Ақпараттық портал

Жұмыс жемісті жалғасуда

Дін саласына қатысты мәселе қай кезде де қоғамнан өзекті орын алып, сол қоғаммен бірге жасап келеді. Бұл тұста әр өңірдегі, ауылдық елді мекендердегі мешіттердің рөлі ерекше. Мұндағы имамдар мешітке жиылған қалың қауымды имандылыққа үндеп, рухани тәрбие беру жолында аянып қалмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дін мәселесі біраз жыл бойы ақсап тұрғанымен, уақыт ағымында билік өкілдері тарапынан оған ерекше көңіл бөлініп, бірқатар жаңашылдықтар орын алды. Атап айтар болсақ, әр ауылда мешіттер соғылып, бұл әсіресе жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне оң ықпал етті. Діни білім бойынша кадр даярлау мәселесі алдыңғы қатарға шығып, бұл өз кезегінде жемісті жалғасын тауып отырды.
Осы орайда, аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы 3 имам Хибатулла-Тарази медрессесінде дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алуда. Жыл басынан бері имамдардың білімін жетілдіру бағытында 8 семинар өткізілген. Ауданымыздан 573 шәкірт мешіт жанынан ашылған сауат ашу курсынан дәріс алады. Имамдардың 18-і жоғарғы білімді болса, 12-і орта білімді, 8-і сауат ашу курстарын бітірген.
Дін істері және ғылым бөлімі бойынша айтар болсақ, осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан имамның атына ешқандай арыз-шағым түспеген. Сондай-ақ, ешқандай ұрлық, апатты жағдайлар, адам өлімі, ғаламторда имамдарды қаралау оқиғалары да тіркелмеген.
Аудан бойынша 40 діни қызметкер бар. Олар 1 бас имам, 14 имам, 8 ұстаз, 4 найб имам,13 молда,1 азаншы. Қазіргі уақытта 3 ұстаз және 1 имам оқуда болғандықтан, уақытша жұмыс істемейді. Аталған имамдардың 90 пайызы 50 жасқа дейінгі мамандардан құралған. Жаңадан тағайындалғандары алтау болса, қызметтен босатылғандары бес адамды құрайды. Қызмет ауыстырып тағайындалғандар бес адам.
Осы тұста имамдардың жалақыға қатысты жағдайы көпшілікті қызықтыратыны анық. Таңнан кешке дейін Алланың адал жолында қызмет етіп, халықты имандылыққа баулитын мешіт қызметкерлерінің жалақысы 150 000 теңге мен 35 000 теңге аралығын құрайды екен. Сондай-ақ, ауданда жалақы тағайындауға мүмкіншілігі жоқ үш мешіт бар. Имамдардың жалақы алу көздері де әр түрлі. Мысалы, 10 имамға уақыптан, 3 имамға мектептен, 2 имамға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан, 1 имамға мешіт есебінен, 7 имамға әкімшілік тарапынан, 2 имамға кәсіпкерлік тарапынан жалақы берілетін болса, 6 имам мүлдем жалақы алмайтын көрінеді. Алайда, байқап отырсаңыз, «Менің жалақым аз», «мен жалақы алмаймын» деп жатқан имам жоқ. Қай уақытта болса да, халықпен бірге болып, өздерінің міндеттеріне сай діни қызметтерін лайықты жүзеге асыруда. Дін мен дәстүр бағытын да бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақты айтсақ, Наурыз мерекесі, Республика күні, Рамазан оразасы, Ораза және Құрбан айттарда дәстүрге сай киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылды. Оған «Жәми» мешіті, Белбасар, Күнту баба, Шоқпар, Тоғай мешіттері белсенділік танытты.
Әйел мен қыздар секторы бойынша тоқталатын болсақ, мешітте 200 қыз-келіншек діни сауат ашу курсында білім алуда. Бір жылда 962 дәріс өткізіліп, оған 4465 адам қамтылды. Жыл ішінде 9 рет хатым жасалып, оған 45 адам атсалысты. Сектор 8 қайырымдылық іс-шарасын өткізіп, 34 отбасыны қамтыды (жұмсалған қаражат 1058000 теңге). Жат ағым бойынша 2 іс-шара өткізіліп, оған 30 адамды қамтылды.
Шариғат және пәтуа бөлімі бойынша да атқарылған жұмыстар жоқ емес. Әлеуметтік желі және телефон арқылы жалпы 1332 сұраққа жауап берілген. Оның ішінде 144 ақида, 660 ғибадат, 72 отбасылық құқық, 24 мүліктік қатынас және 432 әртүрлі сұрақтар орын алған.
Ақпарат және ағарту бағыты бойынша газеттер мен сайттарға имамдар тарапынан 14 мақала жарияланып, 7 мақала аудандық тілшілер тарапынан, 453 ақпарат «Асыл дін.кз» сайтына жарияланса, дәл осы ақпарат әлеуметтік желіге жүктелді.
Рухани білімді жетілдіру мақсатында аудан тұрғындары 180 дана «Мұнара» газетіне, 90 дана «Иман» журналына жазылған. Аудандық мешіттің әлеуметтік желілер бойынша ютубта 149, фейсбукта 1838, телеграммда 1322, инстаграмда 1838 оқырманы және 3 ватсап группасы бар.
Ауданда қоғаммен байланысты арттыратын 29 мешіт, 3 намазхана бар. Жаңадан салынып жатқан мешіт саны 1. Бұлардың арасында 17 ғимарат көгілдір отынмен,1 мешіт электр қуатымен,10 мешіт көмірмен,1 мешіт орталық жылыту жүйесі арқылы жылытылып отыр. Мешіттерге қарасты 9 асхана,1 қызметтік көлік тұрағы,1 қызметтік үй бар. Жыл ішінде бірнеше мәрте сенбілік жұмыстары жасалып, 400 түп ағаш, 1200-ге жуық раушан гүлдері егілді. 11 мешітте күрделі жөндеу жұмыстары, қосалқы жұмыстар атқарылды.
Дін саласындағы маңызды әрі жауапты жұмыстардың бірі – қайырымдылық шаралары. Бұл бағытта да бірқатар жұмыстар атқарылып, жалпы жұмсалған қаражат көлемі 111803800 теңгені құрады.
Сонымен қатар, мешіт тарапынан жүзеге асырылған жұмыстардың бірі – бір қызметтік үй, бұрын имамдық қызмет еткен қарияға құны 2500000 болатын бір көлік берілді.
Жүзеге асырылып жатқан жұмыстар қатарынан соғылып жатқан үш мешіттегі хатымхананы, аудандық мешіт маңындағы діни сауат ашу орталығын атап айтуға болады.
Мешіт тарапынан атқарылған осындай жұмыстардың көпшілік тарапынан аса елене бермейтіні анық. Алайда, атқарылған жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының рухани ой-өрісінің кеңеюі мен әл-ауқатының артуына бағытталғанын байқап отырмыз. Сондықтан, аудандық орталық мешіттің алдағы жұмысына да тек сәттілік тілейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.