Ақпараттық портал

Тіл – ұлттық құндылық

Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Ұлттың тілі қалай қалыптасып, қалай дамиды? Ол, әрине, халықты ұлт ретінде танытатын құндылықтар арнасында дамиды. Сондықтан да тіл – елдің дәстүрі мен тіршілігінің құнарында қалыптасып, сол ұлттың құты мен берекесін арттыратын құндылық.
Ғаламат жылдамдықпен дамып отырған жаһандану дәуірінде ұлт тұлғасын тәрбиелейтін басты арна – ұлттың тілі. Тіл арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаның тұғыры нық болатынын тарих талай дәлелдеді. Өйткені, тіл – ананың сүтімен сіңіп, бала кезіңнен құлағыңда жатталатын, өсе келе өміріңе құт әкелер қазына. Ұлтымыздың құндылықтары ел ортасын көріп, түсінетін шағыңнан басталатын отбасы, ауыл, елдің сыйласым құндылықтарынан бастап, өмір мен тіршілік өзегі болатын рухани-танымдық, еңбек құндылықтарымен толысатын дүние. Осының бәріне бастайтын, жетелейтін – ой, сөз құндылықтары.
Қазақ баласын әлди әнімен, ертегі, мақал-мәтелмен тәрбиелейді.
С.Торайғыров айтқандай, «қазаққа тән дүниенің генийлігін» танытатын білімнің бұлағына қанықтырады. Мақалдарының өзегінде «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» танытатын данышпандық тұрса, жұмбақтарында Абай айтқандай: Қиуадан шауып, қисынын тауып, тағыны жетіп қайырған» логикалық ойлау салмағы тұр. Ұлттық құндылықтар – халқымыздың сан ұрпағын ұзақ ғасырлар ұлылық соқпақтан тайдырмай ұстап келген ұлттық таным тағылымы. Тіл – ата-баба қазынасы. Ауыз әдебиеті үлгілері – тұнып тұрған ғылым көзі. Онда баланы әлемді тануға үйрететін әдіс-тәсілдер жиынтығы, бүгінгі күнде біз оқыту технологиясы деп атап жүрген ұғымның басты белгілерінің бәрі де айқын сайрап тұр. Егер ертеде бабаларымыз білім мен тәрбие берудің өзіндік ерекше жүйесін ұстанбаса, онда «сөздің жігін танып, қара қылды қақ жаратын» әділ шешімді, батыл кесімді шешендерді, ел мен елдің ерегіскен ортасына сына боп қағылып, тұтқынға түскен бауырларын жүйелі сөздің жөнімен аман-есен қайтарып әкелетін елші ретінде танылған көсемсөз шеберін, қол бастайтын қырағы көз, ұранды сөзі бар қолбасшыларды қалай тәрбиелеп, сөздің мән маңызын зерделеп, керекті орнында қолдану білімін қалай қалыптастыратын еді?.. Міне, ұлттың құндылықтарына суарылған тамаша әдіс-тәсілдерді жинақтаған дала мектебі емес пе?!
Ұлттық құндылық – өз бойына философия, өнер, кәсіп, спорт, білім ұғымдарын тоғыстыратын тұтас бір әлем. Соның ұлттық болмысы – тілде. Егер тіл өлетін болса, ұлт ретіндегі тағдыр да тоқтайтыны анық. Өмірден аты өшіп кеткен ұлттар тағдыры – осының мысалы.
Олай болса, біз ұлт құндылық-тарының өз ұрпағымыздың тағдырында жалғасуын қаласақ, тіл тәрбиесін назардан тыс қалдырмауымыз керек:
1. Тәрбиенің тәтті бұлағы – ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтан басталған тағылым бұлағынан ұрпақты кенде қылмау;
2. Талбесіктен басталатын табиғатпен тұтастықты жоғалтпау, жер еңбегі мен рухани сенімділікке тәрбиелеу;
3. Ұлттық жантану құндылық-тары болып табылатын ұлтымыздың толғану, мейірлену сезімінен туған сөздерді, бата тілектерді көбірек қолдану;
Тіл арқылы, бояуы қанық әдеби-мәдени, өнер мұралары арқылы қазіргі жаһандық даму (ғылым, білім, мәдениет) ағынына араласқан ұрпақтың ұлттық болмысын сақтап қалу – уақыт талабы. Осы ұлт құндылықтарын насихаттау, тұлға бойына сіңіріп, өміршең ақпарат көзіне айналдыру – тілдің еншісіндегі міндет. Міне, сондықтан да тілді – ұлттық құндылықтың бірі де, бірегейі деп бағалаймыз.
Айжан Байдаулетова,
“Тілдерді оқыту орталығы” Шу аудандық бөлімшесінің
қазақ тілі оқытушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.