Әкім кубогы сарапқа салынды
Салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың маңызы зор. Сондықтан тәнді шынықтырып, спортпен шұғылдану өміршең қағида болып қала бермек. Ол үшін бұқара арасында спорттық шараларды жиі ұйымдастырып, жолдастық кездесулер өткізген абзал.
Өткен аптаның соңында Шу өңірінде аудан әкімінің кубогы сарапқа салынып, ала допты ұршықша иірген шеберлер шын мықтыны анықтауға жиналған болатын. Ең алдымен спортшыларға сәттілік тілеп, ізгі ниет танытқан аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев шара шымылдығын ашты. Одан кейін зиялы қауым өкілдері де сөз алды.
Басты жүлдені еншілеу үшін бұл ойынға барлығы 19 команда қатысқаны белгілі болды. Олар алаңда өз шеберліктерін паш етіп, азулы қарсыластарын жарыс жолынан ығыстырып жатты. Бірі допты байланыстырса, бірі алаңды қорғап, адуындысы шабуылға шыққанын көрдік.
Тартысқа толы ойын нәтижесінде М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің командасы үздік шығып, бас бәйгені қанжығаларына байлады. Сол секілді Шу қаласының А.Байтұрсынұлы атындағы білім ошағы волейбол турнирінің күміс жүлдегері атанды. Байырдан беделге ие бірлікүстемдіктер бұл жолы қоланы қанағат тұтты.
Сақа спортшы Амантай Омаров төрешілік еткен турнирде Айдын Нілдібаев үздік қорғаушы екенін дәлелдесе, Елжан Бөкенов доданың үздік шабуылшысы болды. Сондай-ақ, Алмас Мықтыбек өз шеберлігін көрсетіп, үздік байланыстырушы атанды.
Әдеттегідей, жеңімпаздарға тиісті жүлделер беріліп, жарыс соңы марапаттау рәсімімен түйінделді.
Байжан Емберді.