Ақпараттық портал

Шалғай елді мекен тұрғындарына тегін көмек көрсетілді

Жалпы республика аумағында қолға алынған «Саламатты Қазақстан» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында ағымдағы жылғы 26-сәуір мен 6-желтоқсан аралығында еліміздің үздік дәрігерлері, медиаторлары, психологтары және заңгерлерінің қатысуымен «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шығып, өз жұмысын бастаған болатын. Бұл жағымды жаңалықтан аудан жұртшылығы да бұқаралық ақпарат құралдары, түрлі әлеуметтік желілер арқылы хабардар болды деген сенімдеміз. Аталмыш пойыз өткен сенбіде ауданымыздың Шоқпар ауылдық округіне қарасты темір жол стансасына келіп, жергілікті тұрғындарға медициналық және құқықтық көмек көрсетті.

Жоба шеңберінде тұрғындар (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, әйелдер дәрігері) медицина саласының бірқатар мамандарынан тегін кеңес алып, ем қабылдауға мүмкіндік алды. Айта кететін жәйт, «Саламатты Қазақстан» пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УЗИ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Зертханада талдау нәтижесі бірден шығарылады. Жобаның басты мақсаты – емхана, аурухана, медициналық кабинеттер және жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік жоқ шалғайдағы станциялардың тұрғындарына жан-жақты көмек көрсету.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жобаға биыл алғаш рет кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылған. Олар тараптар арасындағы дау-жанжалдар, жер, тұрғын үй, салық, еңбек қатынастары, банк ісі, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алуға құқықтары, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселелері бойынша тегін кеңес беріп, әлеуметтік төлемдер бойынша заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер туралы ақпаратты да көпшілік назарына ұсынуды басты бағдар еткен.
Жоба аясында әлеуметтік жағынан мұқтаж топтарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл санатқа жалғызбасты аналар, көп балалы аналар, мүгедек және ауыр дертке шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, жұмыссыз жастар, мүгедек әйелдер, зейнеткерлер, студенттер жатады.
Барлығы сегіз вагоннан тұратын қызмет көрсету пойызы жоғарыда көрсетілген мерзім аралығында еліміздің 17 облысындағы (Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан басқа) шалғай станцияларға тоқтап, сол елді мекенде екі күн бойы жергілікті халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қабылдау уақыты сағат 09.00-ден басталып, түскі бір сағаттық үзілістен соң, кешкі 18.00-ге дейін жалғасады.
Дәл осындай режимде жұмыс жасаған «Саламатты Қазақстан» пойызының қызметін алушылар Шоқпар ауылдық округінде де аз болмады. Күні бұрын әлеуметтік желілерде таратылған хабарландыру арқылы хабардар болған жергілікті халық біртіндеп көбейе бастады. Олардың арасында әсіресе зейнеткерлердің қарасы басым.
Аталмыш шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Н.К.Сұлтанбаев өз сөзінде жиылған қауымға осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз денсаулықтарына қырағы қарауға шақырды және «Саламатты Қазақстан» пойызының қызметіне сәттілік тілеп, осындай маңызды шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Мұнан кейін, сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Нұрсұлтан Асайұлы:
– Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылып отырған бұл жоба аясында биылдан бастап заңгерлік көмек көрсету жолға қойылды. Қажет болса, тұрғындар көтерген мәселелерді тек аудан, облыс деңгейінде ғана емес, республикалық деңгейде де қарап, шешімін табуға жәрдемдесетін боламыз. Келіп, сұрақтарыңызды қойып, өздеріңізге қажетті көмекті алыңыздар. Сіздер үшін қызмет көрсетуге дайынбыз,-деді.
Ал, пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева жиылған қауымды көмек алуға шақыра отырып, мұндағы мамандармен таныстырды және пойыздағы медициналық жабдықтар жайлы да хабардар етіп, қабылдау тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ, бұл жерге келе алмайтын, үйде ауырып жатқан адамдар болса, оларға қажетті мамандар мекенжай бойынша барып, медициналық көмек көрсететінін де назарға салды.
Мұнан соң, тұрғындарды қабылдау басталып, олар әуелі арнайы орыннан жеке құжаттарымен біртіндеп тіркеуден өтіп, өздері қажетсінген маманға жолдама қағаз алып, кезекке тұрып жатты. Олардың арасында әсіресе, медициналық мамандарға кезекке тұрғандардың қарасы қалың болды. Солардың бірі – жергілікті тұрғын А.Тұрсынбаева: «Мен іш құрылысымды тексертіп, кеңес алу үшін терапевт дәрігердің қабылдауына келдім. Өзім мектепте кіші қызметкермін. Өз денсаулығыңа көңіл бөліп, тексеріліп тұрған артық етпейді. Осындай шараны ұйымдастырушыларға рахмет және жиі өткізіліп тұрса деген тілегім бар,-дейді.
Ал, құқықтық кеңес бойынша жүгінген А.Нартбаев елді мекенде дәріхананың жоқтығынан басы ауырып, балтыры сыздағандарға бір дәрі үшін Шу қаласына баруға тура келетіндігін, ал оны округте жеке кәсіпкерлік ретінде ашқан күнде де фармацевт маманның жоқтығы қолбайлау болып тұрғандығын, бұл бағытта қандай көмек көрсете алатындығын және жеке кәсіпкерлік ашу жолдарын сұрады. Бұл сұрақ аясында құқықтық қызмет көрсету маманы жан-жақты жолдарын түсіндіріп, жеке кәсіпкерлік ашамын деген азаматқа құжат рәсімдеу бойынша қолдау көрсететіндігін жеткізді.
Жалпы, бұл күні «Саламатты Қазақстан» пойызының қызметкерлері қабылдауға келген барша азаматтарға сапалы қызмет ұсынып, жергілікті тұрғындар да өз ризашылықтарын білдіріп жатты.

Динара Батырхаирова.
Суреттер автордікі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.