Ақпараттық портал

Тойдың сәні – асаба, алайда…

Қай өңірде болмасын сол өңірдің қоғамдық өмірінде белсенді қызмет атқарып, игілікті істерімен көпке танылған азаматтар кезігіп жатады. Сондай жандардың бірі – ауданымыздың тұрғыны Мырзақұлов Нариман Сүндетұлы. Ол 1968 жылы 5 наурыз күні Шу қаласындағы теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 1975-1985 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінен орта білімді меңгеріп, қосымша балалар музыка мектебінің домбыра бөлімінен дәріс алған. Мектепті тәмамдаған соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Музыка» факультетін бітірген. Отыз жылдан астам уақыт қалалық А.С.Макаренко атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет етіп келеді. Оның жемісті еңбегі билік өкілдерінің де назарынан тыс қалмай, уақыт ағымында «Қазақстанның ұлағатты ұстазы», «Шығармашыл ұстаз», «Мәртебелі педагог», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған.
Ал, кеше ғана тарих қойнауына енген 2023 жылы «Жаңа, тәуелсіз Қазақстанның жыл адамы» орденін иеленді. Мұндай марапаттар кез келген адамға тегін ұсынылмайтыны анық. Мұның астарында ең әуелі өз ісіне деген зор сүйіспеншілік, қызметке деген жауапкершілік, осы жолдағы тынымсыз тірлік, ерен еңбектің нәтижелі жемісі жатқаны анық. Бүгінгі таңда мұндай азаматтарды өскелең ұрпақ өкілдеріне үлгі ету азаматтық парыз деп білеміз. Сол себептен, жуырда біз қызметтің қазанында қайнап, тынымсыз тірлік кешкен Нариман Сүндетұлымен жолығып, өзара сұхбат жасаған едік. Төменде осы сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

-Нариман Сүндетұлы, қазіргі жас ұрпақ өкілдерін отаншыл рухта тәрбиелеуде музыка мәдениетінің үлкен рөл атқаратынын білесіз. Облыс, республика көлеміне танымал болған әндеріңіздің ішінде Жеңіс күніне арналған «Жауынгер», Тараз қаласындағы террористік іс-әрекеттің құрбаны болған полиция қаһарманы Ғазиз Байтасовтың рухына «Ғазиз батыр» әндеріңіз өнер сүйер қауымның арасында да, жастар ісіне қатысты қоғамдық-саяси ортада да жоғары бағаланды. Жалпы, ән шығару өмірге қалай келді?
-Қазақ даласының музыкасын зерттеп, хатқа түсірген орыстың этнограф ғалымы Затаевичтің «Қаншама дүниені шарлап жүріп, дала сырын ұғынған қазақ халқының сыршыл әуенді ел екеніне таңқалдым. Маған бүкіл дала ән салып тұрғандай сезіледі» деп халқымыздың ән-күй өнеріне ерекше таңқалуы тегін емес. Қазақ музыка мәдениетінің жетекші жанры күй өнері болып есептеледі. Жазба мәдениеті жоқ ауыз әдебиетінің өзімен-ақ, ел өнерінің інжу-маржанын көңіл төріне сақтай білген, бар нәрімен ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізе білген екі құдіретті күш бар. Бірі қазақтың алтын тұмары – домбыра болса, екіншісі сол домбыраны сөйлетіп, уақыт шежіресін күй қылып, домбыра арқылы халқына рухани күш-қуат сыйлаған күйші-композиторларымыз бен әнші, ақындарымыз.
