Ақпараттық портал

Шын мықтыны анықтайтын аламан

Соңғы жылдары жастардың жасыл алаңда доп теуіп жарысуы жақсы үрдіске айналып келеді. Оның қысы-жазы өтуі бізді қуантады. Себебі салауатты өмір салты іс жүзінде салтанат құрып, жастардың бос уақыты мағыналы өтуде. Осы орайда ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығына алғыс айтудың жөні бар.
Өйткені, аталмыш мекеме футзалдан ашық лига ұйымдастыруды қолға алып отыр. Осыдан бірер апта бұрын ашылу салтанаты өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қатысқан болатын. Ол жастарға сәттілік тілеп, спорттың адам денсаулығына пайдасы туралы атап өтті.
Қазірдің өзінде лиганың алғашқы туры өтіп, мықтылар көш бастап жатыр. Ұйымдастыру алқасының айтуынша, ашық лигаға 12 команда қатысуда. Екінші турдың нәтижесінде “Мұғалімдер” командасы кесте басына жайғасқан. Сондай-ақ үздіктер қатарында “ЭЧ” , “Бірлік” және “Төле би” командалары бар. Аталған додаға Арсен Валиев бас төреші ретінде лайық деп танылды.
Әр аптаның соңында Белбасар мен Төле би ауылында кезектесіп өтетін жарыстың алда 11 туры бар. Сонымен қатар 2 айналым өткізіледі. Әзірше, лиганың аяқ алысы жаман емес. Мұғалімдер құрамасы 19 допты қарсылас қақпасына дарытып, 3 гол өткізіп алған. Бесінші орынға жайғасқан Белбасар командасы да 11 допты дәл тепкен.
Біз басылым атынан аталмыш лигаға сәттілік тілеп, алдағы өтетін додаларды топтастырып, бұқараға жария етуге барынша тырысатын боламыз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.