Салауатты ұрпақ қамына жасалған қарекет
Спорт – ықылымнан саулық кепілі саналып, салауатты өмір салтының салтанат құруына негіз болған. Сондықтан мемлекетіміздің бұл салаға деген қамқорлығы ерекше. Алысқа бармай-ақ, ауданымыздың өзінде соңғы жылдары бірқатар спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне берілгенін қуанышпен айтуға болады. Одан бөлек, спорт алаңшалары да жастардың жиі шоғырланатын орнына айналды.
Сондай сәні келіскен, сәулеті жарасқан спорт-сауықтыру кешені жуырда ғана Д.Қонаев ауылында ашылған болатын. Аталған шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Қырықбаев, ауыл ақсақалдары мен спорт ардагерлері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Лента қию рәсімінен кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, жүрекжарды лебізімен бөлісті. Өз сөзінде Бақытжан Оразалыұлы саладағы серпінді жұмыстарға тоқталып, жүзеге асырылған игілікті істерді жіпке тізді.
– Бүгін ауылдарыңызда ақ түйенің қарны жарылып, ақжолтай жаңалық орын алуда. Баршаңызды асыға күткен спорт-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!
Өздеріңіз жақсы білетіндей, мемлекет бұқаралық спортты дамытуға мейлінше көңіл бөліп, қажетті нысандармен қамтамасыз етуді қолға алуда. Ел игілігіне берілгелі тұрған нысан сөзіміздің дәлелі. Себебі, осы нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды.
Жалпы алғанда 2023 жыл аудан спорты үшін жемісті жыл болды. Өңірдегі елді мекендердің 70 пайызында кіші футбол мен көше жаттығуына арналған алаңдар, Шу қаласы мен бірқатар ауылдарда спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, 26 жобаны 2024 жылдың жоспарына енгіздік. Қазіргі таңда 7 жобаның ЖСҚ –і әзірленіп, тиісті басқармаға жолданды. Сонымен қатар, Шу қаласындағы 2 нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ әзірленуде,-деді аудан әкімі.
Мұнан кейін мердігер ұйымның өкілі нысанды өз теңгеріміне алған спорт мектебінің басшысы Нәби Кенбаевқа символикалық кілтті салтанатты түрде тапсырса, аудан басшылығы тарапынан балаларға сыйлықтар үлестірілді. Ауыл қариялары спорт-сауықтыру кешенінің лентасын қиып, ғимарат мүмкіндігімен танысып шықты.
Ел игілігіне берілген спорт кешенінің жалпы аумағы 1300 шаршы метрді құрайды. Ендігіде жасөспірімдер кіші футбол, волейбол, баскетбол, бокс пен күрес секілді спорттың ондаған түрімен шұғылданбақ. Бұл да өз кезегінде ертеңгі ел чемпиондарын шыңдауға бағытталған батыл қадам әрі спорттағы жетістіктерді еселеуге арналған үлкен мүмкіндік екеніне кәміл сенеміз.
Байжан Емберді.