«Шу аруы» анықталды
Шолпысының сыңғырынан қыз баласының бар болмысын таныған халқымыз аруларымызды сұлулықтың, нәзіктіктің символына балаған. Тіпті, қос бұрымы иығына төгілген, кер маралдай керілген, тал шыбықтай бұралған, жаңа туған айдай қасы қиылған, мөлдір тұнық көздері, шиедей ерні, күлім көз, оймақ аузы бар деп теңегенінен-ақ құдіретті Алланың бар сұлулықты қыз балаға үйіп-төгіп бергенін байқайсың.
Біздің әдебиетімізде ғана емес, шетел әдебиетінде де қызды музасына балап, барынша көркем түрде суреттеген. Қыздың сынын суреттеуде тілдің де шеберлігі жетпей қалатындай. “Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек” деп басталатын “Қыз сыны” атты өлеңде де қазақ аруының образы әсем түрде бейнеленген. Ән көмейімізге оралған сайын қазақы ару қыздың сұлулығы арқылы халқымыздың төл дәстүрі де жаңғырып, жаңаратындай. Сондықтан да ұлттың сақталуының ең негізгі тетігі саналатын ұлттың айбыны, ұлттың ары болған қыздарымыздың болмысын сақтап, образын заман ағымына қарай икемдеп отыру үшін “Қазақ аруы” байқауын өткізіп отырудың да үлкен мәні бар.
Қалыптасқан қағиданың үзігін жалғаған Ғани Қойбағаров басшылық ететін аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы КММ-нің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде “Шу аруы” байқауы өтті. Оған ауданымызда орын тепкен ауылдық округтерден үкілі үмітін жетелеп келген 8 ару қатысып, бақ сынады. Балғын бойжеткендеріміздің бабын сынаған байқауда үш кезең бойынша аруларымыз бар өнерлерін ортаға салды. Қыр гүліндей құлпырған қыздарымыз әуелете ән салып, мың бұрала билеп қана қоймай актерлік қырларымен де көрерменді тәнті етті. Сұлу да сымбатты сырғалыларымыз салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға да жауап беріп, көркіне ақылы сай екендіктерін де аңғартты. Атап өтерлігі, “Kahoot” веб сервисі бойынша үкілі арулардың білімін тексеріп, байқаудың бағасын арттырған “Жастар ресурстық орталығының” бұл жаңалығын әділқазы мүшелері жоғары бағалап, алдағы уақытта өткізілетін сайыстарда да осындай ерекшелікті алға тарту қажеттігін айтты. Білімділікпен қатар ептілікті, жылдамдықты талап ететін бұл бағдарламада үш аруымыз алға шығып, байқау нәтижесінде үш орынға талассыз-ақ балы арқылы лайық деп танылды.
Нәзікжандыларымыздың әлемімен нәрлендірген байқаудың нәтижесі бойынша бас жүлдені Төле би ауылдық округінің аруы Назерке Бодаубек иеленіп, “Шу аруы-2023” атанса, І орынды Бірлік ауылдық округінің аруы Дильназ Оха иеленді. Ал, ІІ орынды төлебилік ару Гаухар Мырзақұл мен ІІІ орынды Шоқпар ауылдық округінің аруы Қорлан Серік еншіледі. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бабамыз “Ел боламын десең бесігіңді түзе, бесігіңді түзеймін десең әйелдің халін түзе” деген болатын, қыз бұзылса, бүтіндей бір ұлт бұзылады деген тағы бар. Сондықтан да ел бесігін тербетер қаракөздеріміздің бойына ұлттық құндылықтарды дарытар байқауларды жиі өткізсек, нұр үстіне нұр болмақ.
Айғаным Асқарбек.