Ақпараттық портал

Ұлы тұлғаның есімі ұлықталды

Аудан жұртшылығының өкілдері, көзі қарақты оқырман қауым және әр саналы азамат дәл осы күндерде өңірімізде қазақ тарихының төрінен ойып тұрып орын алатын әйгілі бабамыз – Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына орай, мәдени, әдеби, ғылыми, спорттық шаралардың көптеп өткізіліп жатқандығынан хабардар деп білеміз.

Осындай игі шаралардың бірі – жұма күні өтті. Мұның қоғам өкілдерінің тарихи тұлғаға деген құрметін еселеп, оның өшпес өнегесін жас ұрпақ санасына сіңіруде мәні зор. Осыдан 30 жыл бұрын аудан орталығы Төле би Әлібекұлының есімімен аталып, үлкен той өткен болатын. Сол жылы аудан орталығынан Төле би бабамызға еңселі ескерткіш орнатылып, ел мерейі үстем болған еді. Жұма күні шулықтар дәл осы ескерткіштің маңында бас қосты. Нақты айтар болсақ, өңіріміздегі жергілікті билік өкілдері, яғни аудан басшылығы, аудандық мәслихат депутаттары, өңірдегі түрлі мемлекеттік мекемелер мен білім ордаларының басшылары аудан орталығы – Төле би ауылындағы Төле би бабамыздың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағы бір тағзым етті. Сонымен қатар, салтанатты шарадан кейін, ауданымыздың белсенді жас-тары Төле би бабаның туған жері – Жайсан қыстауынан Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласындағы Төле би Әлібекұлының кесенесіне зиярат етуге аттанды. Бұл ретте ақсақалдар жастарға ақ жол тілеп, бата берді.
Артынша ауданымыздағы Оқушылар сарайының мәжіліс залында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен, «Үш жүздің бас биі – Төле би Әлібекұлы» атты ғылыми конференция өтті.
Оған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Д.Үскімбаева қатысып, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, ауданымыздың Құрметті азаматтары, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, түрлі салада қызмет етіп, бүгінде зейнеткерлікте жүрген аға бауын өкілдері, өңірдегі мектепке дейінгі тәрбие, қосымша білім беру мекемелерінің және орта білім ошақтарының қызметкерлері, жастар қауымы да осы ортадан табылды.
Ғылыми конференцияны ашқан журналист, педагогика ғылымдарының докторы, ақпарат саласының үздігі Дәрмен Смайыл аталмыш шараның халықтың рухани өресін өркендетуде маңызы зор екендігін айта келіп, жиылған қауымды конференция қонақтарымен таныстырып және көпшілікті белсенділік танытуға, Төле би бабамызды өскелең ұрпаққа өз деңгейінде дәріптеу бағытындағы өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салуға шақырды. Сонымен қатар, көпшілік тарапынан айтылған ұсыныстарды екі жыл көлемінде жүзеге асыру көзделіп отырғандығын да назарға салды.
Мұнан кейін алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев көпшілік алдында аудан әкімінің құттықтау сөзін оқып, жылы лебізін жеткізді.
-Есімі алты алашқа аян Төле би бабамыздың 360 жылдығын атап өтудің тәрбиелік мәні мен маңызы ерекше. Оның адамдық болмысы туралы айтылатын ой бір төбе. Ал, нақыл сөздерін әр азамат санасына түйіп, оны келешек ұрпаққа жеткізіп отыру да үлкен парыз.
Бір бойына таудай даналықтың дәнін жинаған Төле би бабамыздың туылғанына 360 жыл толуымен баршаңызды құттықтаймын. Оның ізгі қасиеттері мен мол парасаттылығы жастарымызға жұғысты болсын,-деп атап өтті өз сөзінде Н.Сұлтанбаев.
