Түгел сөздің биігі Төле биге арналды
“Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген дана бабаларымыздың осы бір өсиетін күйбең өмірде жиі қолдансақ та, мәнін жете түсіне бермейміз-ау?! Алыстаған сайын абыройы асқақтай түсетін таутұлғалы арыстарымызды ауызға алғанда солардың еңбегінің жемісі саналатын елеулі шығармаларын ел кәдесіне жарата білудің түрлі тетіктерін қарастыра кетеміз және тағы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытсақ, аузы дуалы данагөйлеріміздің өнегелі өмір жолын дәріптесек, ар алдындағы парызымыздың орындалғаны деп білемін.
Арыны қатты асау өмірден талай-талай шоқтығы биік азаматтар лек-легімен өткен. Өлсе дағы артында өлмейтұғын сөз қалдырған өр рухты қайраткерлеріміз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ертеде бір данышпан “Ақыл-ой еңбегінің ең маңыздысы және пайдалысы – өткен оқиғаларды жазу” деген екен. Оқиға арқылы орны бөлек тұлғаларымыздың қадір-қасиетін арттырсақ, артықшылығымыз сол болмақ.
Жыл басталғалы тарау-тарау тарихымыздың төрінен орын алған төбе биіміз – Төле бидің туғанына 360 жыл толды деп тек қазақ халқы ғана емес, күллі түркі жұрты түрлі деңгейдегі шараларды өткізуде. Олардың қатарынан Шу өңірі де қалыс қалар емес. Сөйлер сөзге келгенде арыны қатты асау толқындай тулаған, қара қылды қақ жарған, төрелігімен талайларды тәнті еткен Төле бабаның торқалы тойына орай, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Шу қалалық жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен, “Жыр арнадым еліме” атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Оған Сарысу, Меркі, Қордай, Шу аудандарынан және Тараз қаласынан келген 14 пен 35 жас аралығындағы ақындар қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен ақындар Төле би Әлібекұлына арнауын төгілтіп, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды.
Ақындар мүшәйрасында кіл жүйріктен кім жүйрікті сараптар сәтте әділқазы алқасы ақындардың қиыннан қиыстыра білуіне, өлеңін бөтен сөзбен былғамауына, ұйқаспен өрілуіне, көркем сөздерді қолдануына, тарихтан тамыр тартуына жіті мән беріп, бағалады. Байқау нәтижесі бойынша жүлделі ІІІ орынды Меркі ауданынан келген Мадияр Ақпенов, ІІ орынды қордайлық ақын Әділет Құттыбай, І орынды шулық ақын қыз Күнсұлу Тәжен алды. Ал, бас жүлдені Сарысу ауданынан келген Назерке Айнабекова иеленді. Ақындарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, естелікке суретке түсті.
Айғаным Асқарбек.