Жақсы бір адам қартайса…
Әрбір адамның өмірінде белгілі бір жанның сәулесін шашып, шарапатын тигізетіні рас. Ондай адамның алдында өзіңді қарыздар сезініп, кезіктірген сайын алғыс білдіргің келеді. Әрі өнегеге толы өмірін өскелең ұрпаққа үлгі еткің келетіні тағы бар.
Осыдан 23 жыл бұрын шешем мені шариғат білімін алсын деп аудан орталығындағы мешітке жетектеп әкелді. Ол мезгіл шамамен көктем болатын. Есік алдында бір топ шәкіртімен елуді еңсерген Мұстафа ағай мешіт жанындағы жоңышқаны жинап жүргені есімде. Қос касеталы магнитофоннан әуезді Құран үні естіліп жатты. Сол сәттен бастап мен ұстазымның қасында келемін.
Бүгінде 70-тің желкенін ұстаған Мұстафа Жалалиев мұқым елге қадірлі қария. Ауылының ақылманы, қазақ, түрік, өзбек, ұйғыр, күрді, неміс пен орыс секілді Шу ауданын мекен ететін ұлттардың құрметтейтін тұлғасы болып отыр. Өйткені, өнегелі өмір иесі 10 жыл бұрын зейнетке шықса да ел ортасынан, ас-жиынның төрінен табылып келеді. Араздасқанға арағайын болып, жастарға ақылын айтып, жөн сілтеуден шаршаған емес.
Біздің кейіпкеріміз 1952 жылы Шу өңірінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан білім алған Мұстафа ағай 1971-1975 жылы қазіргі Қырғыз Республикасында жоғары білім алады. Экономист мамандығын иемденген ол еңбек жолын ауыл шаруашылығынан бастайды. Осы салада тер төге жүріп сол кездегі жас маман шындалып, өзінің шеберлігімен көзге түседі. Көптеген адамдармен араласып, туғанындай сыйласты.
Мұстафа ағайдың айтуынша, зейнеткер 46 жыл ішінде 3 жерде жұмыс істеген екен. Оның ішінде еңбек жолының 17 жылы Тасөткел ауылында өткен көрінеді. Сондықтан болар, қазір Тасөткелде тұратын аға буын өкілдері ақсақалды ардақтап, ерекше құрмет көрсетеді. Уақытысында дәм-тұз татып, дастархандас болған жандармен Мұстафа ағай да байланысын үзбеген. Біріне құрдас деп қалжың жарастырса, біріне замандас деп сыр шертеді.
Төле би ауылында әулетінің алып бәйтерегіндей ғұмыр кешіп жатқан ұлағатты ұстаздың өмірі толған өнеге. Біз ес білгелі ұстазымыз велосипедпен таң намазына келетін, кейін үйіне барып мал жайғап, жеңгейдің қою қара шайынан соң шәкірттеріне асығатын. Содан түске дейін араб әліпбиін үйретіп, ислам әдептерінен дәріс беретін. Түс әлетінде де түстеніп, шаруашылығын реттеп, қайта сабақ беруге келетінін көретінбіз. Кешкісін кетпен шауып, шөп буып дамыл таппайды. Ал, арасында Бішкек барып құнды заттар әкеліп, сауда жасайтынына таң қалатын едік. Бұдан өзге құдайы ас, той мен жаназа, неке қию сынды рәсімдерге де уақыт табылып жататын.
Сөзі мен ісі қабысқандықтан болар ағайымыздың әрбір сөзі салмақты һәм салиқалы естілетін. Санасында сәулесі бар кез келген жан оның айтқанымен келісетін. Алдынан талай шәкірт өрбіп, обал мен сауапты ұқтырған ұстаздың Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі алғашқылардың қатарында бесінші парызын өтеп келгенін айта кеткен жөн. Алуан ұлттың баласын бірлікке, әдепке, адами қасиетке баулыған Мұстафа ағайдың бүгінде шәкірттері биіктерді бағындырған. Оны ұстаз да жүрген жерінде әңгіме ғып, мақтан тұтып жүреді.
Көп дүниенің байыбына бара білетін қария 70-тен жаңа асса да байырғы тіршіліктен қол үзбей, ауыл сыртындағы 3 гектар жерді игерумен айналысады. 10 жылға жуық жұрт арасында «пирожковоз» деп танылған жасыл көлігімен жем-шөп тасып, қорасындағы азын-аулақ малдың қысқы қамын әзірлеп жүр. Жоғарыда айтқандай Мұстафа ағайдың шарапатын көрген шәкірттердің бірі имам, бірі ғалым болса, енді бірі кәсіпкер. Осыдан бір жыл бұрын сол шәкірттері ұстазына су жаңа көлік мінгізген болатын. Бұл да болса кейіпкеріміздің болмысын аша түсетіндей жайт.
