Инвестициялық штаб отырыс өтті
Осы аптада өңірімізге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қ.Мәдібек жұмыс сапарымен келді. Аймақтағы асыраушы саланың үйлестірушісі ат басын бұрған алғашқы нысан «Тараз химиялық Паркі» АЭА болды. Өндіріс ошағының бас ғимаратында болған облыстық инвестициялық штаб отырысына төрағалық еткен Қанатбек Қайшыбекұлы жиынды ашып, талқыланатын тақырып туралы қысқаша айтып өтті.
Аталмыш отырыста инвесторлармен жұмыс, осы саладағы мемлекеттің қолдау тетіктері туралы облыс әкімінің кеңесшісі Дәулетқожа Мамыров отырысқа арнайы келген аудандардағы осы салаға жауапты әкімдердің орынбасарлары мен Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдеріне тәптіштеп түсіндірді. Туындаған сауалдарға тұшымды жауап берді.
Одан соң «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының директоры Арыстанбек Сағиев жиналғандарға өз презентациясын ұсынып, штаб отырысына арқау болған тақырыпты жан-жақты тарқатты. Сондай-ақ инвесторлармен жұмыс жүргізудегі мәмілелер мен мәселелерді де ортаға салып, өзіне қойылған сұрақтарға жауап қайырды.
Штаб отырысынан кейін, ұйымдастырушылар қатысушыларға аумағы 505 га болатын АЭА-ын аралатып, өндіріс орындарының бүгінгі аяқ алысымен таныстырды. Мұнда «Хим плюс» ЖШС бас директоры Дәулет Жүніспеков қонақтарға өздері өндіретін арамшөптерді жоятын гербицидтер туралы мәлімет ұсынып, өнімнің мүмкіндігін баяндап берді. Оның айтуынша, өнім сұйық және түйіршік түрінде өндіріліп, еліміздің бірқатар аймақтарына өткізілуде. Сатып алушы шаруалар өздеріне қажетті шамада гербицидттерді сатып алып, егіс алдында қолданатын көрінеді.
Сонымен қатар қонақтар шөп баулайтын жіп және қап, сұйық гербицидке арналған пластмас құты өндіретін цехқа да бас сұғып, керекті мағлұматқа қанық болды.
Алқалы жиыннан соң Қанатбек Қайшыбекұлы «Шу-Нан» наубайханасына барды. Фатали Гусейнов басқаратын кәсіпорында 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Олар тәулігіне 10 мың дана нан пісіріп, дүкендерге саудалайды. Басқарушы Н.Гусейновтың айтуынша, мұнда кондитерлік өнімдер, нан мен тәтті тоқаш түрлері пісіріледі. Сонымен қатар, кәсіпкер құны 18 мың АҚШ доллары тұратын жабдықты Түркия елінен әкелген.
Шаруасын шалқытып отырған шулық кәсіпкер 2019 жылы астық сақтайтын қойма салған болатын. Қазіргі таңда пияз сақталған қойманы да көзбен көрген құрметті мейман өңірдің пияз өсірудегі әлеуеті зор екенін атап өтті әрі биылғы өнімнің жақсы болғанын тілге тиек етті.
Жалпы ауданы 1200 шаршы метр болатын көкөніс және астық сақтау орнына 1200 тонна өнім сиятын көрінеді. Жеке кәсіпкер аталмыш қойма қазіргі таңда өз жұмысын толықтай атқарып отырғанын айтуда. Ауданда 13500 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолдана отырып, көкөніс (пияз) дақылы егілді. Әр гектардан орташа 400 центнерден айналып, жалпы 540 мың тоннадан астам өнім түсті. 100 мың тоннаға жуық пияз көкөніс қоймаларында сақталуда. Пияздың 170 924 тоннасы экспортқа жөнелтілді.
Қанатбек Қайшыбекұлы Ескі-Шу ауылдық округінде орналасқан «Qyzylsha» ЖШС-нің егіс алқабына ат басын шалдырды. Мұнда серіктестік басшысы А.Лобанкова былтырғы жұмыстарды жіпке тізіп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Қазіргі таңда 102 жанды тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестік ауданның 3 441 гектар егістік жерін пайдалануда. Меншікте 27 ауыл шаруашылығы техникасы мен өзге де 119 техника бар екені мәлім болды. Мұнда 1562 гектар жерге су үнемдеу тәсілі, 2116 гектарға жаңбырлатып суару әдісі қолданылған. «Qyzylsha» ЖШС басшысы А.Лобанкованың айтуынша, былтыр 562 гектар қант қызылшасы, 568 гектар дәндік жүгері, 176 гектар күнбағыс, 810 гектар мақсары егілген.
Жолға қойылған жұмыстардың жайын білген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары толайым табыстарға тоқмейілсімей, қарқынды арттыру қажеттігін атап өтті. Қ.Мәдібектің Шу ауданындағы жұмыс сапары Тасөткел су қоймасын қайта жаңғырту жобасының аяқ алысымен танысуымен тәмәмдалды. Су қоймасындағы жиналған су көлемін көзбен көрген құрметті мейман бірқатар тұлғаларға тапсырма жүктеп, алдағы маусымға барынша мұқият болуға шақырды.
Байжан Емберді.