Асыраушы сала жылды табысты аяқтады
Ауыл шаруашылығы – еліміз үшін ең маңызды сала. Себебі, дастархандағы нан, сүт, май секілді дәмнің барлығы осы асыраушы саладағы ағайынның ақадал еңбегімен бізге жетеді. Сондықтан мемлекетіміз маңызды салаға мән беріп, туындаған мәселенің түйінін мейлінше тарқатуға тырысып-бағуда.
Ауыл шаруашылығындағы жетістіктер әлеуметтің экономикалық жағдайына тікелей әсер береді. Ежелден төрт түліктен төл алып, иен далаға дән сепкен халқымыз бір-бірін көргенде «мал-жан аман ба?» деп саулық сұрасады. Осының өзі көп дүниені аңғартып тұрғандай.
Еншіміздегі ескі жылда ауданның ауыл шаруашылығы айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Оны жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков мәлім етіп отыр. Басшының айтуынша, биыл құны 209,2 млн теңге болатын 25 жобаны іске асыру жоспарланып, бүгінгі таңда 14 жоба іске қосылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы ауыл шаруашылығына 64 млн. теңге инвестиция тартылып, 17 нақты жұмыс орындары ашылған.
– Ағымдағы жылы 134,1 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 2876,4 гектарға ұлғайтылды. Былтырғы көрсеткіш 131,258 мың гектар. Сонымен қатар, осы жылы барлығы 11 307 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Оның ішінде 9 046 гектар тамшылатып суару, 2 161 гектар жаңбырлатып суару, 100 гектар спринкерлік суару әдісімен қамтылған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1 217 гектарға ұлғайды,-дейді Қайсар Қоныспайұлы.
Тұрмысты жақсартып, табысты еселеуде “Ауыл аманаты” жобасының алар орны ерекше. Аталмыш жобада Жаңа жол, Қорағаты және Көкқайнар ауылдық округінің тұрғындары бақ сынап, ойға алған шаруаларын орындауға мүмкіндік алды. Үш округтен 412 аула жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін тиісті құжаттар тапсырған болатын. Олардың 360-ы мақұлданып, 237 азаматқа 1 млрд. 242 млн теңгеден астам 2, 5 пайыздық несие берілген.
Одан бөлек, жоба аясында құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері де жаңа техникаларға ие болуда. Мал басы да анағұрлым артып, тұқымды асылдандыру ісі де жолға қойылған.
Бір айы өте шыққан қыс мезгілі де бірер апта бұрынғы ауа райын есептемегенде шаруалар үшін жайлы басталды. Алыс жатқан қыстақтардың жағдайы аудан басшылығының назарында. Ендігі меже – көктемге шығынсыз жету екендігін айтады сала мамандары.
Байжан Емберді.