Ақпараттық портал

Шу жерінде Қонаевтың табанының табы қалған

12 қаңтар – қазақтың біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күні. Пайымы мен парасаты келіскен тұлғаның туғанына 112 жыл толып отыр. Жұрт жадында жақсы тұсымен жатталған Дінмұхамед Ахметұлы өз заманында дүниенің төрт бұрышын түгел аралаған. Сондай-ақ оның шежірелі Шу жеріне де бірнеше дүркін табан тірегені аға буынның есінде.
Әкеміз Жақыбаев Әбжапар көзі тірісінде кемеңгер жан туралы жиі айтып отыратын әрі қолы қалт еткенде қағаз бетіне естеліктерді жазуды әдетке айналдырушы еді. Димаш ағаның туған күніне орай әкемнің қолжазбасын басылым бетінде жариялауды жөн көрдім.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, Д.Қонаев 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған. Соғыс жылдары тылдағы қорғаныс кәсіпорындарының қалыпты жұмыс істеуін қамтамамсыз ету үшін заңғар тұлға Алматы мен Бішкекке отын жөнелтетін Қосқұдық орман шаруашылығына жиі аттың басын бұрған.
Бұл туралы Димекеңнің: « … Иә, бір жылы Мойынқұм–Шудың сексеуілін Алматыға тасығанымыз бар. Қызуы мол отын ғой ол. Соғыс кезінде сол үшін Қосқұдықтан тар табанды жол салды. Соғыстан кейін Мойынты-Шу жолы төселді. Күндіз-түні басы-қасында жүрдім»- деген естелігі бар-тын.
Сол тұста Қосқұдық орман шаруашылығының директоры, белгілі қоғам қайраткері болған жерлесіміз Нұрмамбет Байтіленов болатын. Димекеңнің Шу топырағында тұңғыш танысқан және араласқан адамы да осы кісі екен. Көнекөз қарттардың дерегінше, Димаш атамыз Н.Байтіленовтің жұмысын үнемі жоғары бағалаған.
Әкеміз қағазға қондырған естеліктің бірінде Д.А.Қонаев 1961 жылы Ташкенттен Ақмолаға бара жатқан Н.С.Хрущевті аудан басшылары Ж.Түйебеков, Ә.Досымбаевпен бірге Шу теміржол бекетінде тосып алмақ болғаны айтылған.
Сонда халықтың аяулы ұлы өзі перронға түсіп, сәлемдескен соң «күтпей-ақ қойыңдар, ол шықпайды!» деген. Солайша ол Хрущевтің атын, әкесінің атын айтып құрмет көрсетпеген екен. Жай адамдай «ол» деген.
«Сірә, әпербақандай Хрущевтің Ақмолада қазақ халқына ұнай бермейтін бірқатар солақай шешімдер қабылдайтынын жүрегі сезді ау деп ойлаймын»-деп сол кезде аудан басшысы болған Ж.Түйебеков өзінің «Патша көңілім не дейді» кітабында көрсетеді.
Бұдан әрі естелікке үңіле отырып, «Ақмоланы Целиноград атандырған сол жыл болатын. Ұлы адамдардың артында із қалады. Сол іздердің шиырлары біздің ауданымызда да жатыр. Осы бір ұлы тұлғаның ауданымызға келіп, еркін аралаған бір сәті 1979 жылдың жазы еді. Арнаулы вагонын екінші Бірліктің тұйығына бір тәулік бойы тұрғызып қойып, асықпай аралады. Мақсаты ауданның негізгі бағыты – суармалы астық пен қант қызылшасының жағдайымен танысу, Тасөткел су қоймасын өз көзімен көру. Ең алғаш «Бірлік» элеваторында болып, «Алға», «Новый путь» кеңшарларының егінжайын, қант қызылшасын аралады» деген деректерді көзіміз шалады.
Сонымен қатар ел басқарған ерен жанның «Алға» кеңшарының қызылша алқабын аралаған кезде кеңшар директоры Қайып Кененбаев, партком хатшысы Егізбай Жақсылықов, қызылша бригадирі Ү.Оңғарбаевтармен, қызылшашылар Раисова Мәсенмен, Шалбаева Тәжібаламен, Топашева Фатимамен ашық әңгімелесіп, еңбектеріне табыс тілеген.
Бұдан әрі Димекең «Новый путь» совхозының Социалистік Еңбек Ері Н.Трощинский басқаратын ақ егіс алқабында болып, жұмыстарына дән риза болды. Жақсы тілектерін айтып, «Белбасар» совхозының қызылша алқабында жұмыс істеп жатқан қызылшашыларға аттың басын бұрғызды. Олармен біраз әңгімелесті. қызылшашылар дән риза болып, алғыстарын жаудырған көрінеді.
Осыдан кейінгі бағыт – су қоймасы болып, ол Қазақстанның маңызды мелиорациялық құрылыстарының бірі, 1963 жылы іске қосылған қойманы көзбен көрген. Аталмыш су қоймасының арнасы толған кездегі мөлшері 620 млн метр куб тіршілік нәрін жинаған. Сол арқылы ауданның 42,1 мың гектар жері суарылады дейді әкем Әбжапар Жақыбаев өзінің жазбасында.
Көзі тірісінде Д.А.Қонаев Социалистік Еңбек Ері атағын үш рет алып, «Ленин» орденін сегіз рет омырауына қадағанда асып-таспай: «Менің нағыз өз еңбегіммен алған марапатым – үлкен өндіріс, кеніште істеп жүрген инженер кезімде кеудеме арнайы тағылған медаль ғана, қалғаны – халқымдікі» деген екен.

Гүлзағира Жақыбаева,
С. Шәкіров атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.