Бетін қақпаймын деп жүргенде бетімен кетсе, сол қайғы…
Бұл күндері ұлт болашағы, ұрпақ қамы, ұлттық тәрбие деген сөздерді ұранға алып, ортақ мақсатқа ұйысудамыз. Қазір екінің бірі келешегімізге күмәнмен қарап, болашағымыз бұлыңғыр бола ма деседі. Баланы мектеп қабырғасында 11 жыл бойы оқытып-шоқытып, тәрбиенің түрлі әдіс-тәсілдері арқылы тұлға болуына білім ошақтары барын салса да, бала тәрбиесінің бастауы ата-анаға келіп тірелетінін қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер көрсетіп отыр. Қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық өршіп тұр. Атап айтсақ, ерте жүктілік, ұрлық-қарлық, ұрып-соғу, әлімжеттік, бопсалау, өз-өзіне қол жұмсау сияқты фактілер көбеймесе, азаймай тұр. Осындай былықтың барлығына білім ошақтарын, ұстаздарды кінәлау қоғамда белең алуда. Тегінде ұстаз балаға 24 сағатын емес, 45 минут қана арнауы керек еді. Әйтсе де қылмыстың көбі орын алатын түнгі уақытта құқық қорғау қызметкерлері кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді құрықтаса, ата-анамен бірге беймезгіл уақытта білім қызметкерлері де құзырлы органға сабылып, мазасы кететін жайттар да аз емес. Кез келген оқушы мектеп ауласынан ұзап кеткеннен кейін оған ата-анасы жауапты. Сондықтан да бала тәрбиесінде ең алдымен ата-ананың рөлі маңызды екендігін көпшілік ұғынуы қажет-ақ.
Ықылымнан ұрпақ қамын ойлаған ұлтымыз бала тәрбиесі бесіктен, тіпті бойға біткеннен бастау алатынын біліп, жат қылық жатырдан жұқпасын деп ананың бойының тазалығына, ойының өресіне, тектілік қалпына мән берген. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірмесек, рухани бұлағымыздың бастауынан сусындатпасақ, өткеннің өнегесіне бойлатпасақ, болашағымыз бұлыңғыр болмақ. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, “Тәрбие – тал бесіктен”, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”, “Отан отбасынан басталады” деген нақыл сөздер осыдан қалса керек… Айналып келгенде баласы шала іс қылса, ойнап жүріп от басса, бармақ тістеп, сан соғып қалатын, ол-ата-ана. “Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер” демекші, отбасында ата-ананың рөлі ерекше. “Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады” деп дана Абай айтпақшы, кез келген жанның әдептілігі, адамгершілігі ана сүтімен дарып, әке тәрбиесімен жалғасын табады. Сондықтан да қоғамда әкенің, ананың беделін арттырып, өскелең ұрпақты ізгілікке жетелейтін тәрбиелік мазмұндағы жиындарды жиі өткізу қажет. Сондай тәрбие-танымдық бағыттағы кездесулердің бірі Шу қаласындағы 40 мектепте орын алды. Ұрпақ тәрбиесін талқыға салған мұндай жиын ауданда бірінші рет болып жатқан жоқ. Осыған дейін бірнеше мектептерде өткізілді. Ата-аналармен өткізілген әр жиында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дінмұхамбед Қойториев, аталмыш бөлім бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Ануар Мамытбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрмановтар қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан өрескел қылықтар мен жаға ұстатарлық былықтардың алдын алу жайын сөз етті. Жуырда ғана Шу қаласындағы екі мектептің оқушылары арасындағы текетірестің салдары бірнеше құқық бұзушылыққа апарып, жасөспірімдердің жүгенсіз кеткендігін әшкереледі. Екі мектептің оқушылары төбелес кезінде суық қарудың түр-түрін бір-біріне кезеніп, түрлі жарақаттар алған. Осы жағдайда оқыс оқиға орын алып, адам шығыны болса, опық жеп, аһ ұрар едік. Бұл сала мамандарына да, балаға жауапты ата-аналарға да сабақ болуы тиіс.
Қазіргі күні әлеуметтік желілердің әлеміне еніп, адам шошырлық істерге ауыз салып, басына құрық салдыруға көнбейтін жастар түбінде өкінбес үшін тәрбиенің тізгінін қолға алуымыз қажет. Соны алға тартқан құқық қорғау қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер еліктеушілікке бой алдырып, “Слова пацана” атты ресейлік сериалға елітіп, жаман әдеттерге бой алдырып жатқанын атап өтті. Зорлық-зомбылықты насихаттайтын сериал жастар арасында кеңінен насихатталып үлгерген. Біз мұндай сериалдарды түбімен жойып жібере алмайтынымызды, бұдан да басқа жат қылықтарға жетелейтін жұқсыз видеоларды жеткіншектер интернеттен көруге тегін қол жеткізетінін айтты. Сондықтан да тыйым шаралары мықты тәрбиемен қатар жүруге тиіс. Мектептерде зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, психологтар оқушылармен сөйлесіп, осы және басқа кинолар, зорлық-зомбылық туралы не ойлайтынын біліп, егер бұзақылықты қолдаса, жағымсыз кейіпкерлерді үлгі-өнеге тұтса, қарсы дәйектемелер келтіріп, айнытуға тырысуы, дұрыс жолды көрсетуі керек.
Міне, осындай тамырымызға балта шабар бейәдеп әрекеттердің жолын кесіп, өскелең ұрпақтың ойлы, саналы болуы үшін қоғам болып жұмылуымыз керек. Осы тұста тағы да хакім Абайдың мына бір өсиетін алға тартсақ, “Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады”. Шын мәнінде бәрі ақылды болып туылмайтыны ақиқат, десе де ақыл айтар алдыңғы толқынға құлақ асса, жаман болмайды. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев “Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деп бекер айтпаған. Ел болашағын ойласақ, ұрпақты тура жолға салып, тәрбиенің тізгінін тарта ұстап, кемел ұрпақ қалыптастыруға атсалысайық!
Айғаным Асқарбек.