Ақпараттық портал

Атпал азаматтың есімі еленсе…

“Математика-әдебиет пен тарихтың атасы” деген сөзді естігенім бар еді. Әдебиет пен тарихты егіз деп алар болсақ, бұл екеуі де сандармен сөйлеп, тарих парақтарын сайрата жөнеледі. Әр жыл, әр ай, әр күннің өз тарихы жазылып, ғасырлар қойнауында қатталып қалады. Жыл жаңарған сайын атаулы күндерге, даталы жылдарға, елеулі оқиғаларға үңіліп, тегеурінді тұлғаларымызды дәріптеп, тарихымызды құрметтейміз. “Асыл азаматтардан айырылармыз, ол-өмір заңы, бірақ олардың артында қалдырған өшпес ізі-өнегелі ісін ұмытуға хақымыз жоқ. Қайта мақтаныш етуге тиіспіз. Ұрпақ жалғастығы осымен баянды, осымен құдіретті” деп өткен дәуренінен осындай өсиет түйген дархан дала дарабозы Дінмұхаммед Қонаев тегін айтпаса керек. Туған жердің топырағы өзінен түлеген тұғырлы тұлғаларымен атақ-даңқын атойлатып, тарихына телінген тектілерінің туғанына даталы жыл толса, торқалы той өткізуге бар құлшынысымен, ықылас-пейілін арнары сөзсіз.

Биылғы жылы ауданымыздың тарихынан ойып тұрып орын алған, өз дәуренінде ел дамуына үлес қосқан атпал азаматтарымыздың да даталы жылдары сайдың тасындай іріктеле жетіп отыр. Бастырмалата айтар болсақ, Балуан Шолақтың туғанына 160 жыл, Жапар Түйебеков пен Саттар Естемесовтің туғанына 105 жыл, Қарауылбек Қазиев пен Әлдихан Қалдыбаевтың туғанына 85 жыл. Ойыма оралғандары осы, оқырмандар да даталы тізбекті жалғайды деп сенеміз. Аты аталған тұлғалар жөнінде тағылымы мол танымдық туындыларды рет-ретімен жазатын боламыз. Бүгінгі танымдық мақаламызда Шу ауданының тумасы, қоғам қайраткері Жапар Түйебеков турасында аз-кем толғамақпыз.
“Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуын дүркіретіп өткізген шақта Жапар Түйебековтің де 100 жылдығы аталып өтілуі керек еді…” деп ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өзіндік үлес қосқан, ауданның айтулы азаматы Жұмажан Асылбеков ақсақал осындай уәжін айтып, осыдан бес жыл бұрын редакциямызға қоңырау шалған болатын. Сәл кідірістен соң, «Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген тұста бізді Еңбекші қазақ ауданының «Түрген» қой совхозына жеті айлық өндірістік практикаға жіберген болатын. Осы жеті ай ішінде біз комбайн жөндедік, қой қырықтық, егін ордық, жүгеріні де жинадық. Білекті түре жүріп, маңдайдан еңбектің терін ағызып, қай істі болмасын шын ықыласпен атқардық. Содан «Түрген» қой совхозында орын тепкен «Қыр Балтабай» деген жерінде қой қырқу науқанына қатыстық. Совхозда сол кезде 85 мың асыл тұқымды меринос–жібек жүнді қойлары болатын. Совхоздың екі қой қырқу комплексінің бірінде мен де қой қырқуға атсалыстым. Тәжірибеде жүріп қой қырқудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгердім. Оқуды аяқтаған соң, өзімнің туып-өскен өлкемнің ауыл шаруашылығы саласына етене араласып кеттім. «Жас келсе – іске» демекші, көптен бері ауданда дәл сондай комплекс ашуды ойлап жүрдім. Бір күні осы ойымды совхоздың сол кездегі директоры С.Хасеновқа айтып едім, қолдай кетті. Сөйтіп, 1967 жылдың көктем айында қой қырқу науқанына қарсы комплексті салып бітірдім. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, совхоз директоры комплексті көріп, дән риза болып, Жапар ағаға айтса керек. Көп ұзамай Жақаң өзі келіп, көзбен көріп, арқамнан қағып кетті. Туған жердің түлеуіне атсалысып жүрген азаматтарды қанаттандырып, әрқашанда біз секілді жас мамандарға қолдау білдіруден танбайтын Жақаң Шу жеріне қызметтік іссапармен арнайы ат басын бұрған сол тұстағы обкомның басшысы Бименде Сәдуақасовты да менің жұмысыммен таныстырғаны мен үшін үлкен мәртебе болды. Жақаңның жақсылығын, шарапатын талай адамдар көрді. Әруақытта «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегеннің үлгісін көрсетіп, іскер, ілкімді жастарды ізгілікке ілестіріп, қол ұшын созып, панасына алуы-асқан қарапайымдылығының, «Ұлық болсаң, кішік бол» дейтін қағиданы берік ұстанғандығының белгісі деп білемін» деп Жапар Түйебековпен жүздескен жылы жүздесулерін есіне алды.
