«Әр бала – жарық жұлдыз: оны қалай ашамыз?»
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезімізде қолға алар ісіміздің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Қазіргі заманда ең басты мәселе – бала тәрбиесі. Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа ұрпақты – жаңа адамды тәрбиелеуді талап етеді. Қоғам талабы – заман талабы.
Мектеп қабырғасында жақсы тәрбиеленген, саналы білім алған шәкірт өмірде өз орнын табады. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен-ақ ұлттық тәлім-тәрбиеге, адамгершілік әдетке, рухани, мәдениетке баулу керек. Сонда жас ұрпақ елі үшін елең қағар азамат болып қалыптасады. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету өз нәтижесін беретіні анық.
Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Ол ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсатын көздейді.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Жайсан орта мектебінде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының кезекті сабағы өткізілді. Сабақты бастауыш сынып мұғалімдері Л.К.Кулбазарова мен осы жолдар авторы жүргізді. Сабақ тақырыбы «Әр бала – жарық жұлдыз: оны қалай ашамыз?» деп аталды. Сабаққа мектеп басшысы Е.Н.Абуев, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.С.Умбетова мен 4-сынып оқушыларының ата-аналары қатысты.
Мақсат – ата-аналардың темпераментін, мәдени дәстүрлерді және мұғалімдермен өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін ескере отырып, өз баласының ерекше қырларын ашуға дайындығын қалыптастыру.
Аталған тақырып аясында ата-аналарға сұрақтар қойылып, жеке және топтық жұмыстар атқарылды.Бала бойындағы ерекше қабілетке тоқталып, оны дамыту жолындағы игі істер жайында сөз етілді. Ата-аналардың сабаққа деген қызығушылығы мен белсенділігі атқарылған жұмыс барысында айқын көрініп тұрды. Сабақ соңында ата-аналар ұстаздарға деген ыстық ықыластары мен алғыстарын жеткізді.
Осындай игі іс-шаралар ата-ананың мектеппен байланысының артуына өз септігін тигізуде. Мұндай бастамалар арқылы ата-аналар өздерінің өнегелі өмірімен, үлгілі іс-әрекетімен тек өз балаларына тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, мектеп өміріне де белсене араласып, ынтымақты қарым-қатынаста болады.
Мектеп пен ата-аналар ынтымақтаса жұмыс жүргізсе, балаларға тиісті көңіл бөле білсе, олармен санаса білсе, келешектің шын жанашыры, елдің арқа сүйер азаматтары тәрбиеленіп шығары сөзсіз.
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Жайсан ауылы.