Тілді құрметтеу тәрбие мен тәртіптен басталады
Ескірген уақыт болса да БАҚ-өкілдерінің айтуынша, біраз жыл бұрын Қордай ауданында болған оқиғаға тұрмыстық кикілжің себеп болған. Себебі, дүнген ұлты шоғырланған ауылдарда және қазақ мектебінде орыс тілінде дәріс алатын ұлт өкілдері арасында ұлтпен байланыс құралы ретінде қазақ тілі емес, орыс тілінің қолданыс аясы кең. Мемлекеттік тіл – орыс тілі. Қазақ тілін ауызекі тұрмыстық жағдайда пайдаланғанымен, оған мемлекеттік дәрежеде құрмет көрсетілмеген деген сынды пікірлер қалыптасқан. Атасы бөлек дүнгенге несіне өкпелейміз? «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп ел басқарып тұрған кезде Н.Назарбаев неше мәрте ескерткенімен, қазақ шенеуніктерінің орысша сайрайтыны басылмақ түгілі, үдеп бара жатқан жоқ па? «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген осындайдан шықса керек.
Бір жылдары Қырғызстанның Қарақол қаласынан он бес шақырым жерде орналасқан Шелпек деген ауылға құдандалы болып барудың реті келді. Әжептеуір үлкен ауылдың басым тұрғындары қалмақ ұлтының өкілдері екен. Қызығушылығымызға қарай құдамыздың әкесі тоқсанды алқымдаған қария таза қырғыз тілінде сөйлеп, өзінің түп атасы қалмақ екенін, төлқұжатында «қалмақ» деп жазылғанына дейін көрсетті. Біздің қазақ екенімізді білгеннен кейін, әңгімені тіпті үдетті. «Сіздер неге өз тілдеріңізде сөйлемейсіздер?» дегенімізде:
-Е … атаң көрі қоқи қырғыздар біздің сұлу қыздарымызға көздері түсіп, құда болады, құда болады деп айналдырып, қыздарымызбен бірге тілімізді де тартып алған жоқ па – деп әзілдесе де шындықты айтқан еді.
Жер жүзінде Қазақстан мемлекетіндей ұлттар достығын, татулығын әспеттеген ел жоқ шығар. Тарихтан мәлім, әкесі араб, шешесі қытай дүнгендердің ана тілі-хансу тілі. Кеңес заманында қызыл идеологияның өзге ұлт өкілдеріне көп артықшылықтар беріп, көтергенін көзіміз көрді. Әлі күнге содан арыла алмай келеміз. Әйтсе де бір астары бар секілді. Біздегі пайым дүнген ұлтының еңбекқор екені, діні мұсылман болған соң жақын тартып жүретініміз де рас. Адамның жаманы болса да, ұлттың жаманы болмайды. Кеңес заманының көсемі Лениннің: «Тілін сыйлап, құрметтесең кез келген халықпен табысуың оңай болады, ал музыкасын үйренсең сен сол елдің баласындай боласың»-дегені жәй айтыла салынған сөз емес. Бүкіл бір қоғамды төңкеріп, революция жасаған Лениннің ілімін ешкім жоққа шығара қоймас. Айтылмақ нәрсе қазақ тілін кез келген Қазақстан Республикасының азаматы деген төлқұжаты бар адамның білуі шарт деген қатаң ұстаным қағида керек. Ілуде бір әкімшілік жиналысына бара қалсаңыз, тоқсан тоғыз пайыз қазақ отырып, баяндамасын орысша оқитын шенеуніктерге не дерсің? «Сен неге орысша айтпайсың?» деп әлде біреулер сөгеді ме бұларды? Сол баяғы өзгеге қарап, жалтақтаған жалпақ шешейлік мінез қалмай келеді.
Кезінде ауданымызға Бағлан Қарашолақов әкім болған жылдары орыс тілінде есеп беретін шенеуніктерді қазақша сөйлетіп, қара терге түсіруші еді. Ұлтжанды азамат ағамыздың ісін іштей қолдап, ырзалық білдіріп отырушы едік. «Жарқ етті де, жалп етті» дегендей, сол үрдіс әкімнің өзімен бірге кетті. Жақсы істі іліп әкететін кейінгі әкімдердің қазақшаға ықыластары жоқ болып шықты. Қазіргі бай-кедей боп қақ жарылған заманда «қолында дүниесі бардың есегі жорға болады» демекші, жер, су салығын төлесе болды деген ой алға шығып, ұлттық идеологияның жұмысы тасада қалуда. Ұлттық, мемлекеттік бағыттағы қауқарлы заңдарды өз орнымен пайдаланбауымыздың салқыны ұлттық тіліміздің болашағын күмәнді етуде. Егеменді ел болып, өз еркіміз өзімізге тиді дегенімізге де 30 жылдан асты. Заң тетіктері қолымызда. Сонда біз нені күтіп отырмыз? Бір орыс азаматының айтқаны бар еді: «Стақан деген шыны ыдыс бар, мыңдаған адамдар су ішеді, арақ ішеді, қызметі көп, сүртсең тез тазарады, бірақ байқамай түсіріп алсаң, шарт сынады». Бұл сөзді Сократ айтпаса да, мәніне үңілсеңіз, әртүрлі пайым жасауға болады. Ұлтаралық ынтымақты нығайту бағытына келгенде жергілікті билік мәдени шаралар өткізумен ғана шектеліп, осы ойдан аспайды. Бағзы заманда көршілес халықтар бір-бірімен құдандалы болып, ел шетіне жау тисе ұрандап шауып, нағашы-жиенді, бөле туыс болып атқа мінбеуші ме еді. Негрге қызын ұзатып, немістен қыз алған қазаққа болмыс бітімі өзімізге жақын дүнген қыздары ұнамай ма? Қырқысып жау болғаннан көрі, қыз алысып той болған жақсы емес пе?
1998-2005 жылдары аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінде Гүлжахан Кәрібайқызы еңбек етті. Бұл кісі басшылыққа келгенге дейін ауданымыздағы түрлі ұлт өкілдері шоғырланған мектептерде орыс сыныптарына басымдықтар берілген еді. Жаңа оқу жылының қарсаңында әпкеміз қазақ сыныптарының санын көбейтіп, дені күрді ұлтының өкілдері бар Әл-Фараби, түрлі ұлт өкілдері шоғырланған қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы мектептерде қазақ сыныптарының санын көбейтуге бұйрықты беріп кеп жіберді. Орыс ұлты жоқ мекенге орыс сыныбының керегі болмаған соң сөйтті. «Ойбай, халықаралық ұйымға жазады, кемсітушілік деп біледі»-деп үрейленген шенеуніктердің біразы апыл-ғұпыл еңбек демалыстарына шығып, арты не болар екен деген оймен бас сауғалағандар да болды. Жоқ, «өте дәлдікпен соғылған доп тордың төрінде жатты» дегендей, есесіне үлкен қолдауға ие болды. Қазір сол мектептерден сөз сайысына түсіп жүрген өзге ұлттың өрендері көптеп шығуда.Тіпті, төсіне қолдарын қойып, Қазақстан Гимнін айтқанда жаның жадырайды. Сол кезде тәуекелге барып, бұйрық берген әпкеміздің ісі ерлік емей немене?
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін» деген тұжырымды сөзі аясында іс-әрекеттер жасауымыз керек. Қазақ мектептерінің санын арттырып, қазақ тілінің мәртебесін көтерудің қамын жасау бүгінгі іс басында жүрген азаматтардың күн тәртібінен түспейтін міндеті болуға тиіс.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.