Ж.Түйебеков жайлы азды-көпті жұрттан естігендерім, өзінің «Патша көңілім не дейді?» деген кітабынан, басылым беттерінен оқығаным бар және бұған қоса Жұмажан атаның жадында қалған естеліктері тұлғаның толық болмысын ашуыма жетті ме, жетпеді ме, оны оқырман өзі бағамдай жатар… «Асқар тау алыстаған сайын асқақтай түседі» деген нақылдың өміршеңдігін дәлелдей түсетін жазбада кейіпкердің келісті болмысы мен ел мүддесі жолындағы нәтижелі еңбегін, жеткен жетістіктерін боямасыз қалыпта көрсетуге тырыстым. Тұла бойына Тәңірдің тартуымен талай тамаша қасиеттер тоғысқан тау тұлғаның кісілігі мен кішілігі қашан да ел аузында. Ұшырасқан адамға аңыз адамның атын айта қалсаң болды, жақсылығын тізбектей жөнеледі.
Жарық дүниеге келген сәті нәубет жылдармен тұспа-тұс келген Жапардың және оның замандастарының балалық шағы болмады десек те болатындай. Жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татқан балаң жігіт еш мойымады, өмірдің қатал сынына қасқая қарсы тұра білді. Заманы кәрін төгіп тұрғандықтан, жастайынан-ақ буырқанған өмір теңізі үйіріп әкетті. Халықты қынадай қырған ашаршылықты көзімен көріп, тас мүсінге айналатын шығармын деп ойлап, қу жанын шүберекке түйе жүріп, зобалаңнан аман қалған жігерлі жігіт екінші дүниежүзілік соғыстың да сұсты күндерін бастан өткерді. Талай мәрте ажалмен бетпе-бет келген Жапар атамыздың өмір жолына көз жүгірте отырып, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегеннің тегін айтылмағандығын ұғына түсесің. Қаншама құқайды көрсе де жігері құм болмай, еңсесі езілмей, жылдар жылжыған сайын шыңға шыққан шынардай даралана түсті.
Өзі жас, басқару ісіне келгенде едәуір тәжірибе жинақтаған, «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы берік ұстанатын жігіт үміт пен сенімді серік етіп, өзінің туып-өскен ауданының тізгінін ұстауды жөн көреді. Шу өңіріне бірінші басшы болып келгенде ауданның бары мен жоғын саралап, жетістігі мен кемістігін түге таразылаған ол елдің де, жердің де жағдайы мәз еместігін аңғарып, бірден іске білек сыбана кірісіп кетеді. Қатарынан екі жыл күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған ауыр күндерден кейін, ауданды аяғына тік тұрғызады. Діттеген мақсатына жетпей тынбайтын, шашауы шыққан мәселелер шешімін таппайынша байыз тауып отыра алмайтын асыл азамат қандай істі қолға алса да, ақырына шейін бақылауда ұстай білген. Малшылардың ел шетіндегі, жел өтіндегі қыстауларындағы атам заманнан қалған қораларын, таралып салынған еңсесі төмен үйлерін көргенде, малшылардың тұрмысы оңалмай еңбекке деген ынта-ықыласының артпайтындығын жазбай таныды. Еңбек адамының еңсесін көтеруді үлкен мақсат еткен ол осы жолда аянбай тер төкті. Содан 1967 жылы малшылар түгелдей жаңа үйлерге көшіп, қоныс тойын тойлап жатты. Сол тұста республикада осындай игілікті іс бірінші болып қолға алынған Шу ауданы болатын. Қой саны 500 мың басқа жетіп, ұзын саны 335 жатақхана, үй тұрғызылса, оның 177-сі кеңшарларда, қалғаны ұжымшарларда салынды. Малшылардың мұқтажы үй салып берумен біткен жоқ. Әр отарға электр движоктарын жеткізіп, құдықтарына мотор орнатты. Шет елден келген делегациялардың бәрі ат басын Жапар Түйебековтың ауданына тірейтін еді. Ол басқарған тұста ауданның ауыл шаруашылығы саласы да айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізді. Аудан бойынша сол жылдары 242 мың тоннаға дейін қызылша шикізатын өткізді. Әр гектардың қайтарымы 388 центнерге дейін жеткен екен. Шу ауданы қызылша өсіруде даңққа бөленеді. Асанбай Асқаровтың сол кезде «Қызылшаны агроном өсірмейді, аупарткомның бірінші хатшысы өсіреді» дегені Жапар Түйебековтың еселі еңбегіне қарай айтылған сөз болса керек. «Еңбегіне қарай өнбегі» деген осы болар, сірә… Мұндай жетістікке егістік алқабында аяғына резіңке етікті киіп алып, егіншімен де, сушымен де кем-кетік жерлерін саралап, уақытылы қатаң бақылау жасап, талап қоя білуінің арқасында жеткен еді.