Қазіргі таңда оқу-тәрбие саласына айтылып жатқан сын көп. Абай аудармасындағы Крыловтың «Аққу, шортан, һәм шаян» сатиралық өлеңіндегі тіршілік қазіргі қоғамда кездесуде. Көзіміз көрген соң айтамыз. Ауданда Жастар орталығы мекемесі жоқ емес. Бірақ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын, біріккен тірлік болмаса әр мекеме «өзімнің іс-шарамды өткізсем болды» деген сыңаржақ ұстаныммен қоғамның дамылсыз қозғалыстағы жылдамдығына ілесе алмайды. Сондықтан жастар саясатына өте ықтиятты қарағанымыз жөн. Жалпы, жастар тәрбиесі, патриоттық тәрбие қашан да басты орында болуы шарт. Ол үшін әр салада ерекше еңбек сіңірген азаматтарды бағалап, құрметтей білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Қоғамымызды дүр сілкіндірген террористік әрекеттің құрбаны болған Ғазиз Байтасовтың ерлігі сол уақытта талай отаншыл азаматтардың жүрегін қанжылатып еді. Өзім оқу-тәрбие саласында жүргендіктен, кейінгі толқын – жастар жанына жақын, патриоттық сезімдегі көңіл толқынысынан туған «Ғазиз батыр» әні, әннің сөзін жазған шығармашылық жолда серіктес болып жүрген жерлес ақын Қуат Орманқұловтың оралымды жыр шумақтарымен әдемі қабысып, сәтті шықты. Көпшілік жылы қабылдады. Өз бағасының нәтижесі сол шығар, бұл ән патриоттық іс-шаралар барысында жиі орындалып жүр.
-Сіз ұстаздық қызметпен қатар, асабалық қызметті де тізгіндеп жүрсіз. Қазіргі той-томалақ барысында тойды басқаруға байланысты кезігіп жататын келеңсіз жағдайлар жайында не айтасыз?
-Қазір заман тыныш. Сол себептен шығар, той көп. Өзімнің ұстаздық кәсібіммен қатар асабалық қызметті қоса атқарып жүргенім рас. Қазіргі жастарда еліктегіштік басым болып бара жатыр. Бәрі тез болса, жетістіктерге тез жетсем деген ой. Өнер саласында байқағаным, халықшылдық пен ұлттық мүддені қорғау, оны өз деңгейінде алып жүру өте күрделі әрі қылдай нәзік нәрсе. Біз қазір орта буындағы өнер адамдары боп қалдық. Кейінгі толқын – жас жігіттердің асаба болып, той басқару ісіндегі кемшіліктерді көріп, қарным ашады. Той – үлкен-кішіге бірдей тәлімді тәрбие орны болу керек. Жасы келген қарттармен өмір баспалдағын енді аттаған жастардың шоғырланған жерінде өнегелі сөз бен ұтымды да ұтқыр шешендік сөздер, ұлтымыздың бренді болатын әдет-ғұрыптар дәріптеліп, кейінгі жастарға үлгі көрсетілуі қажет деп ойлаймын. Дәл осы жерде асабаның арқалаған жүгі зор жауапкершілікпен атқарылуы тиіс.
Бүгінгідей той көп заманда асабалардың көбеюі заңдылық. Асабалық қызметпен нәпақа тауып жүргендердің басым бөлігінің көрсеткен қызметі мен еңбегіне көпшіліктің көңілі толып жатыр десем, жалған сөйлегендік болар еді. Тәлімі мен тағлымы мол, көптің талғамынан шығып жүрген жігіттер некен-саяқ. Тіпті, өзінің оспадар қылығына еш қымсынбай, «көптің көңілінен шықтым» деп, татымсыз ыржаң –тыржаңына наразылығын айтып жатқан үлкендердің ескертулеріне мән бермейтін асабалардың ырықсыз күлкі мен әжуа анекдоттарды орынды-орынсыз тықпалап, мезі қылатындары көбейгені шындық. Түрлі ойындарды ұйымдастырып, еш қымсынбастан түкке тұрғысыз сұрақтар қойып, күлкі болады. Мәселен, бір тойда асабаның жасы келген апайымызды ортаға шығарып: «Қанша балаңыз бар? Оның қаншасы қыз? Қыз тапқанда не ойладыңыз?» деген сұрағынан сол сұрақтың мәні не екенін көпшілік түгілі асабаның өзінің де түсінбейтіні, не сұрап тұрғанын тіптен сезінбейтіні таңқалдырды. Өкінішке орай, осындай жағдайлар жиі кезігеді.
-Асабалық қызметтің тәрбиелік мәнін қалай көтеруге болады? Бұл тұрғыда жас буынға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Халық даналығында «Әр заманның өз құрқылтайы болады» деген нақыл сөз бар. Бірақ, «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп дана Абай айтқандай, түзу сөзді айтпай, күлдірем деп күлкіге қалып жүргендер сөз қадірін қашырмай, оны тиісті жерінде ұтымды, дұрыс пайдаланса, құба-құп болар еді. Тіпті, сөз тіркесін бұзып, нақыл сөздерді өз қалауынша майыстырып, мәнін жоғалтып, бұрмалап айтатындар көбейді. Мұны көпшілік ішінде жүрген соң бірден байқап, бағамдап жатамыз.
