Ақпараттық портал

Оңалту орталығы ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан-ды. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек.
Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген болатын. Сөйтіп қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне биліктің назар аударуын тапсырған еді.
Қоғамдағы түрлі факторлардың әсерлерінен туа бітті ақаумен, ел естімеген диагноздармен балалар өмірге келуде. Ал, солардың кейбіріне ыңғайлы орта, жан-жақты жағдай жасалса, айығып кетулеріне мүмкіндік көп. Қашанда ұлттың саулығын ойлаған мемлекетіміз мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше балалардың қоғамға сіңісіп кетуі үшін барынша қолдау көрсетуде. Соның жарқын дәлелі, ауданымызда ашылып отырған оңалту орталығы. Аудандық орталық аурухананың жанынан ашылған “Қамқорлық” оңалту орталығы қамкөңіл жандардың қуанышын еселеп, көңілдеріндегі кірбіңді сәл де болса сейілткендей.
Аталған орталықтың ашылуына, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева, «Қамқорлық» қайырымдылық қорының директоры Арайлым Еркінова арнайы келіп, шулықтарды ауадай қажет жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. «Қамқорлық» бастамасының аясында ашылып, «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен озық үлгідегі емдік құралдармен жабдықталған оңалту орталығының лентасы қиылғаннан кейін, келген қонақтар ғимараттың ішіне енді.
Жаңа мекеме 48 орынға арналған, яғни 30 күндізгі және 18 тәуліктік орын. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Жаттығу залы, галла камера яғни тұзбен емдеу аппараттары, сенсорлық бөлме, шунгит бөлмесі, логопед, дефектолог, психолог бөлмелері қарастырылған. Балаларының денсаулығына алаңдап, болашаққа үлкен үміт арқалаған ата-аналар ерекше қамқорлықты талап ететін балаларын енді үлкен қалаларға сабылмай-ақ, өзіміздің ауданнан емдетуге қол жеткізіп отыр. Бұл, әрине қуантарлық жай. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар­ды белсенді өмірге бейімдеп, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі сезінуге мүмкіндік беруге бағытталған оңалту орталығының жұмысы жемісті болсын.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.