Мәжіліс депутаты кәсіпкерлік нысандарды аралады
Өткен жұмада Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты
Е.Саурықов Шу ауданына арнайы сапармен келіп, өңірдегі бірқатар нысандарды аралап
көрді. Ең алдымен Ерболат Байұзақұлы бірнеше өндіріс ошақтары орын тепкен «Тараз
Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында болып, жүзеге асырылып жатқан
жұмыстардың жай-күйінен хабар алды. Мұнда аталмыш АЭА-ның Басқарма төрағасы
Қ.Мұхамбетқалиев құрметті мейманға аумағы 505 га болатын өндіріс аймағының
бүгіні мен болашағы туралы баяндады.
Мұнан соң халық қалаулысы толайым табыстарға қол жеткізген Бірлік ауылындағы «Kaz-IrAgro» (Каз-Ир Агро) ЖШС-нің жұмыс барысымен танысты. Серіктестік басшысының орынбасары М.Фетисова кәсіпорынның беталы-сын айтып, келешектегі жоспарларымен бөлісті.
Марина Алексеевнаның айтуынша, былтырғы қаңтар-қазан айларының қорытындысымен 600 тонна май өнімдері өндірілген. Оның ішінде күнбағыс майының үлесі 176,2 тонна болса, мақсары майы 426,1 тоннаны құрайды.
Аталған серіктестіктің өткен жылы Қытай, Өзбекстан, Германия елдеріне 360 тонна май өнімдерін экспорттағанын айта кеткен жөн.
Ел абыройын еселеп отырған кәсіпорынның жұмысын жоғары бағалаған Е.Саурықов мұндай өндірістер ауылшаруашылығы саласын жақсартуға айтарлықтай сеп болатынын тілге тиек етті.
Халық қалаулысы барған нысанның бірі – жеке кәсіпкер А. Матышев салған көкөніс қоймасы болды. Бірлік ауылында салынған қойманың сыйымдылығы 20 мың тонна. Ал жобаның жалпы құны 1 250,0 млн теңгені құрайды. Жеке қаржысына қажетті дүние салған кәсіпкерге Ерболат Байұзақұлы алғысын білдіріп, бастамаларына баяндылық тіледі.
Мәжіліс депутатының сапары аудан әкімі аппаратында ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласы өкілдерімен жүздесумен қорытындыланды. Онда шаруалар саладағы түйткілдерді жеткізіп, өз сауалдарын ортаға салды.
– Ауыл шаруашылығы саласында мемлекет тарапынан субсидия алу үшін нақты көлем белгіленген. Сол көлемнен асырғандар ғана қолдауға ие болады. Жалпы алғанда Шу ауданы мал және егін шаруашылығына қолайлы өңір болып саналады. Бүгінгі сапар барысында соған тағы бір көз жеткізіп, жергілікті шаруалардың мәселелерімен таныстым. Атап айтқанда шулықтар жайылым жердің тапшылығы туралы айтып, салық және егін суына байланысты сұрақтарын қойды,-деді мәжіліс депутаты Е.Саурықов.
Байжан Емберді.