Ақпараттық портал

АУДАНДА ЭЛЕКТРОВОЗ ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫН САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Біздің өңір үшін инвестиция сөзі таңсық емес. Дүниежүзілік тәжірибеде ел тұрғындарының ресурсын үнемдеу үшін жекеменшік тараптардан осылай инвестиция тарту ісі кең таралған әдіс. Ол бір жағынан мемлекеттің жауапкершілігін сәл жеңілдетсе, екінші бір жағынан жаңа инвестиция көзі ретінде жеке адамның табысын еселей түспек. Түптеп келгенде, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар түгенделіп, өңірлердегі кәсіпкерліктің тынысы біршама ашылады. Оған қоса, бұның оңтайлы әдіс екенін байқап, халыққа керекті нысандарды ашуға ниетті кәсіп иелерінің де үлесі арта түсері анық.

Мемлекеттік қазынаның қарымы жете бермейтін, әсіресе, шалғай аудандардағы әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту тәжірибесі бұрыннан бар. Осы бағыттағы жұмыстар аясында еліміздің, оның ішінде Әулиеата өңірінің түкпір-түкпірінде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұған соңғы жылдары облысымыздағы қарқынды түрде дамып келе жатқан аудандардан бірқатар мысалдар келтіруге болады. Одан бөлек, кейінгі жылдары өзіміздің ауданда да бұл бағытта жүзеге аса бастаған жобалардың аясы мен арнасы артып, өз өнеркәсібін өркендету мақсатында ауданымызға атбасын бұратын инвесторлардың саны көбейіп келеді. Олардың қатарында отандық кәсіпкерлерден бөлек, шетелдік инвесторлар да бар. Мәселен, өткен аптада ғана аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауданымызға арнайы келген «Alstom Kazakhstan» ЖШС-нің өкілдерімен кездесіп, инвесторлардың қолға алуға ниетті жобаларымен танысып, жан-жақты талқыға салды.
Ауданымызда электровоз құрастыру зауытын салуды көздеп отырған серіктестік осыдан біршама уақыт бұрын дәл осы мақсатта аудан басшылығымен келіссөздер жүргізген болатын. Енді, міне, араға уақыт салып аталған серіктестік өкілдері Шу қаласынан құрылысқа қажетті жерді өз қаржыларына сатып алып, толық заңдастырған. Ендігі кезекте мұндағы инфрақұрылым жұмыстарын біршама реттеу ғана қалған. Басқосу барысында аудан басшысы мен тиісті бөлім басшылары және серіктестік өкілдері дәл осы мәселенің төңірегінде бірқатар келіссөздер жүргізді. Дәлірек айтқанда, заңдастырылған жерге табиғи газ, су, жарық және байланыс тарту мәселесі кеңінен талқыланды.
Серіктестік өкілдерінің айтуынша, жалпы құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын зауыттың құрылысы жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың соңғы тоқсанында басталып, келесі жылы толық аяқталады деп күтілуде. Аталған жоба жүзеге асып, толық қуатында жұмыс істей бастағанда 60-тан аса тұрақты жұмыс орындары ашылмақ.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.