Батыр көшесінің сиқы кетіп тұр
Журналистер қауымы төртінші билік өкілдері болғандықтан, біз де атқамінерлер мен халық қалаулылары секілді ылғи ел ішінде жүріп, олардың мұң-мұқтажына, талап-тілектеріне құлақ түріп, қандай да бір мәселенің шешімін табуға атсалысуымыз керек. Аракідік аудан тұрғындары түрлі мәселелермен базынасын айтып, түйткілді тарқатуға түрткі болуымызды қолқалайды.
Жуырда ғана Шу қаласындағы Рахымжан Қошқарбаев көшесінің тұрғындары редакциямызға қоңырау шалып, өздері тұрып жатқан көшеге келіп, мән-жайға қанық болуымызды сұрады. Алқалаған жұрт бірнеше мәселені алға тартты. Өздерінің учаскесінен сайланған депутаттардың түрін көрмек түгілі, аты-жөндерін де жете білмейтін көрінеді. Қордаланған мәселелердің қатарында жол, жарық, ауыз су сынды қажеттіліктердің бәрі бой көрсетті.
Қошқарбаев көшесінің тұрғындары ең алдымен ауыз су мәселесін көтерді. Бір-екі жыл бұрын осы мәселені көтергенде қала әкімдігі газды жер астымен жүргізгендіктен сол жерді қайта қопарып, маңына ауыз суды жүргізе алмайтындығын жеткізген екен. Ол жауапты естіген тұрғындар ауыз су көше бойынан тартылмаса тартылмасын, үйдің аяқ жағынан тартса болар еді деген тілегін ескерсе екен дейді. Мұнан кейін көше бойына түнгі жарық жүргізілгенімен, жанбай тұрғанына бірнеше айдың жүзі болыпты. Таңертең әр үйден балалар мектепке қарай ағылады. Көшеде жарық болмағандықтан қыстың күндері таңғы уақытта қараңғы болып тұрады, оған қоса қаңғыбас иттер де көп. Көше тұрғындары балаларының қауіпсіздігі үшін де алаңдайтынын жарыса айтты. Ал, жолдың жайы өз алдына бөлек әңгіме. Қардың суы еріп, жаңбыр жауған күндерде асфальтталмаған көше бойы лай-батпақ болып, дембіл-дембіл аяқ киім тоздыратын көрінеді.
Айта берсең, басқа да мәселелердің шеті шыға береді. Сол Рахымжан Қошқарбаев көшесіне бұрылып кіре бергенде жолдың бойында үлкен монша тұр. Былайғы күндерді қоя беріңіз, сенбі-жексенбі күндері моншадан шыққан лас судың иісі қолқаны қауып, сол маңның тұрғындары жаздың күндері аулада отырмақ түгілі, тіпті тыныстай да алмай қалатынын айтты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын алға тартып, еститін мемлекет құруға шақыруда. Сондықтанда халықтың үні биліктің құлағына жетсе, онысы екінші құлақтан шығып кетпей, көтерілген мәселе сиырқұйымшақтанбай уақытында шешімін тапса, еліміз көркейгеннің үстіне көркейе бермек. Биыл рейхстагқа ту тіккен жауынгер Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл екендігін ескерсек, Қошқарбаев көшесінің тұрғындары көтерген көпжылғы мәселелер даталы жылда шешімін тауып кетсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Айғаным Асқарбек.