ОҚУШЫ ТӘРБИЕСІ – баршаға ортақ мәселе
Аудандық «Шу өңірі» газетінің өткен жылдың 9 желтоқсанындағы №98 санында журналист Д.Батырхаированың «Балалардың бұзақылыққа баруына ата-аналар да жауапты» атты мақаласы жарық көрген. Аталған мақалада Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейінде аудан әкімдігі, прокуратура, полиция бөлімі, білім бөлімі және ұстаздар мен ата-аналардың қатысуымен өткен жиынның күн тәртібіндегі мәселелері туралы айтылып, өскелең ұрпақтың, оның ішінде мектеп оқушыларының тәлім-тәрбиесіне қатысты ұтымды талдаулар айтылған.
Дәл осы мақала облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аталып, өңір басшысы ондағы түйткілді мәселелерді талдап, шешу бойынша тапсырма берген болатын. Иә, расымен де журналист мәселені орынды көтеріп отыр. Бұл түйткілдің бүгінгі таңда өте өзекті болып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі кезде ересектерді былай қойғанда, мектеп жасындағы оқушылардың арасындағы атыс-шабыс, топ болып төбелесу сынды келеңсіз жайттар күнара болмаса да жиі орын алып жататынын ашық айтуымыз қажет. Бұл – білім ошақтарындағы қауіпсіздік шаралары, оқушылардың тәртібі мен оларды үнемі бақылауда ұстау сынды маңызды мәселелердің әлі де болса өзектілігін жоғалта қоймағанын анық аңғартып отыр. Сол себепті де бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң түрде бақылауға алу шаралары қолға алынуда.
Мәселен, өткен жылы аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі 18 комиссия отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарында ата-аналық міндеттерін тиісті түрде орындамау, қиын өмірлік жағдайдағы көпбалалы және жалғызбасты ата-аналарға көмек көрсету секілді мәселелер қаралды. Одан бөлек, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап көмекке мұқтаж 10 отбасының үйіне комиссия мүшелері тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы М.Мақатаев атындағы орта мектебінде, Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейінде, Жібек жолы мектеп-лицейінде, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде аудандық полиция бөлімінің, аудандық білім бөлімінің басшылары, аудан әкімінің орынбасары және ұстаздар мен ата-аналардың қатысуымен арнайы жиындар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мектеп оқушыларының тәрбиесіне қатысты қолға алынып жатқан жұмыстар алдағы уақытта одан әрі жанданып, нақты іс-шаралар легі атқарылатын болады.
Әлбетте, кез келген ата-ана баласын жаман болсын демейді. Отбасы, ошақ қасында балаларына жақсы тәрбие беріп, дұрыс көзқараста өсіреді. Дейтұрғанмен «қызым үйде, қылығы түзде» деген тәлімді тұжырымды естен шығармаған жөн. Өйткені, кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы қылмыстың барлығы дерлік сыртта, өзі араласатын ортада, түнгі уақыттарда орын алып жатады. Сондықтан да дәл осы түйткілдің түйінін тарқатуға құзырлы органдармен қатар ата-аналар да жауапты болып, мейлінше көмек қолын созғаны жөн.
Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
аудан әкімі.