Келесі кезекте Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Д.Үскімбаева ең әуелі осындай маңызды шараға шақырған аудан басшылығына алғысын білдіріп, туған жерге деген сағыныштың ерекше сезім екендігін жеткізді. Сондай-ақ, осы өңірде дүниеге келген Төле би бабамыздың қашан да халықты жақсылыққа баулығандығын, кейінгі ұрпақ мұны санаға сіңіріп өскендіктен, бүгінгідей жарқын кезеңдерде өмір сүріп жатқандығын айтып өтті. Оған қоса, мектеп мұғалімдерінің оқушыларға Төле би тақырыбы төңірегінде диктант, эссе жазғызуды жиі қолға алуының жас ұрпақтың тәрбиесінде рөлі ерекше екендігін де тілге тиек етті. Сөзінің соңында көпшілікті бірлік пен ынтымаққа шақырып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияның «Қазақ руханиятын қалыптастырудағы Төле би Әлібекұлының рөлі» деп аталған бірінші бөлімінде аудандағы Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Б.Бахит «Қазақстан тарихындағы Төле би Әлібекұлының тарихи тұлғасы хақында», №40 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Д.Мурадов «Вклад Толе би Алибекулы в художественную литературу», М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Е.Дәулетәлі «Төле бидің болмысын орта мектепке насихаттау», М.Х.Дулати атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі А.Бұлантаева «Ұлттық тәрбие берудегі би-шешендердің, оның ішінде Төле бидің асқақ тұлғасы» деп аталған тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасады.
Көпшіліктің көкейіне тағлымды ой салып, Төле би туралы біз білмеген кейбір мағлұматтарға қанық қылған мазмұнды баяндамалармен конференцияның ресми бөлімі анықталып, екінші бөлімде бірқатар азаматтар жарыссөз алаңына шығып, өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын да ортаға салды.
Атап айтқанда, Қазақстан Журналистер одағының және Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі Сәрсебай Қалиұлы Төле би бабамыздың даналық сөздеріне қатысты оны шынайы өмірде қолданған оқиғалар тізбегін айта келіп, 1990 жылдардағы тарихи тұлғаның есімін көше атауларына беруде атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Өзбекстан еліндегі қазақ мектептерінде 26-сәуір күні Төле биді еске алу күні атап өтілетінін, дәл осындай шараны өз ауданымызда да қолға алу қажеттілігі және аудандық «Шу өңірі» газетінің бірінші бетіне бабаның бейнесін қайта қою жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Ал, өңірдегі Балалар-жасөспірімдер орталығының мұғалімі Қ.Қораласбаев конференцияның мақсаты – жастарға өнегелі тәрбие беру болғандықтан, алдағы уақытта Төле бидің адамдық болмысын ғаламтор желісі арқылы жеткізу, түрлі байқаулар өткізу, Төле би туралы кітаптарды жарыққа шығарып, оны мектептерге тарату қажеттілігі жайында сөз қозғады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы А.Қосақов конференция барысында айтылған баяндамалар мен ой пікірлерді жоғары бағалайтынын, бұл шараның да еліміздің егемендігін алуынан кейінгі үлкен қуаныштың жалғасы екендігін айта келіп, Төле би бабамыздың торқалы тойларының біріне шақырылған қазақтың біртуар азаматы, көрнекті қайраткер Д.Қонаевқа осы тойдың шақырту қағазын апарып бергендігі, сол сәтте Димаш атаның Төле би туралы айтқан сөздері мен ақ батасына қатты тебіренгендігі жайындағы осыдан бірнеше жыл бұрынғы өз басынан өткен оқиғаны жеткізді. Сонымен қатар, Төле би бабаның атында талай нысандар болғанымен, оның бейнесі сомдалған еңселі ескерткішінің қазақ топырағында орны бөлектігін, сол себептен Шу халқының шоқтығы биік екендігін жеткізіп, сөзінің соңында тарихи тұлғаға арнайы музей ашылса деген ұсынысын білдірді. Конференцияның тағы бір қатысушысы М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің мұғалімі Аян Байтұрғанұлы да ұлы тұлғаның өміріне қатысты мағлұматтармен бөлісті.
Көпшілік қауымды үш жүздің төбе биі – Төле би туралы тың ақпараттарға қанық қылған, сан түрлі пікірлер айтылған конференция соңында Дәрмен Смайыл мұндай ұлы тұлғалардың өмірін насихаттау орта мектептерде кеңінен қолға алыну қажеттігін айтып, конференция барысында айтылған ұсыныстар да назарға алынатындығын мәлімдеді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.