Бірде той басқарып жүрген жас асаба аналар туралы ұлағатты сөздерді айта келіп: «Сенің аяғыңа кірген шеге менің көзіме кірсін» деп, осы сөзді мейірімін төккен аналарға бағыттап, еш қымсынбастан айта салды. Сөз түсінетін халықпыз ғой. Үстелде қонақ боп отырған үлкен кісінің бірі «Япыр-ай, мынандай мақалды бірінші рет естіп отырмын. Дұрысы «Сенің табаныңа кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін» дегенді естуші едік,-деп ренішті қабақ көрсетті. Мұны неге айтып отырмын. Қазіргі асаба азаматтардың еш талғамсыз, қалай болса солай сөйлеп, той басқару жауапкершілігін сезінбейтіндігі жанға батады. Сондықтан жоғары жақтың арнайы нұсқау-бұйрығын күтпей-ақ, ауданымызға мәлім өнерлі азаматтармен жергілікті әкімдіктің бас болуымен Жастар орталығы, қоғамдық ұйымдар бірігіп, көркемдік кеңес құрып, асабалар ұйымын ашып, той басқаруға рұқсат беру құқығын белгілеп, мемлекетке титтей де болса салық төлемін төлеу тәртібін жолға қойып, осындай шараларды іске асырса, талай нәрсе жөнге келіп қалар еді.
Тәртіп орнаған жерде сапалы жұмыс қалыптасады. Игілігін ел-жұрт көреді деп нық сеніммен айта аламын. Осы орайда, оңтайлы сәтті пайдаланып, түннің беймезгіл уақтысына дейін мектеп жасындағы оқушы балалардың тойхана қызметінде жұмыс жасауына тыйым салмаса, той тәрбиесі ешқашан жас өскіндерге оң тәрбие бермейтідігін де айта кеткенді жөн көріп отырмын.
-Сіз жастар жанына жақын жүрген адамсыз. Педагогтік қызметіңіз жастармен байланысты және шығармашылық еңбектеріңіздің басым бөлігі патриоттық рухқа бағытталған. Ауданымыздағы жастар мәселесіне қатысты ой-пікіріңіз қандай?
-Өнерді әспеттеу дегеннен шығады. Ұлы дала төсінде небір өнер тарландары болғанына тарихымыз куә. Өзіміздің Шу жеріндегі сайын даланың төсінде болған оқиғаға негізделген «Ақбөпе-Сауытбек» жырының арқауы болған Күнту болысына қазіргі Сауытбек ауылының тұсын қиып өтіп жатқан «Тараз-Астана» күрежолының бойынан махаббат символы әрі мәдени белгі ретінде, жастар жанына жақын етіп, көлемді ескерткіш орнатылса…
Әркімнің өз пікірі өзіне тән. Осы тұста тағы бір мәселе жөнінде айта кеткенді жөн көріп отырмын. Қазақстан Республикасына мәлім күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев ағамыздың «Ерке сылқым» күйінің негізінде орнатылған ескерткіш белгі ыңғайсыздау жерге орнатылған тәрізді. Күн сайын өзгеріп жатқан заманда жастар мәселесіне көбірек көңіл бөлініп, «Ақбөпе-Сауытбек» мемориалды кешені дүниеге келіп, жастарға тән ескерткіш белгілер бір жерге шоғырландырылса, бұл орын келешекте жастардың жиі бас қосатын орны болар еді. Жаңадан үйленген жастар қос ғашықтың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып жатса, енді басталатын жұптық өмірлеріне сенім ұялатар еді. Бұл жастарға қамқорлық, отаншыл рухта тәрбиелеудің негізі болар еді. Мұны мен өзімнің педагогикалық іс-тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын.
-Нариман Сүндетұлы, әңгімеңізге рахмет! Қысқаша сұхбатымызда маңызды істерге арқау болар жайттардан хабардар еттіңіз. Сіз көтерген мәселелерге көпшілік көңіл бөліп, өз пікірлерімен бөліседі деген ойдамыз. Алдағы уақытта да шығармашылық қызметіңізге толағай табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.