Египеттен жүлдемен оралды
Ауданымыздағы “AMAKIDS” білім беру орталығы жайында жергілікті қауым хабардар деп білеміз. Бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан бұл орталықта бүгінгі таңда ағылшын тілі (балалар мен ересектерге арналған), ментальды арифметика (5-6 жас аралығындағы балаларға арналған), математика, жылдам оқыту, қазақ және орыс тілдері курстары бойынша дәріс беріледі. Сондай-ақ, мұнда тегін сынақ сабағына жазылуға да болады. Ол үшін орталық қызметкерлерімен кеңесіп, жолдарын түсініп алу қажет.
Аталмыш орталықтың балалары алған білімдері бойынша үлкен сындарда бақ сынап, биік белестерді бағындырып келеді. Соның жарқын дәлелдерінің бірі ретінде жуырда білім алушылардың Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласында менталды арифметика және ағылшын тілінен өткізілген халықаралық турнирде жүлдегерлер қатарынан көрініп, жеңіспен оралуын айтуға болады. Арнайы шақырту бойынша барған шулық балалар аудан абыройын асқақтатып, орталық ұжымына да зор қуаныш сыйлады. Олардың қатарында ағылшын тілі бойынша Д.Проскуряков, А.Қиясбек бірінші орынды иеленсе, А.Сағынтай, М.Қасым екінші орынды еншілеген. Ал, З.Ермек, Н.Тасболат үшінші орындардан көрінді. Сондай-ақ, ментальды арифметика бойынша С.Закирова, Я.Хорунжа, І.Асылхан үшінші орынның иегерлері атанды.
Шағын Шу қаласынан Мысырға сапарды ұйымдастырушы білім беру орталығының негізін қалаушы және директоры Ж.Иманалинова екендігін айта кеткенді жөн көрдік. 10 оқушы мен 3 жаттықтырушыдан тұратын командада орталық директоры және М.Иманалы, Ж.Байтұрсынова сынды жаттықтырушылар жарысқа қатысушылармен бірге болды.
Бұл “AMAKIDS” орталығы балаларының шет елдерге алғашқы ұшуы емес. Ағымдағы жылдың наурыз айында жаттықтырушы Меддина Иманалы Дубай қаласында өткен сайысқа 5 оқушыны апарып, көптеген жүлделі орындарға ие болып қайтқан еді. Орталық директоры мұнымен тоқтап қалмайтынын, алдағы уақытта да үлкен білім бәйгелерінде бақ сынап, биік белестерден көрінуге бар-күш-жігерлерін салатындығын жеткізуде. Бір кездері балаларды шет елдерге апару арман болғанымен, қазіргі уақытта мұның шындыққа айналғандығын ізденіс пен еңбектің нәтижесі деп бағамдайды.
Оқу орталығының беделін көтеріп қана қоймай, білімді балалармен сол балалар білім алып жүрген орта мектептің, жалпы ауданның абыройын арттырып жүрген “AMAKIDS” орталығының алдағы қызметі мен тың бастамаларына біз де сәттілік тілейміз.
Динара Батырхаирова.