүгінгі таңда бұл атаққа ұсынылып отырған азаматтардың тізімімен таныстырды. Айта кететін жәйт, «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі есімдері аталған әр азамат бойынша жеке-жеке мәселе болып қаралды.
Хабарламадан соң Ләйлә Мұхамбетқызы, Мақсат Лесханұлы сынды депутаттар ұсыныстарын жеткізіп, өз ойларын ортаға салды.
Мұнан кейін, «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағына ұсынылған адамдарды тізім бойынша және жекелей дауысқа қою жөнінде шешім қабылданып, депутаттар қауымы тізім бойынша да, жекелей де дауыс берді. Дауыс берудің нәтижесіне сәйкес күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті шешім қабылданып, сессия жұмысы аяқталды.
«Шу өңірі» ақпараты.