Қол жеткен жетістіктер тынымсыз тірліктің жемісі
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, халықтың ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани келбеті, болашағының бағдарлы бастауы. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргендігі біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Осы орайда, қазақ хандығының іргесі қаланған, босағасына бақ пен береке ұялаған, тоғыз жолдың торабы саналатын, қасиетті Шу жерінде де мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, өнер мен мәдениетті өмірмен ұштастыру, мәдениет арқылы халықтың рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді.
Бұл бағытта ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, заманауи жабдықталған Қонаев, Абай ауылдық мәдениет ошақтары салынып, ел игілігіне берілді. Ауданда мәдениет саласы бойынша 21 мәдениет үйі мен клубтар, 25 кітапхана, 1 музей, барлығы 47 мекеме мәдени–ағартушылық бағытта жұмыс істейді. Биылғы жылы барлық мәдениет үйлері мен клубтарда 692 іс-шара өткізіліп, оған 64982 көрермен тартылған. Мәдениет ұйымдарында барлығы 78 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде 67 үйірме балалар үйірмесі болып табылады, оған бүгінде 1111 бала қамтылған. Үйірмеге қатысушылар арасында әртүрлі шығармашылық бағыттарда іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Шоқпар ауылында «Қыстың әсем кезеңдері» қолөнершілер байқауы, Бірлікүстем ауылында «Мұқағали-мәңгілік ғұмыр» және «Аймақтың аламаны» атты мәнерлеп оқу байқаулары, Көкқайнар ауылында «Бала дауысы-2023» әншілер байқауы, аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіз ел ертеңі – жас ұрпақ» атты патриоттық ән байқауы, «Балбөбек аруы-2023» атты бүлдіршін қыздардың байқауы, «Шәкәрім әлемі» атты талапкер ақындар айтысы өткізілді. Сонымен қатар, үйірмеге қатысушылар «Жаңа есім – 2023» және «БалаART» атты облыстық жобаларға қатысты. Бұдан өзге үйірмелердің жылдық есептік концерттері өткізіліп, жас өнерпаздардың бір жылда үйренген өнерлері бағаланды.
«Халықтық» атағы бар үш ұжым «Шу еркесі» ән-би оркестрі, «Шу» және «Шу қаған» театрлары жыл ішінде кезекті «халықтық» атақтарын қорғады. «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблі қыркүйек айында Тараз қаласында өткен «Өнер көзі – халықта» облыстық фестиваліне қатысып, жергілікті сазгерлердің күйлері мен әндерінен концерт ұсынды. Осы орайда «Шу еркесі» оркестрінің негізін қалаушы, киелі Шу жерінде өсіп, еңбек еткен қайталанбас тұлға, күйші-композитор, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Ұлт қайраткері» төс белгісінің иегері, жалындаған ой мен сырлы сезімнің жауһар жемісі – «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаев екенін мақтанышпен айтамыз. Бүкіл қазақ елінің мәртебесін көтерген Әбдімомын атамыздың Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында үлкен шығармашылық кештері өткізіліп, Шу ауданының әншілері Құрманғазы, Отырар сазы оркестрлерімен ән салды.
Аудан әкімдігінің қолдауымен өнер сүйер қауымның зор ықыласына бөленген түрлі бағыттағы мәдени шаралар, өнер байқаулары, жаңа жобалар ел назарына ұсынылды.
Қазақтың салт–дәстүрін, өнерін, бүкіл тыныс–тіршілігі мен сән-салтанатын көрсететін Наурыз мерекесі орталық алаңда аталып өтілді. “Өнерім – өмірім” атты өнер майталмандарымен кездесу, “Екі жұлдыз” атты жұптық ән байқауы, балалар мен жасөспірімдер арасында дәстүрлі «Айгөлек» қалалық ән-би байқауы, мәдениет үйі мен клуб қызметкерлері арасында “Жаңа Қазақстандағы – жаңа мәдениет” тақырыбында семинар, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Мен жастарға сенемін» атты айдармен әдеби-сазды кеш, Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған «Мұздама, жылы жүрегім» атты әдеби–сазды кеш, «Тату елдің – тұғыры биік» тақырыбында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен сазды бағдарлама, Қазақстан халқы тілдері күніне орай өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты қалалық мәнерлеп оқу байқауы, «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» интеллектуалдық ойыны, Халықаралық әкелер күніне орай «Әкешім – бәйтерегім» атты сазды бағдарлама, «Үздік жүргізуші – 2023» атты көркем жүргізушілер байқауы (креативті жоба ретінде алғаш рет) өткізілді. Сонымен қатар, Төле би бабамыздың 360 жылдығы ауданымызда ірі көлемде аталып өтіліп, “Шу” халық театры Елен Әлімжанның “Төле бидің төрелігі” атты спектаклін сахналады. Келесі күні республикалық ақындар айтысы аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Айтысқа еліміздің түпкір-түпкірінен тілге жүйрік 14 ақын қатысып, халықты рухани нәрмен сусындатты. Қазылар алқасының шешімімен 7 ақынға арнайы жүлде, қалған ақындарға қатысқаны үшін сертификаттар тапсырылды. Жүлдегер ақындардың ішінде ІІ орынды иеленген жергілікті ақын, жерлесіміз Ғабит Есдәулетов те болды. Тараз қаласында А.Қоразбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІІІ-халықаралық әншілер конкурсына аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Ербосын Қасымбеков қатысып, І орын иеленді. Тағы бір ерекше айтып өтетін мәдениет саласының жетістігі, 6-қазан күні «Локомотив» стадионында өткен «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыстағы аудандардың мәдениет күнінің қорытындысы бойынша Шу ауданы үздік атанып, жүлдеге қойылған спринтерді иемденді.
