Ақпараттық портал

Қасиетті Ережеп айы мүбарак болсын!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Құрметті мұсылман қауым! Қадірлі жерлестер!
Исі мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті төрт ай бар. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны – он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер», – делінген. Сол ұлық айлардың бірі – Ережеп айы бүгін табалдырығымыздан аттап отыр.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қасиетті айларға көп көңіл бөліп, сахабаларға оларды қалай өткізу керектігі жөнінде айтатын. Сондай-ақ, ережеп айы кіргенде: «Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!», – деген дұғамен қасиетті айларды (Ережеп, Шағбан, Рамазан) бастайтын.
Ережеп айының барша мұсылмандар үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан шын кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтарын қабыл етеді.
Ережеп айы Ислам дініндегі қатар келетін қасиетті үш айдың алғашқысы болып табылады. Қалған екеуі Шағбан мен Рамазан деп аталады. Бұл айлар Жаратушы Иенің пенделеріне ерекше рақымдылық танытуымен, аса мейірбандық көрсетуімен ерекшеленеді. Сондықтан, әлем мұсылмандары бұл айларға аса құрметпен қарап, құлшылықтарына ден қояды.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу қажылығында: «Бір жылда он екі ай бар. Бұлардың төртеуі харам айлар, үшеуі қатар келген – Зилқағда, Зүлхижжа және Мұхаррам, төртіншісі – Ережеп», – деп жеке-жеке атап көрсеткен.
Ережеп айында қасиетті түн бар. Ол – Миғраж түні. Миғраж – Ережеп айының 26-нан 27-сіне қараған түн. Миғраж оқиғасы хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. «Миғраж» сөзі «жоғары шығу», ал «Исра» сөзінің мағынасы «түнгі сапар» дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Миғраж оқиғасын былайша баян етеді: «Құлын (Мұхаммедті ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбарак қылған Ақса мешітіне апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк, шәксіз.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі Ережеп, Шағбан, Мұхаррам, Шәууал айларында ауыз бекітіп, руханиятқа ерекше көңіл бөлген. Ережеп айының жұлдызы туғанда, Парасат падишасы (с.ғ.с.): «Уа, Ұлы Жаратушы! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете көр! Бізді қасиетті Рамазанға аман-есен жеткізгейсің!» –деп дұға жасаған. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) Ережеп пен Шағбан айында ұдайы ауыз бекітіп, нәпіл ғибадаттарды молынан атқарған.
Ақиқаттың ақжал толқыны сахабалар да осы мезгілде бір ерекше қарқынмен құлшылық жасайтын. Парызбен қоса нәпіл құлшылықтарын орындап, жоқ-жітікке, жетімдер мен кембағалдарға қол ұшын созып, көмектесетін. Сол үшін исі мұсылман жамағаты мұндай қасиетті айларды құр жібермей, қадір-қасиетін бағалап, бейне құлшылық пен ізгілік жасауда жарысқан жандардай күй кешкені жөн.
Өйткені, бұл айда Алла тағала әнбиялардың, яғни пайғамбарлардың тәубелерін қабыл етіп, әулиелерді дұшпандарынан қорғаған. Бір кісі ережеп айын ораза ұстап өткізсе, Алла тағаланың үш жақсылығына ие болады.
1. Өткен күнәларын кешіреді.
2. Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды.
3. Қиямет күні Алла тағала тарапынан сусындалады.
Қасиетті күндер мен түндерде жасалған әрбір игі істің сауабы басқа күндермен салыстырғанда еселенеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мына бес түнде жасалған дұға қайтарылмайды: рағаиб түні, шағбан айының 15-ші түні, жұма түні, Рамазан айтының түні және құрбан айтының түні», – деген (Ибн Асакир).
Сондықтан, бұл айлардың қадірін біліп, босқа өткізіп алмай, Алланы көбірек еске алып, біліп-білмей істеген қателеріміз үшін кешірім сұрап, тәубе етіп, Құран оқып, ілім алып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, садақа беріп, игі амалдармен айналысып өткізге-німіз абзал.
Алла тағала біліп-білмей жасаған күнәларымызды кешіріп, қасиетті айларда жасаған құлшылығымыз бен ғибадатымызды қабыл етіп, екі дүние бақытына бөлесін! Амин! Биыл Ережеп айының кіруі 13 қаңтар, сенбі күні. Миғраж түні ақпанның 7-нен 8-не қараған түн, яғни сәрсенбі. Алдағы күндері Миғраж оқиғасы жайында баяндайтын боламыз.
Талғат Кәрібайұлы,
Төле би мешітінің бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.