Ақпараттық портал

«Біз үшеу едік» -көңілден шыққан қойылым

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, рухани қайнарға бас қойған, тұлға болып қалануға жол салған әрбір азамат ұлтты ұлы істерге жетелейтіні ақиқат. Бүгінгі күні жұртты көзі ашық, көкірегі ояу болмаққа шақырып, кітап оқу үшін түрлі жобаларды жүзеге асыруға мемлекет барын салуда. Кітап оқуға құлқы жоқ елді де ойлаған түрлі театр ошақтары әлем және қазақ әдебиетіндегі сүбелі туындыларды қойылым ретінде ұсынуда.

«Театр – өмірлік мәселелерді шешудің жоғарғы сатысы» демекші, өнер адамдары кез келген жанның бар болмысын, ішкі арпалысын бір қойылыммен-ақ паш етіп, тіпті кей сәттері көңілге түрлі ой салып, шынайы эмоцияларға бөлеп, жоғарыда айтқандай қоғамдағы түрлі проблемаларды алға тартуымен-ақ ерекшеленеді. Міне осы үдеден шығуды ойлаған “Artakhman” театры біздің ауданға ат басын бұрды. Өткен сенбіде аудандық мәдениет үйінде ҚР еңбек сіңірген артисі, режиссер Мұрат Ахмановтың “Біз үшеу едік” атты қойылымы сахналанды. Бұл драма Төлен Әбдіктің “Біз үшеу едік” туындысының желісімен сахналанған. Рухани шөліркеген жұрт мәдениет үйіне қарай ағылып, зал көрерменге лық толды. Т.Әбдікұлының қай шығармасы болсын, ойландырады, толғандырады, жүрегіңді қозғайды, жаныңды тазартады, рухыңды шыңдайды. Адам жанының тазалығы турасында жазылған бұл шығарма уақытында көп мақталды да. Бір-бірімен біте қайнасып жатқан бар-жоғы үш кейіпкер болғандықтан, бұл үштікті бір-бірінен бөліп талдауға әсте болмайды.
Шығармадағы басты кейіпкер Мұрат – максималист жан. Оның көңіліндегі ақторғынды ешқашан кір шалмауы тиіс. Ал, қара дегенің бәрібір қара болып қалады, маңында өзге түске орын жоқ. Осы мінезінен де оның тартқан азабының мол екендігін түйсігіңіз танып, оның күйгелектігінің табиғаты қайдан шығып жатқанын көпшілік ұғынып отырды. Өзі құлай сүйген Дариғаны жан досы Өмірбек иеленгенде де сезімін сыртқа шығармай, өкінішін құлыптап ұстаған ұстамды жан. Дариға күйеуінің көзіне шөп салғанда үнсіз қалуға дәті шыдамады. Оны досына жеткізіп, ол жағдай жұртқа жария болғанда, Өмірбек пен Дариға ажырасады. Сатқындықты біле тұра жасырып, айтпай қалуға ары жібермеген Мұрат араға жылдар салып, түн ортасында Дариға үйінің есігін қағады. Дариға мен Мұрат арасындағы әңгіме – шығарманың ең бір шиыршық атар тұсы. Жан тебірентер ашық әңгіме. Шамырқанған, налыған ащы пікір. Буырқанған, адалдық сөзі. Достық, шын ниетпен жақсы көру, махаббат пен аярлық, сатқындықтың неге апаратыны сөз болар кейіпкерлер арасындағы өткір диалогтар көрерменді ой тереңіне батырды.
Ал, Мұрат пен Өмірбек арасындағы сөз алмасулары көңілге аяныш, жабырқау әкеледі. Шығармадағы тағы бір кейіпкер Өмірбек шаруасы жүріп, тасы өрге домалап тұрған тәп-тәуір отбасы иесі болып көрінгенімен, танымы мен түсінігі бас пайдасын көздеудің айналасынан ұзай алмайтын тар қолтық, кемшін адам ретінде бейнеленген. Бір кезде Дариғамен көңілдес болған жанды құрметтеп дастарқанына шақырып, құрақ ұшып, сол арқылы әлдебір шаруасын атқарып алудан үмітті Өмірбек дастарқан үстінде Мұраттың бұл адаммен қатар отырмаймын деп дау шығарғаны үшін досын кінәлап, қонағынан кешірім сұрауға да әзір. Ар соты, адамгершілік мұраты оны қинамайды. Оған бас қатырудың да қажеті жоқ, себебі, ол пайдасыз.
Осы заманның өзекті мәселелерін арқау еткен қойылымда 20 жыл өткен соң бұрынғы бірге оқыған достардың кездесуі сөз болады. Мұрат, Өмірбек және Дариғаның біреуі елім десе ет жүрегі елжіреген отаншыл перзент болса, екіншілері ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруді көздеген тоңмойын тоғышарлар. Үшеудің аққу, шортан, шаяндай ара-қатынасы көрерменді тәрбиелейді, жаманнан жирентіп, жақсыдан тәлім алуға шақырады. Шын достық, адал махаббатты баяндайтын екі сахналы спектакльде махаббат пен сатқындықтың арасы бір-ақ адым екенін, кіршіксіз, таза сезімнің бар екенін дәріптейді.
-Біз бұл қойылым арқылы қазіргі қоғамда үлкен мәселеге айналып отырған-ажырасу, көзге шөп салу сынды түйткілдерді алға тартып, көптің көңіліне ой салуды көздедік. Бұл қойылымның алғашқы премьерасы 2023 жылдың сәуір айында Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұған қоса өткен жылдың желтоқсан айында Қырғызстанда өткен 6 мемлекет қатысқан “Новые имена” атты байқауда үздік деп танылды. “Біз үшеу едік” драмасы Шу өңірінде де үлкен қошеметке бөленіп, бағасы асып, бір марқайып қалдық. Шулықтардың мәдени өресі биік екендігін аңғардық. Біздің театр ұжымының еңбегін бағалап, залдың лық толуына атсалысқан Шу ауданы әкімдігіне, Жастар ресурстық орталығына, аудандық білім бөліміне алғысымыз шексіз,-деді Мұрат рөлін сомдаған Нұрдаулет Қазыбек.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.