Өрісі кеңейген өрелі іс
Неге екені белгісіз, құдіретінің шексіздігінен бе, туған жерге табан тіреген әр адам ерекше толқып, кеудедегі барын ақтарып, қолындағы барын беруге даяр тұрады. Арқалы ақын Маралтай Райымбекұлы туған жерін жырына арқау еткенде “Алатаудай асқақ едім, мен бүгін сені көріп аласарып барамын” деп жырлауы да тегін емес. “Елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын” деген сөздің өзінен-ақ өскен өңірге деген кез келген жанның махаббатын аңдайсыз. “Табалдырықтан асқан тау жоқ” демекші, таудай абыройың болса да туып-өскен еліңе келгенде бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалатыныңның да сыры осында жатса керек. Сол секілді туған өлке де өзінен түлеген азаматтарымен мақтанатыны хақ.
Тарихымыздың арғы-бергісіндегі тұлғаларымызды түгендеп, елеулі есімдерін өскелең ұрпаққа мәлім етуге талайы тірліктер тындырылып жүр. Соның жарқын дәлелі, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте ашылған Шолпанқұл Ибрагимов атындағы “Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы”. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина, Пірімқұл Шолпанқұлұлының сыныптастары және мектеп ұжымы қатысты. Келелі жиынның ең басты қонақтары, әрине Шолпанқұл Ибрагимовтың ұлы Пірімқұл Шолпанқұлұлы мен келіні Сая Ағанасқызы. “Туған жерге туыңды тік” деген аталы сөздің үдесінен шығуға бел байлаған азаматтарды туған өлкесі, тұғырлы мектебі жылы қарсы алды.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы бір кездері“Атағыңа атың сай келсе ғана сыйлы боласың” деген еді. Шын мәнінде қанша биікке көтерілсе де адамдық қалпын биік ұстап, заманының өр тұлғаларына қарап бой түзеген екіншідүниежүзілік соғыстың жауынгері, өз заманында Шу және Мойынқұм аудандарының ілгерілеуіне үлес қосқан Шолпанқұл Ибрагимовтың есімі аудан, қала берді облысқа, республикаға кеңінен танылған. «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деп тегін айтылмаса керек-ті. Әкенің берген өсиет-өнегесін бойына дарытқан ұл-қыздары еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда абыройлы еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуда. Осы тұста Шолпанқұл атамыздың артында атына кір келтірмей, әке атын әспеттеп жүрер ұрпақты қалдырғаны-тектіліктің сарқыты деп білеміз. Әкенің берген тәрбиесін бойына сіңдіріп, асқақ атын абыроймен арқалап жүрген бір перзенті Пірімқұл Шолпанқұлұлының “Даналық жобасы” аясында қолған алынған бұл игі іске септесуі-асқан парасаттылықтың үлгісі деп айтуға болғандай. Сондай атпал азаматтың атын мектептегі орталыққа беру арқылы өскелең ұрпаққа өнегелі жол көрсетеріміз анық. Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимовтың Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің түлегі екендігін де тілге тиек ете кеткен жөн.
Лента қию рәсімі орын алғаннан кейін келген қонақтар Шолпанқұл Ибрагимов атындағы “Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының” ішіне еніп, төңіректі бір шолып шыққаннан кейін дөңгелек үстелге айнала жайғасты. Сөз тізгіні ең алдымен мектеп түлегі, ҚазҰАУ-дің басқарма төрағасы-ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимовқа берілді. Ол өз сөзінде қарашаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің қабырғасында өткізген жылы естеліктерімен бөлісіп, әкесі Шолпанқұл Ибрагимовтың болмысы хақында, еңбек жолы мен өмір жолы турасында сөз қозғады. Әр сөзінен ұлт болашағы мен ұрпақ қамы үшін алаң болатын азамат екендігін аңғартқан ол ұрпақ тәрбиесі ісінде аталған орталықтың атқарар еңбегі зор болсын деген ізгі тілегін де жеткізді.
Мұнан кейін мінберге жақындаған ғалымның жары, «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сая Ағанасқызы «Тәрбиенің алтын діңгегі» тақырыбында мәні зор баяндама оқыды. Сара жолы, дара дәстүрі бар текті халқымыздың ұлттық құндылықтарының жойылып кетпеуі үшін елді сауаттандыруға тер төгіп жүрген Сая Ағанасқызы бүгінде заман ағымына қарай дәстүр-жоралғыларымыздың бұрмаланып, басқаша дәріптеліп жүргеніне күйінетіндігін жеткізді. Әрі еліктеушілікке бой алдырмай, өн бойымызда өзімізге телінген бар болмысымыздан ажырамауға шақырды.
Әр шаңырақта ер мен әйел қызыл кеңірдек болып, бір-бірінің сөзін, барған жерін аңдып, бала тәрбиесін бір-біріне сілтеп жүргенін көргенде жоғарыда аты аталған ерлі-зайыптылардың өнегелі ісі көпке үлгі болса екен дейсің. Өйткені олар ұлт болашағы баянды болуы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, Отан алдындағы парызын өтеуге барын салып жүрген көзі ашық жандар. Шолпанқұл Ибрагимовтың ұлы мен келінінің сөзінен кейін жиналған қонақтар ерекше шабыт алып, бірінен соң бірі сөз алып, тебіреніспен сөз сөйледі. “Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы” дегендей, әрбірі ашылған орталықтың ұрпақ тәрбиесі үшін алар орны ерекше екенін атап өтіп және осы игі іске мұрындық болған Ибрагимовтар әулетіне алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ, мектеп директорының міндетін атқарушы Жанат Алиасқаров Пірімқұл Шолпанқұлұлына алғыс хат ұсынып, жары Сая Ағанасқызы екеуінің иықтарына қазақи нақыштағы ұлттық киімді жапты. Пірімқұл Шолпанқұлұлының сыныптастары да құр алақан келмепті, олар да аттан жығылса да жолдан жығылмайтын қазақтың азаматтары екендігін танытып, сыныптастарына сый көрсетті.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе ас бер, он жыл қалғың келсе ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе бала тәрбиеле» дейді халық даналығы. Өскелең ұрпаққа берілер тәрбиенің бір ұшы осындай тұлғатанымдық бағытпен өрістес болса ғана нәтиже беретіні айқын. Жасампаздыққа жол салған елдің әрбір азаматы рухани жаңғыруды жалаң ұран етпей, нақты іс-әрекетке көшуі тиіс. Әр өңірде ашылып жатқан осындай тәрбие орталықтардың қарасы көбейіп, ел игілігі жолында қызмет ете берсін!
Айғаным Асқарбек.