Жетістік алға жетелейді
Өркениет көшіне ілескен өр рухты мемлекетіміз өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөліп, ұрпақ қамы үшін әрекет жасауда. Мемлекет іргесінің берік қалануы үшін оның әрбір қалпы мектеп қабырғасынан дұрыс құйылуы тиіс. Сондықтан, ел ертеңі болар жастардың біліммен қарулануына, спортпен шұғылдануына, тәрбиенің нәрін бойына сіңіруге жол ашып, сол жолда тер төгуіміз керек. Халқымыздың “Тәні саудың – жаны сау”, “Шынықсаң, шымыр боларсың” деген нақылдарын санаға тоқып, әр баланы спортқа баулып, салауатты өмір салтын ұстануға жетелесек, ұтарымыз көп. Өйткені, дені сау ұрпақ-болашақ кепілі. Ал, айтылған сөздердің үдесінен шығып, баланы жастайынан дене тәрбиесімен шұғылдандырып, спортты жанымен сүюге бастайтын дене шынықтыру пәні екені даусыз. Елімізге, қала берді әлемге танылып жүрген спорт саласындағы үздіктердің көбісі ауылдан шыққан қарапайым ғана қарадомалақтар. Аядай мектептің спорт залында-ақ шынығып, әлемдік ареналарда дес бермей жүрген спортшыларымыздың ізін жалғайтын өрендер әр сыныптың сапында бар десек, артық айтқандық емес.
Мен де бала күнімде мектептегі әртүрлі спорт секцияларына барып, біресе боксшы, біресе футболшы, кейде тіпті шахмат шебері болғым келген. Содан болар, бала арманымды мамандығыммен ұштастыруды жөн көрдім. Дене шынықтыру пәнін таңдап, өзімнің ізімді басып келе жатқан жас өрендерге спорттағы түрлі тактикаларды үйретіп, дене жаттығуларының түр-түрімен машықтандырып, спортты серік етуге жол сілтесем деген ниетім жүзеге асып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі атандым. Еңбек жолымды 2018 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиядан бастадым. Жан-жағыма жалтақтап, ұстаздық қызметті неден бастарымды білмей келген мен секілді жас маманды қанатының астына алған алғашқы тәлімгерім Ержан Нуриддиновтың қолдауымен көп нәрсені үйрендім. Соның арқасында 2019-2020 оқу жылында өткізілген мектепішілік “Жас маман-2020” байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленіп, дәл осы жылы аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.
2022-2023 оқу жылынан АӘТД және Дене шынықтыру әдістемелік бірлестігінің бірлестік жетекшісі болып қызмет атқарып келемін. Бірлестікте 8 дене шынықтыру пәні мұғалімдері қызмет атқарады.Мектепте футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және асық ату сынды спорттық үйірмелер бар және әр үйірме жетекшілері мектепшілік және аудандық деңгейде іс-шаралар өткізіп, жарыстарға қатысып отырады. Мектебімізде басқа да спорт түрлеріне қатысатын және де жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларымыз бар.
Жас өрендеріміз мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ түрлі додаларда топты жарып, алға суырылып шығып жатса, ең алдымен “Қай ауылдың тумасы?”, “Қай мектептің оқушысы?” деп сұрау салып жатамыз. Неге десеңіз, әр баланың дамуына өскен ортасының, білім мен тәрбие алған ордасының да үлесі зор. Алға бастар жетістіктерді тізбелеп айтар болсақ, 2022-2023 оқу жылында дене шынықтыру пәні мұғалімі Елемесов Ертай Ерболұлы облыс біріншілігінің үздік жаттықтырушысы атанып, бір марқайып қалдық. Ал, ауданық білім бөлімінің бекітілген кестесіне сәйкес 5-6 сынып оқушылары арасындағы өткізілген «Мектеп лигасы» жарысында қол добынан ІІ орын алдық. Аудандық білім бөлімінің бекітілген кестесіне сәйкес 7-8 сынып оқушылары арасында өткізілген «Мектеп лигасы» жарысында қол добынан І орын және осы жарыста шахматтан ІІІ орын иелендік. Сондай-ақ, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орта мектепте «Денсаулық» күніне орай өткізілген оқушылар арасындағы волейболдан ІІ орын, аудандық білім бөлімінің бекітілген кестесіне сәйкес 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген спартакиадада волейболдан ІІІ орын алып, қанжығамыз майланған еді.
Биылғы 2023-2024 оқу жылында да жетістіктеріміз жоқ емес. Атап айтсақ, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жастар қалауы – жемқорлықсыз қоғам» атты мұғалімдер арасындағы кіші футболдан ІІ орынды иеленіп, «Жібек жолы» мектеп-лицейінде Тәуелсіздік күніне орай «Шалқамен жатып, кеудені көтеруден» Ушко Алина І орын, «Пневматикалық винтовкадан атудан» Әуесхан Жансерік ІІІ орын алып және белсене қатысқаны үшін Мұхамеджан Жания марапатталып, мектебіміздің абыройын асырды. Бұған қоса аудандық білім бөлімінің бекітілген кестесіне сәйкес 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген «Мектеп лигасы» жарысында мектеп оқушылары үлкен футболдан ІІ орын алған болатын әрі аудандық білім бөлімінің бекітілген кестесіне сәйкес 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген «Мектеп лигасы» жарысында баскетболдан ІІІ орын және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Республика күніне орай өткен «Шахмат – ақыл ой» атты оқушылар арасындағы турнирде Бағдат Кокпанбаев ІІ орын, Василиненко Даниал ІІІ орын иеленді.
Тегінде әр баланың жетістігі ата-ана үшін шексіз қуаныш, қала берді мемлекет үшін үлкен мәртебе. Еңбегіміздің еленгені болар, аракідік ата-аналар да алғысын жаудырып тұрады. Елімізде өскелең ұрпақтың біліммен қарулануы, спортпен шұғылдануы үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бұған қоса баланың бос уақытын тиімді пайдалану үшін де түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда. Осы жолға көлге қосқан тамшыдай үлесімізді қосар болсақ, ұстаздық жүктің салмағын сезінгеніміз сол болмақ. Болашақтың баянды болмағы бала санасына егілген білім нәрі мен тәлім-тәрбиеге байланысты. Білім мен тәрбиені тел емдіре жүріп, спортқа әуесі бар ұрпақтарды да баулып-баптау үшін тер төгіп жүрген жандардың еңбегі бағалауға тұрарлық.
Асқар Бексимак,
А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімі.