Ақпараттық портал

Кеңес отырысында келелі мәселелер айтылды

Қазіргі таңда күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі – діни ахуалды бақылауда ұстау, елдікке сына қағатын жат ағымдардың жолын құрықтау екені белгілі. Бұл бағытта мемлекетіміз нақты әрі нәтижелі жұмыс атқарып, шаруаларды шетінен шешіп келеді. Әрбір туындаған мәселелер әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында талқыланып, тиісті шешімдер шығарылады. Сондай маңызды мәжілістің бірі Шу өңірінде өткен болатын.

Аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында өңірдің діни ахуалы сараланып, атқарылған жұмыстар жайы баяндалды. Аталған жиынға Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері, ауданның бас имамы А.Кенжемолдаев бастаған мешіт имамдары, бір топ мекеме қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Москва патриархы Михаил Архистратига приходының Шу қаласындағы жетекшісі Игорь Погорелов сөз алды. Өз кезегінде шіркеу шырақшысы алдағы келе жатқан Рождествоға дайындық туралы мәлім етіп, келушілердің тұрақты екеніне тоқталды.
Мұнан кейін мінберге Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» Шу ауданындағы арнайы бөлімшесінің басшысы Мырзабек Смаилов көтерілді. Жыл ішіндегі атқарылған жұмыстарға тоқталған ол аудандағы діни ахуал жайын баяндады.
Аталмыш бөлімше ауданда мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру барысында, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын, Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсылық жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, діни тұрақтылықты қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен конфессияаралық келісімді нығайту бойынша жұмыстар жүргізеді. Мұны мәлім еткен М.Смаилов биыл облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» тарапынан және ауданның дін саласындағы желілік кестесінің жоспарына сәйкес жыл басынан бүгінге дейін ұзын саны 137 іс-шара ұйымдастырылып, оған 4065 адам қамтылғанын айтуда.
-Өткізілген іс-шаралардың 72-і мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында, 28-і мекеме қызметкерлерімен, 4-і пробация есебінде тұрған азаматтармен, 8-і ауыл жастары және маргинал жастармен, 9-ы спортшылармен өткізілді. Сондай-ақ 14 іс-шара ауыл тұрғындары, 2 іс-шара мешітке келуші жамағатпен ұйымдастырылды. Қоғам көп шоғырланатын «Сауда Сервис» ЖШС мен «Олжа» сауда орталығында тиісті таратпа материалдар таратылды,-деді М.Смаилов өзінің баяндамасында.
Одан бөлек, Мырзабек Жұмабекұлы өңірдегі оңалту жұмыстарын жіпке тізіп, атқарылған шараларды атап өтті.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін бөлімше мамандары және облыстық «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» теологтарымен «Дәстүрлі құндылықтар керуені» жобасы аясында жалпы саны 42 жеке адрестік оңалту жұмыстары, қаңтар, наурыз айларында «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің басшысы З.Зүнінқожамен бірлесіп 21 мекенжай қамтылып, 17 оңалту жұмыстары және «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мамандары мен Шу аудандық бөлімше мамандары тарапынан 85 мекенжай қамтылып, 56 азаматпен оңалту жұмыстары жүргізіліп, ақпараты «Дін проблемаларын зерттеу орталығына» жолданды,-деді арнайы бөлімше басшысы.
Сондай-ақ, отырыс барысында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев та сөз алып, Шу ауданындағы діни ахуал туралы жеткізді. Одан бөлек, келесі жылғы міндеттерді атап өтті.
Осы және бұдан өзге мәселелер қаузалған кеңес отырысында мәлім болған мәселелер талқыланып, қатысушылар сұрақ-жауап алмасты.
Жиын соңында Найман Кенжеханұлы кеңес мүшелері мен қатысушыларға осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, ақпа-раттық-насихаттық топтардың қадам-дарын қуаттау керектігін айтты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.