Ақпараттық портал

Атқарылған жұмыс ауқымды. Алда тұрған міндеттер де аз емес

Шу ауданы әкімі аппаратында кеңейтілген мәжіліс өтіп, өткен жылғы жұмыстардың қорытындысы жария болды. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков төрағалық еткен жиында күн тәртібіне енген мәселелер мұқият қаралып, әкімдік талқысына түсті. Нақтырақ айтқанда, өңірдің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен орындаушылық тәртіп осы аталмыш жиынның тұздығы болды. Сонымен қатар, аудан басшысының салалық орынбасарлары хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша баяндама жасады.

Алғашқы болып мінбеге шыққан аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Р.Әлжанова күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндап, өткен жылы атқарылған жұмыстарды жұртшылық назарына ұсынды. Оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үй құрылысы салаларындағы көрсеткіштер көңіл көншітерлік болғанымен, бірқатар кемшіліктер де жіберілген. Осы ретте Бақытжан Оразалыұлы жауапты тұлғаларға ескерту жасап, олқылықтың орнын толтыруға уақыт берді.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша болжаммен жалпы шығарылатын өнім көлемі 226 115,7 млн. теңге болып отыр. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 35 662,1 млн теңгеге артық немесе 118 пайызға орындалды. Өнеркәсіп саласы бойынша өнім мен көрсетілетін қызмет көлемі 21 500,0 млн. теңгеге, ал нақты көлем индексі 100,5 пайызды құрайтын болады. Былтырғы 11 айдың нәтижесімен нақты көлем индексі 99,3 пайызды құрап, көрсеткіш 0,7 пайыз орындалмады,-деді Роза Әбдіқашымқызы.
Сондай-ақ аталмыш мәжілісте аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Абай да орындаушылық тәртіп бойынша баяндама жасап, хаттамалық тапсырмалардың орындалуы мен халыққа қызмет көрсетудің бастауы болған жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мәселесіне кеңінен тоқталды. Мұнда да аудан басшысы тарапынан тиісті басшыларға ескерту беріліп, жіберілген кемшіліктерді жөнге келтіру тапсырылды.
Аппарат басшысының айтуынша, өткен жылы аудан әкімі тарапынан 692 тапсырма берілген. Оның 574-і орындалса, 77-і орындалу үстінде. Сол секілді 41 тапсырма орындалмаған немесе тиісті деңгейде орындалмаған. Осыны баян еткен Нариман Жетпісбайұлы тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан 2, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі 5, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бойынша 10 тапсырма белгілі себептермен орындалмағандығын жеткізді.
Бұдан бөлек, баяндамашы Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдерінің де кемшіліктерін жіпке тізді.
– 2023 жылы ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыс аумағында 190 стихиялық қоқыс орны анықталған. Оның ішінде Шу ауданында 92 (48,4 пайыз) қоқыс орны. Оның 18-і рәсімделген полигон. Бүгінгі күнге 86 кездейсоқ қоқыс орны жойылды, қалғаны 6 қоқыс орындары жойылмай отыр. Атап айтқанда, Төле би ауылдық округ – 5 орын, Алға ауылдық округ – 1 орын жоғарыдағы тізімде тұр,-деді Н.Абай.
Оның айтуынша, өңір басшысы әкімдерге жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, ауылдық округ тұрғындарынан қоқысты жинау және шығару жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырған. Алайда, тек Алға ауылдық округі әкімінің аппараты 58,2 пайыз көрсеткішпен тапсырманы орындап, Шу қаласы, Қонаев ауылы, Төле би, Бірлік ауылдық округтері әкімдерінің аппараты тапсырманы жетер жеріне жеткізбеген көрінеді.
Осы және өзге де жүйесін таппаған жұмыстарды атап өткен аппарат жетекшісі мемлекеттік қызметшінің бірінші міндетіне кіретін өтініштерді қарау барысын да баяндап өтті.
– Шу ауданы әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесі мен аудан әкімдігінің және оған бағынысты мекемелерде жолданымдардың қаралу барысына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу жұмыстары, жолданым көп түсетін мекемелер үшін шілде айына, қалған мекемелер үшін жартыжылдық (01.06.-31.12) мерзімін қамтып, жалпы 514 жолданым зерделенді. Зерделеу нәтижесі бойынша, өздеріңіз кестеде көріп отырғандай 514 жолданымнан 583 заң бұзушылық орын алғандығы анықталды,-деді аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Абай.
Жыл басында ауданның атқарушы билік тармақтарында ауыс-түйіс орын алғаны белгілі. Кеңейтілген басқосуда жауапты қызметке жаңадан кіріскен лауазымды тұлғалар әріптестеріне таныстырылды. Мәселен, мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар Жаңғарашев Садан Құрманұлы аудан әкімінің кеңесшісі болып тағайындалса, бұған дейін Төле би ауылдық округінің тізгінін ұстаған Ошанов Азамат Серікұлы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы қызметіне сайланды. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы Шу қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Нұрғалиев Жеңіс Сейсеналыұлы бұдан былай аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне басшылық ететін болады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.