Қолдарыңыз дерт көрмесін!
Адам баласының қай жері ауырса, жаны сол жерде тұрады деген сөздің жаны бардай. Оның үстіне әупірімдеп «ковид» деген кесапаттың беті қайтқандай еді. Биылғы тұмаудың тамақтан алып, дене қызуын дембіл–дембіл көтеріп, қауіпті жұқпалы дерт екенін білдіріп, жұрттың бәрін әуре-сарсаңға салғанына да біраз уақыт болып қалды. Әрине, көпшіліктің барар жері – ақылы-ақысыз процедуралық орындар. Солардың бірі – Төле би ауылының орталық көшесіндегі «Сеул» дәріханасы. Үйде орналасқан медициналық ем қабылдау орнында арнайы дәрігердің нұсқаулығымен келген науқас жандарға көрсететін дәрігерлік екпе егу, дәрі құю секілді іс-шараны атқарып жатқан Рәзия Бұхарбаева әпкейдің дәрігерлік қызметіне көпшіліктің ризалық пікірін білдік. Сол кездегі Жамбыл қаласындағы медициналық училищені 1979 жылы бітіріп, аудандық аурухананың хирургия, гинекология бөлімінде табан аудармай 39 жыл еңбек етіп, 2018 жылы зейнетке шығып, сөзі мен ісі үйлесім тапқан қағылез әпкейдің әбжіл қимыл-қозғалысына қарап, зейнеткер деп айтуға тіліміз бармады. Келген науқастардың кірмей жатып аты-жөнін білетініне таңқалдық. «Мұнша адамдардың түр-түсі мен аты-жөні, тіпті туған жылына дейін жадыңызға қалай сақтағансыз?» деп сұраудың да реті келді.
-Керек десеңіз, 5-10 жыл бұрын ауруханаға жатып емделгендердің қандай диагнозбен түскеніне дейін білемін. Ең алғаш аудандық ауруханаға жұмысқа тұрғанымда бас дәрігер жаны жәннатта болғыр Сәкен Ақмолдаұлы Бейсенбаев ағамыз: «Қарағым, бұл жұмыстың өте жауапкершілігі жоғары екенін біл, мейірбикелер ешқашан қателесуге жол бермей, есте сақтау қабілеттерің мықты болу керек» дегені әлі құлағымда жаңғырып тұр. Біз ұлағатты ұстаз дәрігерлердің әрбір тағлымды сөздерін жадымызда ұстап, оны іс жүзінде пайдалануға дағдыланғанбыз. Осы салада күні бүгінге дейін 45 жыл еңбек етіппін. Өзің сүйіп атқарған мамандықтан адам шаршамайды, -деп ой бөлісті.
Көпшіліктің ішінен ем алып жатқан науқас жандардың бірі – Сарқыт Сейділдаевтың да пікірін тыңдадық. «Жасым жетпістен асты, ауылымызда басқа да ем қабылдау орындары жетерлік. Талай жылдардан бері осы Рәзияның инесінің арқасында шапқылап жүрміз десек болады. Қазақта «қолы жеңіл екен» деген сөз бар ғой. Рәзияның ине шаншығанын сезбей қаласың. «Қартайған сайын жан тәтті болады екен» деген сөз де негізінде рас айтылған. Ине шаншығанда ауыртпаса «жаны ашыған, жүрегі жылы екен» деп қуанып қаласың. Біз зейнеттегі кісілер теледидардан сериалдарды көп көреміз. Түрік сериалдарын көріп отырғанда көп жерде айтылатын «қолдарың дерт көрмесін» деген сөз осы Рәзия секілді қарындастарымызға арнап дөп айтылған баталы сөз секілді. Еңбегінің жемісін, бала-шағасының қызығын көрсін», деп ақжарма тілегін білдірді.
Басты байлық – денсаулық десек, сол денсаулықты қалыптастыру бағытында шипагерлік ісімен көпшіліктің алғысын алып жүрген Рәзия әпкемізге Сарқыт ата айтқандай, «Қолдарыңыз дерт көрмесін!» дегіміз келеді.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.