Ақпараттық портал

«Би-арт» бағындырар белес көп

Дархан даламыз талай дарындыларды бесігінде әлдилеп, текті жұртымыз өнерлілердің өрісін кеңейтуге жол ашқан. Содан болар “Өнерлі өрге жүзер”, “Өнерлінің өрісі кең” деген нақыл сөздер ел аузынан бүгінге жетіп отыр.

Біздің оймақтай ғана Шу өңірінің өзінен тарихтан ойып тұрып орын алатын талай өнерлі тұлғалар түлеген. Тектіліктің жалғасы, ұрпақтар сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып, бүгінде өнер айдынында жас өрендеріміз жүзіп жүр. Сол өнерлі өрендердің басын бір арнаға тоғыстырып, өнердің түр-түріне баулып жүрген “Би-арт” шығармашылық орталығының ауданымыздың жетістіктер қорын молайтуға үлес қосып жүргенін көпшілік біледі. Түкпір-түкпірде өнер додаларында бой көрсетіп қана қоймай, бір жылдық еңбегінің нәтижесі ретінде есептік концерт беруді де дәстүрге айналдырған “Би-арт” шығармашылық орталығы 2023 жылдың ақырғы күнінде аудандық мәдениет үйінде жылды қорытындылады.
“Биімен шуақ шашқан бүлдіршіндер!” атты балауса бишілердің мерекелік концертін аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев ізгі тілегімен ашып, жас өнерпаздардың бағындырар белесі мен алар асуы ауданның мәдениетіне қомақты үлес қосатынын тілге тиек етті. Кеш шымылдығы түрілгеннен кейін биші қыздардың үлкен тобы “Шоу-мен” биімен сахнаға жарқ ете шығып, көптің көңілін өздеріне бұрды. Бұдан бөлек, “Аманат”, “Египет”, “Домбыра” сынды жыл бойы үйренген билерімен де көрерменнің көзайымына айналып, ыстық ықыласына бөленді. Көрермендердің қатарында биші балғындардың ата-аналары да болды. Баласының титтей болса да жетістігіне төбесі көкке жеткендей қуанатын ата-аналар балалары сахнаға шыққан сайын қос алақаны қызарғанша шапалақтап, қошеметін көрсетіп отырды.
Есеп беру концерті болғаннан кейін кеш барысында “Би-арт” шығармашылық орталығының жетістіктері де ауыз толтыра айтылды. Өткен жыл «Би-арт» би орталығы үшін табысты жыл болды деуге толықтай негіз бар. Биші қыздар Астана, Ыстықкөл, Түркістан, Алматы қалаларында өткен халықаралық, республикалық деңгейдегі өнер бәйгелерінен оза шауып, жеңімпаз бен жүлдегерлер қатарынан көрініп, өнер орталығының мерейін асырып келеді. Атап айтсақ, Ыстықкөл каласында өткен би конкурсында үлкен топ бас жүлдені иеленсе, кіші топ І орынды қанжығаларына байлап қайтты. Жіпке тізе берсек, алға бастар жетістіктердің қатары бір шоғыр.
Болашақтың баянды болмағы бала санасына егілген білім нәрі мен тәлім-тәрбиеге байланысты. Білім мен тәрбиені тел емдіре жүріп, өнерге әуесі бар ұрпақтарды да биікке жетелеп, тер төгіп жүрген жандардың еңбегі бағалауға тұрарлық. “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы” деп Абай атамыз айтпақшы, барлығы дерлік өнер қазанында қайнамаса да, ішінен шыққан таңдаулылары Шара Жиенқұлова сияқты апаларымыздың жолын қуса игі. Биге ынтасы бар қаракөздерімізді қанатының астына алып жүрген “Би-арттың” алар асуы, бағындырар қамалы әлі алда деп сенеміз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.