Жомарт жандар алғы шепте
Дін саласындағы мұсылман қауымына тән маңызды істердің бірі – қайырымдылық шарасы болып табылатыны белгілі. Мұндай шараға әсіресе жаны жомарт, қолы ашық азаматтар жиі қолдау көрсетіп, көптің алғысына бөленіп жатады. Аталмыш игі іс әдеттегідей өткен жылы да ауданымыздың әр ауылында жыл бойы жалғасын тауып отырды. Соның бір дәлелі, Далақайнар ауылының әкімі Ошанов Болат Жақсылықұлының басшылық етуімен «Далақайнар» ауылдық мешітінің имамы Дүйсенғали Молдақасымұлы Көдебаевтың ұйымдастыруымен, ауылдағы шаруа қожалық басшылары, ел ағаларының демеушіліктерімен мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмектердің тұрақты көрсетілуі.
Атап айтар болсақ, кеше ғана тарих қойнауына енген 2023 жылы ауылдағы шаруа қожалық басшыларының ауызбіршілігінің арқасында “Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер” демекші жаңбыр жауып, егістік алқабында егін мол өнім берсін деген ниетпен 8 бас қой құрбандыққа шалынып, тасаттық берілген. Оның ішінде 6 бас қойдың еті мүмкіндігі шектеулі тұрғындар мен аз қамтылған және көпбалалы 32 отбасына таратылды. «Далақайнар» ауылдық мешітінде Ораза айында ораза ұстаған ауыл тұрғындары мен қонақтарға ауызашар беріліп, оған да екі қой сойылған.
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, ауыл әкімі Б.Ошановтың демеушілік етуімен, «Кәусар» бөбекжай бақшасында тәрбиеленіп жатқан 50 балаға тәтті шырын таратылып, бүлдіршіндерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Егістік алқабындағы күзгі жиын-терін уақытында ауыл әкімі мен ауыл имамы бірлесе отырып, мұқтаж отбасыларға 1 қап пияздан үлестіріп беруді дәстүрге айналдырған. Ал, Халықаралық қарттар күніне орай, ауылдағы қарияларға Далақайнар ауылы әкімі аппараты ұжымының демеушілік етуімен ауылдық мешітте мерекелік дастархан жайылып, үлкен кісілер ақ батасын беріп, өз ризашылықтарын білдіріп жатты.
Әр ай сайын тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға «Далақайнар ауылы әкімінің аппараты» КММ ұжымының демеушілік етуімен азық-түлік себеті ұсынылып келді.
Сонымен қатар, ауылдағы Алланың үйі де көпшілік назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Қайырымдылық істерге есігі әрдайым айқара ашық тұратын «Далақайнар» ауылдық мешітіне жергілікті азаматтардың демеушілігімен жыл сайын қажеттілікке қарай тонналап көмір түсіріледі. Көмір көлемі әр жылда әрқалай. Мысалы, 2022 жылы 10 тонна көмір түсірілсе,2023 жылы 6 тонна отынмен қамтылған. Сонымен қатар, мешіттің ауыз суы мен жарығы үшін де төлем жасалады. Ауыл тұрғындарының қолдауының нәтижесінде қазіргі уақытта мешіттің іші жылы. Сондай-ақ, әр жыл сайын мектеп бітіргендеріне мерейлі белестер толып жатқан әр жылғы түлектер, өзге де қолы ашық азаматтар қолдарынан келгенше ұйымдасып, мешітті қажетті заттармен қамтамасыз етуде. Мысалы, мешіт айналасына гүлдер егіліп, жеміс талдары отырғызылды. Кейбір азаматтар ауыз су құбырын жүргізуге, жылу құбырларын жөндеуге, қазан-ошағы мен титан алып беруге үлес қосса, кейбір әйел азаматшалар жетіспеген ыдыс-аяқпен толықтыруда. Қазіргі таңда ауылдық мешітте мешіт алдынан ауыл ағаларының демеушілік етуімен заман талабына сай үлкен асхана соғылып жатқандығын да айта кеткен жөн.
Байқағанымыздай, аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендердің бірі – Далақайнар ауылында да игілікті істер жетерлік. Бұл ең әуелі осы ауылдағы абзал азаматтардың саналы қадамының жемісі екендігі анық. Қайырымдылық қашан да артықтық етпейді. Сондықтан, бірлігі жарасқан ауыл тұрғындарының мұндай іс-әрекеті алдағы уақытта да лайықты жалғасын табады деп сенеміз.
Динара Батырхаирова.