Шу аудандық мәдениет үйі және оған қарасты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысы біріктіріліп, аудандық мәдениет үйінің «Facebook», «Instagram» парақшаларына жарияланады. Бүгінгі күнде 977 іс-шара жүктеліп, 42607 қаралым болды, оның ішінде 3187 көрермен оң пікір білдірген.
Өңірде тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» атты екі айлық ұйымдастырылып, жеке кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Көркем тіл – сауатты жарнама» акциясы ұйымдастырылып, 5 жарнамалық агенттік басшыларына 2022 жылдың 22 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген көрнекі ақпаратқа қатысты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірілді. «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында ауылдық округ мамандарымен семинар өткізілді. «Тіл – достықтың кепілі» атты сұрақ-жауап, «Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» атты өзге ұлттармен кездесу, «Абай оқулары», «Шерхан оқулары» байқаулары Қазақстан халқы тілдері күніне орай онкүндік іс-шара ұйымдастырылды. Облыстық «Шерхан оқулары» байқауына ауданнан «Жібек жолы» мектеп-лицейінің мұғалімі Жания Алменова қатысып, жүлделі І орынды иеленді.
Аудандағы 618 көше атауларының 110-ы немесе 17,7 пайызы жер-су атымен, 89-ы немесе 14,4 пайызы дәстүрлі атаулармен, 419-ы немесе 67,7 пайызы кісі есімімен аталады. 2022 жылы Алға ауылына 5 жаңа көше, Төле би ауылына 9 жаңа көше, Шу қаласына 19 жаңа көше қосылып, атау берілді. Көше атаулары Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының 2018 жылғы 15 қарашада өткен отырысында жан-жақты қаралып, мақұлданған «555 Тарихи тұлғалар» және «380 Жер-су атаулары» тізімінен алынды.
Тарихи мәдени ескерткіштер ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады. Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін маңызы зор дүние. Шу ауданында барлығы 494 тарихи мәдени ескерткіш есепке алынған. Олардың біреуі республикалық дәрежедегі ескерткіш – Ақтөбе (Баласағұн) қалашығы. Ол халықаралық ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне алынған. Оның ішінде қала құрылысы мен сәулет ескерткіштері 58 және археологиялық ескерткіштер саны-384, монументалды ескерткіштер -51. Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы құрбандары мен майдангерлеріне арналған 29 ескерткішке абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, олар туралы тарихи-танымдық, ақпараттық мақалалар жарияланып, онлайн лекция сағаттары ұйымдастырылды.
Аудан, ауыл тұрғындарына мемлекеттік жүйедегі 25 кітапхана кітапханалық қызмет көрсетеді. Олар 1-орталық, 1-аудандық балалар, 3-қалалық кітапхана. 20-кітапхана ауылдық жерлерде орналасқан. 2018-2019 жылдары барлығы 19 елді мекенде (Балуан Шолақ, Сауытбек, Бәйдібек, Көкқайнар, Бірлік, Оразалы батыр, Далақайнар, Мойынқұм, Д.Қонаев, Көктөбе, Жаңа жол, Абай, Белбасар, Ақтөбе, Тасөткел, Шоқпар, Бірлікүстем, Төле би, Шу) цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылып, қазіргі уақытта е.gov kz ҚР электрондық үкіметтік порталы бойынша түрлі анықтамалар беріліп отыр. 2023 жылы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі кітап қоры 263916 дананы құрады. Оның ішінде мемлекеттік тілдегісі-145177, оқырман саны-28450. Жалпы келушілер саны – 176615. Берілген кітап саны – 371834 дана. Келіп түскен жаңа кітап саны – 2952. Оқырмандар арасында 1065 іс-шара өткізіліп, әлеуметтік желіге салынды.
Түрлі тақырыптарда 214 кітап көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Ел тұрғындарының рухани дамуы мен кемелденуі жолындағы ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына себепкер болып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі орасан. Тынымсыз еңбектің нәтижесі шығар, жыл соңында мәдениет қызметкері, театр актері Е.Мамықбаев пәтер кілтін алса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас маман Томирис Сағындықтың баспаналы болғандығын қуанышпен айтқымыз келеді. 2023 жылы Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, қолдануға берілді.
Осындай үлкен қолдауларды сезінген мәде-ниет саласының қызметкерлері алдағы уақытта да халыққа сапалы қызмет ұсына бермек.
Әсел Жазықбаева,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.