Үстел теннисінің үздіктері анықталды
Спорт – денсаулық кепілі, ел намысы. Сондықтан алдына мәңгілік ел болу мұратын қойған егемен қазақ елінде халықтың спортпен шұғылдануына айрықша көңіл бөлініп келеді. “Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар” деген жаттанды сөздің орынсыз айтылғанын әрі ауыл баласының осы бір спорт ойындарымен машықтана жүріп, талай жетістіктерге жетіп жүргенін көрсететін кез келді. Ақылы жаттықтыру залдарына баруға көбінің қалтасы көтере бермейді, сондықтан осы мәселені шешуге білек сыбана кіріскен мемлекетіміз мектеп қабырғасындағы спорт секцияларының аясын кеңейтіп, жас өрендерді спортпен шынықтыруға жол ашуда. Тек мектеп қана емес, қосымша білім беру мекемелерінде де спорттық бағыттағы түрлі үйірмелер тегін жұмыс жасауда.
Сондай мүмкіндік тудырып қойған мекемелердің бірі – “Оқушылар сарайы”. Қазіргі таңда балалардың денесін шынықтырып қана қоймай, ақыл-ойын дамытуға бағытталған спорттық-интеллектуалдық үйірмелер де бар. Олардың қатарында шахмат, тоғызқұмалақ, теннис сынды спорт түрлері айрықша орын алады. Міне сол спорттық-интеллектуалдық бағыттағы үйірмелерді дамытуға бар күшін салып жүрген Оқушылар сарайының “Үстел теннисі” үйірмесінің жетекшілері Қуаныш Сауқымбеков пен Елдос Смайлов.
Олар жуырда ғана 2009-2016 жылдары туылған жасөспірімдер және аудан мектептері оқушылары арасында үстел теннисінен ашық біріншілік өткізді. Тартысты өткен жарысқа Балалар-жасөспірімдер орталығынан, Сәду Шәкіров, Мұхаммед Хайдар Дулати мектептерінен, Оқушылар сарайынан 70-ке жуық бала қатысып, бақ сынады.
Байқау нәтижесінде 2015-2016 жылғы қыздар арасында І орынды Ержан Айзере, ІІ орынды Еркін Ботакөз, ІІІ орынды Сатыбек Жанерке, ал ұлдар арасында Көпжан Алдияр, Бақытбек Бекарыс, Рысдәулет Жандос ІІ орынды, Рысдәулет Даниель мен Қоған Азамат ІІІ орынды, 2013-2014 жылы туылған қыздар арасында Бахтыбай Балауса І орынды, Рахымбек Іңкәр ІІ орынды, Көпжан Нұрайлым ІІІ орынды, ал ұлдар арасында Рысқұл Данияр І орынды, Таңатар Дарын ІІ орынды, Дүйсенғали Мадияр мен Иманқұл Дарын ІІІ орынды, 2011-2012 жылы туылған ұлдар арасында І орынды Желдібай Руслан, ІІ орынды Қоңырбай Марғұлан, ІІІ орынды Желдібай Нұрислам, ал қыздар арасында Аманхан Інжу І орынды, Сүйімбек Балауса ІІ орынды, 2009-2010 жылы туылған ұлдар арасында І орынды Серік Ерсін, Жолдыбай Наурызбай, ІІ орынды Еркін Жалын, Ережеп Рамазан, ІІІ орынды Бахытбай Нұрқанат, ал қыздар арасында І орынды Ашимбекова Амина, ІІ орынды Таңатар Ұлжан, ІІІ орынды Қайымбек Дария иеленді. Мұндай тартысты жарыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Айғаным Асқарбек.