Жазғы демалыстарда мені де шөп шабуға шақырып, еңбекке үйрететін. Әкесіз өскен мен үшін бұл үлкен мектеп екенін қазір ұғып отырмын. Әрине, шөп шауып, баулап қатырмайтын мен ол кісі алып барған дәмнен ауыз тиіп, әдепке толы әңгімесіне құлақ түретінмін. Сөйтіп жүріп ұстазым ақылшыма, әкемдей қамқорыма айналды.
-Балаға тәрбие мен тәлім ата-анасынан берілетіні белгілі. Менің атам кезінде молда болған кісі. Атамның жанында жүріп Құранды араб тілінде оқуды үйрендім, басқа да бастапқы білімдерді алдым. Сол секілді әкем де еңбек десе ерінбейтін жан еді. 90 жастан аса өмір сүрді. Бақиға бұрылғанша бейнет етіп, балаларына үлгі көрсетіп кетті. Маған да сол мінез жұққандай. Бос отыруды жөн көрмеймін. Үйде 9 адам тұрамыз. Оның ішінде 5 немерем, 1 шөберем бар. Солардың болашағы үшін қолдан келгенді жасап келемін. Аулада аздаған жерге көкөніс егеміз. Мал мен тауық бар, солардың күтімін жасаймын,-дейді Мұстафа Жалалиев.
Көпті көрген қазына кеуделі жан былтыр ғана «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Бұл аудан басшылығы тарапынан берілген зор құрмет деп білеміз. Бұдан бөлек, ұстазымыздың кітап сірескен сөресінде жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі мен этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жемісті жұмыстары үшін Алғыс хаттар тұр. Өйткені, қария қолы қалт еткенде мектеп оқушыларымен кездесіп, оларға тәрбиелік мәні бар өсиетін айтады. Қазақшаға тілі жатық Мұстафа ағай өз ойын түрікше, орысша және қазақша еркін жеткізеді.
Қазіргі қоғамда жастар арасында ажырасу жиілеп кеткен. Кейде ата-ана мен балалар да бір-бірін түсінбей жатады. Осындай жағдайларды естіген кейіпкеріміз дереу татуластырып, өзінің өмірлік бай тәжірибесін тарқатады. Соның нәтижесінде талай жандар табысып, түсінісіп кеткен.
Ақсақалдықтың ақ туын жоғары көтеріп жүрген қария ұлы Ибрагимнен немере мен шөбере сүйіп, жеңгей екеуі солардың қызығын тамашалап жүр. Жасында байқары бардың қартайғанда айтары бар деген дүниені Мұстафа ағайға телуге әбден болады. Себебі, түрлі кітап оқып, оны қазақшаға аударып, жақын шетелдерге шығып көп дүниені көкейіне түйген қарт жаспен де, жасамыспен де тез тіл табысып кетеді.
Қазіргі таңда ел ішіне іріткі салып, аузына келгенді көкитіндер көбейіп кетті. Олардың сөзінің төркіні ұлтаралық мәселені қоздыруға дейін апарады. Ал, қазыналы қария Мұстафа Жалалиевтың үндемей жүріп-ақ жасап жатқан жұмысы бейбітшілікті бекітіп, толеранттылықты толықтыра түсетіні анық. Өйткені, ол кісінің еңбегі адамшылықтың парызына бағытталған.
Тағы бір жайт. Тәуелсіздік жылдарынан кейін саңырау құлақша қаптаған түрлі діни идеология ел азаматтарын өз иіріміне әкетіп жатты. Сонда тұнықтан шөл қандырған ұстазымыз шәкірттерге шынайы Ислам дінін үйретіп, мейірімділікке, қайырымдылыққа, адалдыққа тәрбиеледі. Мұның өзі үлкен қажыр, үлкен еңбекті талап ететіні анық. Сондықтан ұстазымыз құрметтің қандайына да болса лайық деп білеміз.
Қазақта қарт жүрген жер – береке деген дана сөз бар. Ол сөздің растығын да сүйікті ұстазымызға қарап байқаймыз. Баршамыздың берекемізге айналған ауданның ардақты ақсақалына әмәндә саулық пен қажымас қайрат тілейміз. Еліне амандық, жұртына тыныштық тілеген оның батасы дәйім қабыл болсын!
Байжан Емберді.