Ақпараттық портал

Жеңілдікті тиімді пайдалануға шақырды

Ағымдағы аптаның алғашқы күнінде «Аманат» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында облыс әкімдігі, ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы, «Ауыл аманаты» жобасының облыстағы үйлестірушісі Сейдалиев Лесхан Жұмаханұлы жергілікті қауыммен кездесу өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдерінің жауапты мамандары, ауылдық округ әкімдері, ауылдық округ әкімі аппараттарының жауапты мамандары қатысты.

Жиынның мақсаты – «Ауыл аманаты» жобасы аясында туындаған проблемалардың шешімін табу, осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Өйткені, бұған дейін аталмыш жобаға қатысуға ниет білдірген ауылдық округтер құжат толтыру барысында бірқатар түсінбеушіліктерге тап болған. Салдарынан кейбір ауылдық округтер жобаға енгізілмей қалып отыр. Сол себептен, жоғарыда есімі аталған басқарма маманы ауданға арнайы келіп, ауылдық округтердің әкімдеріне, тиісті сала мамандарына жобаға қатысуға негіз болатын құжат – электронды сауалнама кестесін толтырудың жолдарын түсіндірді.
Биыл бұл жобаға ауданымыздан Өндіріс, Алға, Балуан Шолақ ауылдық округтері мен Далақайнар ауылы ұсынылып отыр. Алайда, бұл осы елді мекендермен шектеледі деген сөз емес. Өйткені, жалпы ауылдық округтердің әкімдері бұл жиынға бекер шақырылып отырған жоқ. Зерделеу жұмыстарынан соң, жоғарыда аталған төрт елді мекеннен өзге ауылдық округтердің де жобаға енгізілуі мүмкін. Мұны округ әкімдері назарда ұстап, жауапкершілікпен қарауы тиіс. Яғни, қай ауылдық округтің кестесі дұрыс толтырылса, сол ауыл жобаға енгізілмек.
Ал, аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаевтың айтуынша, ауданымыздағы жауапты тұлғалар мұндай кестені осыған дейін екі рет толтырып, жөнелткен. Алайда, қате толтырылуының салдарынан құжат өткізілмей, кері қайтарылған. Сондықтан, бұл соңғы мүмкіндік екендігін де назарға салып, үкімет тарапынан жасалып жатқан жеңілдікті тиімді пайдалануға округ әкімдері мұқият көңіл бөлу керектігін жеткізді.
Жиын барысында облыстық басқарма маманы Л.Сейдалиев қатысушыларға «Ауыл аманаты» жобасына ұсынылатын кестені толтырудың тәртібін компьютер арқылы жан-жақты түсіндіріп, мысал ретінде округ әкімдерінің ықпалымен кейбір ауылдық округтердің кестелерін толтырып көрсетті. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар тарапынан туындаған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.