Ақпараттық портал

Қазақ қызын қолдайық, қайырымды істе!

“Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше” демекші, кей сәттерде кезіккен бөгде адаммен таныстығың әсерлі әңгімеге ұласып, бір ауыз сөзінен нәр алып, жүйелі ойға тамызық табатын кездер аз емес. Көп қараның ішінен көңілің түскен жанның дарақылық пен даңғазалықтың дүрмегі алдыға озған заманда көпшілікке мәлім бола бермейтін сауапты істерін жарияға жар салмағаннан тасада қалып қоятынына алаң болдым.

Бар ойдың бастауын бар қазаққа бас болған Абайдан табамын. Бұл жолы да бір оқиға есіме түсіп тұрғаны. Кезінде Абай әкесі Құнанбай қажының асын өткізбей, оған жұмсалатын барлық шығынды есебінен жаңылмай игі іске жұмсағаны тарихта айтылады. Ол қаражаттың бір бөлігін білім қуған шәкірттерге керегінше үлестіріп, қалғанын жарлы-жақыбайлар мен жетім-жесірлерге бөліп берген екен. Міне, нағыз көрегендік дегеніңіз осы емес пе?! Адамға атақ, ақша дегенің ақыл-оймен бірге келсе ашкөздікке салынбай, елмен бірге егіле, жұртпен бірге жұмыла жақсылық жасаудан жарысар еді. Сонау замандардан жоқ-міскіні, жарлы-жақыбайы, жетім-жесірі кездесетін қоғамда сауапты іске самалдай есіліп, тұлпардай көсілетін атымтай жомарттарымен бірге шық бермес Шығайбайы, сараңдары да кездесіп келеді. “Қолда мал жоқ болғанмен, көңілім бай. Байлығым, жомарттығым Атымтайдай” деп Шашубай ақын айтпақшы, өзінде бармен көзге ұрған адамдардан дараланып, өзінде жоқтан бар жасаған жандарды көргенде “әп, бәрекелді” дейсің.
Сондай жандардың бірі – шырайлы Шымкенттен тағдыр байлап шежірелі Шу өңіріне келін болып түскен, бұл күндері кәсібінен нәсібін тауып, кең пейілімен сауапты іске жол салып жүрген Сандуғаш Өсербайды жерлестеріміздің біразы танып қалған. Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, бауырларымен бір нанды бөле жеп, бойына жанашырлық қасиетті жастайынан сіңіріп өскен Сандуғаштың көңілі қазақтың дархан даласындай. Әкесінен ерте айырылып, ауыртпашылықтың барлығы анасының арқасына аяздай батып, перзенттерін қатарынан қалдырмай өсіріп-жеткізуге барын салған анасының тәлім-тәрбиесін көріп өскен ол өзінің тағдырластарын көргенде қарап тұра алмайды. Көптен бері көкейінде жүрген істі бірер жыл бұрын қолға алып, арнайы қор ашып, халықтың алқалауымен мұқтаж жандарды баспаналы етіп келеді. Ең бірінші көптің көлдей көңілінің арқасында, тиыннан қомақты қаржы құралып, жарынан айырылған ақтөбелік Қылышбек деген азаматқа баспана сыйлап, бастаған ісі берекелі болды. Бұл істің жарасымды жалғасындай екінші мәрте тағы бір баспанаға жетерлік қаражат жиналып, 6 баласы бар, «Тоғай» мөлтек ауданының тұрғыны, жолдасынан айырылған Асельге үйдің кілті табысталған болатын. Үшінші қор Далақайнардағы екі науқас жанға ашылып, олардың еміне жетерлік қаржы жиналып, табысталды. Қазіргі таңда қыс түспей тағы бір мұқтаж отбасыны жылы ұясына кіргізу үшін төртінші қор ашылды. Бірақ қорға ақша баяу жиналып жатыр. Сіздің қалтаңыздағы 100 теңге болсын, 1000 теңге болсын қайырымдылыққа жұмсалса, қайыры Алладан еселеп қайтарына өмірлік мысалдар жетерлік.
“Кең пейілді кемімес” демекші, киген киімнің тарлығын көрсек те, пейілдің тарлығынан Алла сақтасын. «Дарындыдан қарынды озған уақытта, шекарасыз жомарт адам сен болдың» деп ақын Мұхтар Әуезов айтқандай, адам бойындағы бұл ізгі қасиет жайлы қанша айтсақ та артық етпес. Өзіңізге титтей болып көрінетін садақаңыз, сізді таудай бәлекеттерден құтқаратынына сеніңіз. “Қолы ашықтың жолы ашық” деген даналық содан қалған. Жомарт болу үшін асып-тасып, дүние-дәулетті молынан жинау міндет емес.
Ахмет Иүгінеки бабамыз “Егер мақтағың келсе, жомарт ерді мақта, барлық кісі жомарттың жақсылығын айтады. Жомарттық барлық айыптың кірін жуады. Жомарт бол, саған сөз де, сөгіс те келмейді. Сөз келетін жолды жомарттық тыяды, жібімейтін көңіліңді жомарт кісі жібітеді. Қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді. Жомарттықты әрі зиялы әрі қарапайым халық та мақтайды. Жомарт білімді жете меңгереді. Жомарттың арқасында қорғансыздар жақсы өмір кешеді. Жомарт ер – халықтың құрметтісі. Жомарттық – абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады. Жомарт-тық – сені сүйіспеншілікке бөлейді” деген екен. Ендеше, көп қараның арасынан суырылып шығып, сауапты іске сара жол салған Санду-ғаштай жомарт қызды қолдап, ісін көпке үлгі етіп, қорының алға жылжуына қол ұшымызды созайық!
Балаңызға болмашыға ұстата салатын тиын-тебеніңізді сауапты іске төгіп, бір жанды үйлі етуге атсалысыңыздар, ағайын.

Каспий голд: 87070048369
немесе KZ4400430091384468
Сандуғаш Ө.
Инстаграм парақшасы:
sandugawuserbai

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.