Жапар Түйебеков өзі үшін де, кейінгі жастар үшін де пайдалы тұжырымдар жасады. Онысы «Жақаңның қағидалары» деген атпен жұртқа танылды. Парақорлық пен рушылдық жылымына бір сәт те батқан емес. Әрқашан арды, адамгершілікті биік қоя білді. Ниеті мен тілегі ел мүддесімен өрістес, өрімдес Жақаңның он жыл бойына Шу өңіріндегі қаншама байлықтың көзі ашылуына бастамашыл болғаны өз алдына бір есеп. Жақаң басшылық еткен жылдар Шу ауданының дәуірлеу кезеңі болып табылады.
Жапар Түйебековтың кезінде тұрғын үйлер мен мәдени-ағарту ғимараттары, асфальтты жол салу құрылыстары кең қанат жайды. Аудан орталығы, қазіргі Төле би ауылында 500 орындық мәдениет үйі, 620 оқушыға арналған мектеп, 50 кісілік қонақ үй, төрт қабатты аудандық атқару комитетінің кеңсесі салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі Балуан Шолақ атындағы, Абай атындағы елді мекендерде орта мектептер салынды. Ауданның елді мекендеріне қатынайтын жолдар асфальтталынды. Сонымен қатар, Мойынқұм мал жайылымының орталық штабына дейін 50 шақырымдық тас жол салынды. Түйебеков қызмет істеген жылдардың ішінде ауданның елді мекендерінің бет-бейнесі танымастай болып ажарланып, айшықталып, өзгере түсті. Қазіргі Тасөткел су қоймасының құрылысы басталды. Ауданның даңқы облысқа ғана емес, республика көлеміне тарады. Жоғарыдағылар ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерді орынды және әділ бағалап, Жапар атамыздың беделі артып, Мәскеудегі коммунистер съезіне делегат болып барды. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне екі мәрте сайланған. Осы мезгіл ішінде екі шопан, екі механизаторға ең жоғарғы Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, өзі және жүзден аса еңбек озаттары мемлекеттің орден, медальдарымен марапатталды. Жапар Түйебековтың төсіне «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендері тағылды.
Жапар Түйебеков өнерден де кенде емес еді. Бір дастархан басында дәм-тұздас болған замандастары оның көңілі көтеріле қалғанда қолына домбыра алып, Кенен Әзірбаевтың «Қайран жастық» әнін шырқағанда тыңдаған құлақтың құрышы қанып, елжірей кететіндігін еске алады. Үнемі жақсы іске бастамашы болып жүретұғын Жапар атамыздың ауданда ақындар айтысын өткізуге ұйытқы болғанының өзі бір төбе әңгіме.
«Шыққан тауы биік болса да, кісілігі кісі қызыққандай Димекең жарықтық нағыз әулие еді ғой» деп көзі тірісінде таңдайынан тамып түскен теңеуімен тұлғалық сипатына лайықты бағасын берген Дінмұхамед Қонаевпен талай рет дәм-тұздас болған, өлеңмен жазылған хатында Жапар атамыздың абыройын асқақтатып, «Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп» деп өлең жолдарына арқау еткен Алатауға ексе де қайтіп тумайтын Кенен Әзірбаевпен келелі кеңестер өткізген, «Мен бір нәрсені берік ұстаймын. Ол-халыққа сатылмай толық берілу, бұл жолдан ешқашан, қандай қиындық болса да бұрылмасыма сенімдімін» деп өзінің күнделігінде жазған және осы сөздерінің үдесінен шыға алатын үзеңгілестерін жанына жинай білген қоғам қайраткері Ілияс Омаровпен сан рет сырласқан, бір сапарында бір ауыз сөзінен-ақ адамдық болмысын аңғарған, уыздай дірілдеген тап-таза көңілін көре алған, жақсылардың көңілі алтын сандық деген оймен қолқа салып, алдына іздеп келген халықтың қаһарман ұлы Баукеңмен жүздескен, «Шопандар маршалы» атанып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевқа тілеулес болған, «Бота борым» деген ұжымшарды басқарғандығын әспеттеп, жас кезінен елге танылған деп Бармақ ақын жырына қосқан Әшімбайдың ұлы Түймебаймен үзеңгілес дос болған Жапар Түйебековтың есімін естігенде елең етпейтін жамбылдықтар кемде кем…
Сөзіміздің басында айтып өткендей, Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толған тұста Жапар Түйебековтің де туғанына 100 жыл толып, ескерусіз қалған еді. Ал биылғы жылы Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толғанын атап өтер болса, Жамбыл төрінде Жапар Түйебеков есімі аталып, ауданда атпал азаматтың даталы жылы жоғары деңгейде өткізілсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.