Ақпараттық портал

Дәстүрлі турнир өтті

Жуырда Шу қаласындағы №40 орта мектептің спорт залында Шу қалалық таеквондо федерациясының ұйымдастыруымен, ел тәуелсіздігінің отыз екі жылдығына, Желтоқсан көтерілісіне отыз жеті жыл толуына орай балалар мен жасөспірімдер және жастар арасында таеквонда жекпе-жегінен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы дәстүрлі ХХІV-ші қалалық ашық турнирі өтті.

Оған Қостанай, Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарынан 200-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс Керугиден (жекпе-жек) бүкіләлемдік таеквондо WT федерациясының ережесіне және шарттарына сәйкес, олимпиадалық жүйе бойынша өткізілді.
Тартысты өткен жарыс нәтижесінде командалық есепте І орынды Шу қаласы, ІІ орынды Қостанай қаласы, ІІІ орынды Түркістан облысы, Түлкібас ауданы иеленді. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауданының таеквондошылары ашық турнирде үздік нәтиже көрсетіп, қосымша «Үздік команда» қатарынан марапатқа ие болды. Жеңімпаз командалар жарысты ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубокпен, медаль, дипломмен, естелік сыйлықпен марапатталды. Ал, жекелей салмақтағы спортшылар медальдармен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Жаттықтырушыларға федерация тарапынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Жарысты аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Дүрманов салтанатты түрде ашып, «Тоғай» мешітінің имамы Ж.Сағитов құран оқыды. Шу ауданының Құрметті азаматтары Мәкен Уақтегі, Сайфуддин Абдуманапов, «Желтоқсан тағлымы» ҚБ-нің төрағасы Кенжебек Ибраймов, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Нұрғали Оңашабаев, №36 БЖСМ-нің басшысы Нәби Кенбаев, Шу қалалық таеквондо федерациясының төрағасы Марат Тілеуқұловтар жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шу қалалық таеквондо федерациясы жарысқа демеушілік жасап, қолдау көрсеткен таеквонда үйірмесінің ата-аналар алқасына, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының басшысы Б.Ұзақбаевқа, аудандық №36 БЖСМ басшысы Н.Кенбаевқа, жеке кәсіпкер С.Асатовқа, білім бөлімінің басшысы Т.Дүрмановқа, №40 мектеп-лицейдің директоры Тұрсын Қадырұлына зор алғысын білдірді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.