Ақпараттық портал

Ауылдастың аты оза бергей

Әрбір жұмыр басты пенденің жүрегіне жақын ісі болатыны белгілі. Ондай жанның күйбең тірліктен қолы қалт еткенде аңсары ауған дүниесімен айналысып, жан сарайы жадырап сала береді. Біз сөз еткелі тұрған кейіпкеріміздің де бала күннен футболға құмары бөлек.
Нартай Базарбаев 1983 жылы Шу ауданы, Алға ауылдық округі, Сауытбек ауылында дүниеге келген. Аталмыш ауылдағы орта мектепті тәмамдаған жас түлек үлкен өмірге қадам басып, оң жамбасына ыңғайлы мамандықты таңдайды. Алайда теңбіл доп тебуге деген құмарлығы күшеймесе, бәсеңдемеген.
Қазіргі таңда Нартай Тоқтарханұлы Алматы қаласында тұрады. Жол құрылысымен айналысатын «Альянс» ЖШС-да басшылық ететін жерлесіміз 2020 жылдан бастап «Күнту» атты футзал командасын құрып, демеушілік етіп жүр. Жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылданатын әуесқой команданың жеткен жетістіктері жоқ емес.
Мәселен, «Күнту» командасы былтыр Астана қаласында өткен республикалық турнирде күміс жүлдегер атанса, биыл Қарағандыдағы доп додасында бірінші орынды иеленген. Бұған дейін де жерлестеріміз түрлі турнирлерге қатысып, тәжірибесін толықтырған. Ал соңғы жылдары аталған команданың жұлдызы жарқырай түскен.
Туған ауылынан жырақта жүрген Нартай Тоқтарханұлы өзі білім алған алтын ұя мектебіне қол ұшын созуды еш ұмытқан емес. Ол бұл ісін перзенттік парызы санайды. Ауылын ардақтау арқылы қауымды қадірлеуге болатынын ұқтырған жомарт түлек жас ұрпаққа ерен үлгі көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн.
Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген тамаша сөз бар. Сол лебіз ауылымыздан шыққан азамат, жомарт түлек Н.Базарбаевқа арналып айтылғандай. Өз жұмысына берік, спорт және ауыл жанашыры, жастардың ақылшысы болған жерлесімізді ауылдастары мақтан тұтады әрі барлық бастамаларына береке тілейді.

Мадияр Қасымханұлы,
Алға орта мектебі директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.