Теңдік – әділдік бастауы
Жуырда аудандық газеттен «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деп аталған ел Президенті Қ.К.Тоқаев пен «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі арасындағы сұхбатты оқып, ашық әңгімеден өзіндік ой түйдім. Мемлекет басшысы көптеген маңызды мәселелерге қатысты пікірін ашық жеткізіп, соңғы жылдарда елімізде орын алған алған өзгерістер бойынша жан-жақты мәлімдеп, билік бойынша ұстанымдарын да айтып өтті.
Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз ету екендігін, заң бұзған кез келген адам жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарастарының еш қатысы жоқтығын, заң барлығына ортақ екендігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы ұстанымын жалпы қарапайым халық оң бағалайды деп сенемін. Өйткені, күнкөріс үшін қым-қуыт тірлікке бой алдырған қара халық, заң тәртібінің барлық талаптарын біле бермейді. Отбасы мүшелері мен жақын жандарының басына күн туғанда, яғни қандай да бір қателікке бой ұрындырып, заң алдында жауап беруге тура келгенде көп жағдайда абырой, беделі бар азаматтар сытылып кетеді. Бұл – ащы болса да, шындық. Оған қоса соңғы жылдарда «Заңның алдында хан да бір, қара да бір» деген ұстаным өз құнын жоғалтып алғанын шынайы оқиғалардан аңғарып келеміз. Ал, ел Президентінің осы мәселені қатаң қолға алып, заң алдында жұрттың бәрі тең болуына баса көңіл бөлуі – дәл бүгінгі күннің талабы десек, қателеспейміз.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды» демей ме, халық даналығында?! Біз заңның қатаң сақталуы арқылы ғана әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз және оған әр саналы азамат, әсіресе билік өкілдерінің зор жауапкершілікпен қарауының маңызы зор. Заң үстемдік еткенде ғана қарапайым халықтың билікке сенімділігі арта түседі. Бұл қоғамдағы келеңсіздіктердің азаюына да өз ықпалын тигізеді деп білемін. Сондықтан, Қ.К.Тоқаевтың бұл тұрғыдағы ұстанымын қолдаймын және бұл ұстаным біздің ауданымызда да лайықты жүзеге асырылады деп сенемін.
Жасұлан Әбенов,
Шу аудандық мәслихатының төрағасы.
***
Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың белгілі ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлына берген көлемді сұхбаты «Egemen Qazaqstan» газетінің сайтында жарық көрді. Қазақстан халқына «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деп ұран тастаған Президент өз сұхбатында көптің көкейінде жүрген сауалдарға жан-жақты жауап бергендей болды.
Жыл соңында жарияланған сұхбатта еліміздің өткен жолы сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Сондай-ақ сан жүректе сыз қалдырған Қаңтар оқиғасының салдары мен түпкі себептері де осы сұхбатта көрініс тапты. Тіпті, сұхбаттың тұтас бөлігі екі жыл бұрын болған оқиғаға арналған. Мұның терең мәні бар деп топшыладым.
Әрбір қазақстандық азаматтың көкейінде елдегі әлеуметтік жағдай қалай болады екен, тұрмысымыз түзеле ме деген заңды сауал туындайтыны рас. Бұл орайда да Мемлекет басшысы еліміздің болашақтағы бейнесін бірнеше сөйлеммен баяндап берді. Президенттің пайымынша, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болмақ.
«Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді. Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» деді Қ.Тоқаев аталмыш сұхбатта.
Сондай-ақ Президент отандастарымыздың белшесінен қарызға батқанына алаңдаушылық білдіріп, ел тізгінін қолына алғалы бері осы бағыттағы жұмыстарды жіпке тізіп берді. Жалпы алғанда бұл сұхбатты ел азаматтары, әсіресе, аға буын өкілдері баспасөз бетінен оқып, танысты деген ойдамын. Оқымағандар басылымды қолына алып, астын сызып оқуы тиіс. Себебі сұхбатта елдіктің жайы, еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымы, қоғамның қызу талқысындағы зорлық-зомбылық туралы толыққанды мәлімет берілген.
Қорыта айтқанда, жарияланымда дәтке қуат, күдікке ақиқат болатын мәселелер сөз болған. Бұл орайлы сәтте шыққан сұхбат деп есептеймін. Ендігісін елмен бірге көреміз. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ержан Өмірәлиев,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.